БАЛҚАШ АУДАНЫНДА ЗАҢДЫ БЕЛДЕН БАСҚАН МАС ЖҮРГІЗУШІ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 20.01.2022
Оқылды: 1550
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Балқаш ауданының патрульдік полицейлері Бақанас ауылында жүрісі күдік тудырған «Ауди-100» маркалы автокөлігін тоқтатып, құжаттарын тексеру кезінде көлік жүргізушісінің масаң күйде екенін анықтады. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаменті хабарлады.

Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес, көлік жүргізушісі масаң күйде көлік басқарған болып шықты.

- Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тексеру барысында 1984 жылы туған жүргізушінің 2019 жылы Балқаш аудандық сотының шешімімен 3 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды. Іс материалдары жинақталып, сот органдарының қарауына жолданады, - деді Балқаш аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Дәурен Құтпанов.

Полиция басшысының ақпараты бойынша, құқық бұзуға бейім жүргізуші тізгіндеген «Ауди-100» көлігі тәркіленіп, арнайы тұраққа тоғытылды. Іс бойынша сот шешімі шыққан соң көлік заңды иесіне табысталатын болады. Өз кезегінде полицейлер көлікті масаң күйде басқарудың заң тұрғысынан жауапкершілігі қатаңдатылғанын және жүргізуші мен оның жолаушыларының, сонымен қатар, өзгелердің өміріне қауіп тудыратынын ескертеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"