БЕЛГІСІЗ БІРЕУЛЕР 16 ЖАСТАҒЫ ҚЫЗҒА ҚОРЛЫҚ КӨРСЕТКЕН. ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?

Уақыты: 23.01.2022
Оқылды: 1350
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы облысында белгісіз біреулер 16 жастағы оқушы қызға қорлық көрсеткен. Мұнысымен қоймай олар бұл әрекеттерін бейнекамераға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Бойжеткеннің ата-анасы кінәлілердің жазалануын сұрап отыр.

Оқиға 16 жастағы Галинаның әлеуметтік желі арқылы танысқан екі қызбен өзен маңында кездесуінен басталған. Оның айтуынша, қыздар осы жерде бойжеткенді ұрып-соғып, зорлық-зомбылық көрсететін екі жігітті шақыртқан. Галинаның айтуынша, қос бойжеткен өзін сырттай бақылап жүрген. Кездесу кезінде ештеңе түсіндірместен жұдырық ала жүгірген. Басынан ұрып, денесінің сау-тамтығын қалдырмаған.

"Олар маған ауылда өздері туралы қауесет тараттың деп сес көрсетті. Біздің нашақор екенімізді, есірткі қолданатынымызды кімге айттың деп ұра бастады. Мен оларды мүлде танымаймын да. Әлеуметтік желіде кездесу туралы жазғанда да қоқан-лоққы көрсетті", - дейді оқушы қыз.

Бойжеткен қорланғаны жайлы алғашында үйдегілерге тіс жармаған. Үш күннен соң әлгі қыздар оны қайта соққыға жыққан. Киімін шешіп мазардың ішімен ары-бері жүгіруін бұйырған. Сорақысы сол, бұл қылықтарын видеоға түсіріп, желіге жүктеген.

"Қызым үйге көк ала қойдай боп келді. Мұрны сынған. Беті-аузы ісіп кеткен. Алғашында не болғанын сұрағанымда айтпай қойды. Кейін мән жәйді түсіндірді. Бірден полиция шақырдым. Біз зорлық көрсеткен екі жігіттің де оларды видеоға түсірген достарының да әділ жазалануын сұраймыз", - дейді бойжеткеннің анасы Надежда Тыркова.

Полиция департаменті іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. "Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 123-бабы 2-тармағымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда істің мән-жайын анықтау мақсатында, тиісті сараптамалар тағайындалып тергеу амалдары жүріп жатыр", - деді Алматы облысы полиция департаменті өкілдері "Астана" телеарнасына берген сұхбатында.

Кінәлілер бұл бап бойынша 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"