АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БЫЛТЫР 11 АДАМ ӨЗ-ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАҒАН. БҰҒАН КІМ КІНӘЛІ?

Уақыты: 25.01.2022
Оқылды: 1288
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Өзіне-өзі қол салатындар көрсеткіші бойынша әлемдегі мемлекеттерді таразыға салсақ, біздің еліміздің салмағы көбісінен басымырақ. Әр жылдың соңында шығарылатын суицид бойынша әлемдік тізімде алғашқы ондықта болсақ, Орта Азия елдері ішінде үштікке кіреміз. Ойланатын қасіретті жағдай.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жасаған статистикасында жыл сайын безгек және сүт безі қатерлі ісігі, тіпті, соғыс пен кісі қолынан қаза табатындар санынан гөрі өзіне-өзі қол жұмсағандар көп. Еліміздегі жағдай кейінгі жылдармен салыстырғанда аса өзгермеді. Оған статистика дәлел. Мәселен, 2017 жылы – 3644 адам, 2018 жылы – 3542, 2019 жылы – 3805, 2020 – 3526 адам болса, 2021 жылдың 10 айында 3353 жан суицид жасаған.

Былтырғы жылдың алты айындағы статистиканы айтқан Алматы облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қайсар Мұхметов:

– Былтырғы жылдың жарты жылдығында 11 өзіне-өзі қол жұмсау фактісі тіркелді. Ең көбі Кербұлақ (4) пен Іле (3) аудандарында, – деді.

Аталған фактінің ішінде бір мектептің өзінен бірнеше оқушының суицид жасағаны бар. Жалпы, осы бағытта ҚР Білім және ғылым министрлігі суицидтің алдын алу мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтқан. Оқушылармен мектепте психологтар жұмыс істеуді бастады. Осы орайда отбасылық психолог Мөлдір Болатқызы:

– Жастар арасындағы суицид бойынша елімізде біздің облыс алдыңғы қатарда тұр. Әсіресе, 30 жасқа толмағандардың өз-өзіне қол жұмсауы – өзін керексіз сезіну, қоғамда өз орнын таппаудан. Көптеген жастар мен жасөспірімдерімізде проблема болса, ол жеке бастан аспай қалып қояды және өзін жалғыз сезінеді. Ол кезде психологтармен жұмыс істеген дұрыс. Жастар арасында тез ақша тауып, жылдам олжаға кенелу жолдарын қарастырғандар осындай қадамдарға барып жатады. Бір қызығы, карантин кезінде суицид азайған. Ол кезде ата-аналар балалармен жиі үйде болып, отбасындағы қарым-қатынас нығайған. Суицидтің алдын алу үшін кез келген жан психологиялық сауаттылығын арттыру керек деп ойлаймын, – дейді.

Бүгінде Мөлдір ханым қызмет атқаратын Талдықорғандағы «Демеу» орталығында балаларға арналған психологиялық түзету-дамыту топтары ашылып, жұмысын істеп жатыр.

Былтыр «Шеврон» компаниясының серіктесі Qolda бағдарламасының қатысушысы – «Жанұя» отбасын қолдау орталығы» қоғамдық қоры Іле ауданына қарасты 48 орта мектеп пен 2 колледж оқушыларына психологиялық тестілеу жүргізді және оның қорытындысын жариялаған Халима Тәжіқұл:

– Қорытынды дабыл қағатын деңгейде. Психологиялық тестілеуден өткен 10 мыңнан астам баланың 232-сі (2,26 пайыз) – жоғары тәуекел аймағына, 3451-і (33,57 пайыз) – жасырын тәуекел аймағына жатқызылған. Психологтар тіліндегі бұл тіркесті қарапайым қалыппен жеткізсек,бұл балалар суицид жасауы мүмкін екен, – деді.

Бүгінде әр мектеп психологтармен жұмыс істейді. Кербұлақ ауданындағы оқушылар өлімі де көпке сабақ. Ал сол аудандағы Қоянкөз ауылындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Төлеген Әбдіманап:

– Бүгінде мектебімізде арнайы психологтар оқушылармен жұмыс істейді. Олар балалардың жан-жақты психологиялық сауатты болуын, сын сәтте осалдық танытпауға үйретеді, – дейді.

Танымал әлеуметтанушы Эмиль Дюркгеймен: «Қоғаммен қарым-қатынасы әлсіреген және адам бойындағы ахлақ пен құндылық жойылған жерде суицид көбейеді», – деп қорытындылған. Бұл сөзбен де келісуге болады. Қоғаммен халық арасындағы алшақтықты да, адамның рухани төмендегенін де байқап, көріп жүрміз. Суицидтің алдын алу мақсатында ислам дінін бойына сіңіріп, психологиялық дәрісті үйренгенімен, қосымша бала тәрбиесіне баса назар аудару керек. Қазақтың «Тәрбие – тал бесіктен» дейтіні де осы. Ата-ананың жылуын, туысқандардың ықыласын көріп өскен баланың келешекте кемелдене түсетіні хақ.

Исламдағы көзқарас бойынша, өзіне-өзі қол салу – ауыр күнәләрдің бірі. Сақи дүниеде қиындықтан құтылғанмен бақи ғұмырда Жаратушының қаһарына ұшырамақ. Осы турасында Талдықорғандағы «Иман» мешітінің бас имамы Алмас Данағұловпен тілдескенімізде:

– Алланың адамға берген үлкен сыйы – өмір. Өмір сынақ болғаннан кейін қиындығы мен қуанышы қатар жүреді.  Кей жандар осы өмірдің кішкене қиындығына төтеп бере алмай, «бар тығырықтан шығудың жолы осы» деп өз-өзіне қол жұмсап жатады. Құранда «өз-өздеріңе зұлымдық жасамаңдар» десе, Пайғамбарымыздың өсиетінде «Кімде-кім өз өмірін немен үзсе, ақыретте сонымен азапталады» дейді. Негізінде Алла Тағала адамды әртүрлі жолмен, қиындықтармен сынайды және әр сынақтан шығудың жолын да жөндеп сабырмен қараса көрсетіп береді. Өмір – күрес, –  деп түйді.

Рас, Алла Тағала: «...Және де өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге мейірбан ғой. Ал кімде-кім дұшпандықпен, зұлымдықпен солай істейтін болса, біз оны тозақта өртейміз. Олай ету Алла үшін оңай» (Ниса, 29, 30), – дейді. Бұдан шығатын түйін: бұл өмірде тығырықтан шығудың жолы саналып, тән құрбан болғанымен о дүниеде жан азабы, сұрауы да көп болмақ. Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с) былай дейді: «Сендердің біреулерің өзіне өлім тілемесін. Бәлкім, егер ол жақсы пенде болса, ұзақ өмір сүріп, жақсылығы көбейе түсер, сөйтіп, (өмір) ол үшін жақсы болар. Бәлкім, егер жаман адам болса, жамандығынан қайтарылар» (Нәсәи риуаят еткен). Яғни, сынақты беруші Алла және оның жолын көрсетіп, бағыт беруші де Жаратқан. Таразылап көріңіз.

Ал материалымыздың түйінін Майлықожаның айтқанымен қорытындыласақ:

Адамның күні бар ма сыналмаған, 
Бақ тайса мал менен бас құралмаған.
Күніне тоқсан түрлі көрсең пәле,
Сонда да күдер үзбе бір Алладан!

Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы