МАСАҚ ПЕН ТАСҚАРАСУ АУЫЛЫНЫҢ ЕКІ ТҰРҒЫНЫ "СУЛПАКТЫ" ТОНАҒАН

Уақыты: 06.02.2022
Оқылды: 1688
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде кейбір азаматтар қараусыз қалған дүкендер мен сауда орталықтарына шабуыл жасап, ұрлыққа түскен. Осы азаматтарды анықтау жұмысы әлі де жалғасуда.

«Ұйғыр аудандық полиция қызметкерлері жедел іс-шара өткізді. Жедел іс-шара жүргізу барысында Тасқарасу және Еңбекшіқазақ ауданы Масақ ауылдарының 30-35 жас шамасындағы тұрғындары ұсталды. Бұл азаматтар 2022 жылы қаңтар айының 7 күні Алматы қаласында орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде Сүйінбай даңғылының бойында орналасқан "SULPAK" сауда үйінен әртүрлі тұрмыстық техника заттарын жасырын түрде ұрлағаны анықталып, қазіргі уақытта аталған тұрмыстық техникалық заттар айғақзат ретінде тәркіленіп алынды», - деді Ұйғыр аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Айдын Тастанбеков.

Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды, күдіктілер істеген қылмысын толықтай мойындап, қамауға алынды.

Полиция өкілдері осындай құқықбұзушылық іс-әрекеттерін байқаған жағдайда дереу 102 телефонына хабарласуды сұрайды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"