ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНЫҢ НЕГІЗГІ СЕБЕБІ - ӘЛЕУМЕТТІК ТЕҢСІЗДІК, ҚЫМБАТШЫЛЫҚ

Уақыты: 15.02.2022
Оқылды: 1847
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ғасырлар бойы аңсаған елдіктің қадірін күнтізбелік жаңа жыл басталғалы бері жете түсінгендейміз. Тәуелсіздікке ие болу қаншалықты қиын болса, оны сақтап қалу одан да қиын екеніне Қасіретті қаңтар көзімізді тағы бір мәрте анық жеткізді. Тереңіне ой жүгірте отырып үңілер болсақ, бардың қадірін жете бағалай алмай келгенге ұқсаймыз.

Азаттықтың қадір-қасиетін қанша айтқанмен жүрекпен сезіну жағы кемшін соққанын елдегі жаппай тәртіпсіздіктің қалың ортасында жүрген жастар көрсетіп берді. Иә, «біз тәуелсіз елде тұрамыз, бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз» деген масаттануды көп айтқанымызбен, оны құрғақ сөзге айналдырып алған жоқпыз ба, өзі? Егер бізде бәрі жақсы болса, оның қалтарысында қалған қаншама мәселелер жылдар бойы шешілмеген күйінде қалып келгені шымбайға батады.

Мемлекет тұтастығына қауіп төндірген Қаңтар оқиғасының басталуына, одан әрі өршуіне негізгі себепкер болған жайт – әлеуметтік теңсіздік. Қымбатшылыққа байланысты басталған бейбіт шеруді жат пиғылды арандатушылар, кейіннен белгілі болғандай, лаңкес содырлар өз мақсатына пайдаланып кеткені осыны көрсетеді. Әйтпесе, өз Отанын сүйген адам мұндай бассыздыққа бармас болар?! Ел басына күн туғанда ел мен жерді қасық қанын аямай қорғауға тиіс ер-азамат өз елінде бұлай ойран салмайды. Бойында патриоттық сезімі алаулап тұрса, көшеде кездескен әлдекімнің жетегіне оңайшылықпен еріп кетпейді.

Сол күндері ел арасын, расымен, үрей биледі. Өңірлерде, әсіресе, Алматыда күтпеген жерден атыс-шабыс басталып кетті. Бәрін теледидардан көріп-біліп отырдық. Еліміздің амандығын, жұртымыздың тыныштығын тіледік. Қаладағы балаларымызға, туған-туыс, жегжат-жұрағат, таныс-біліс адамдарға алаңдадық. Бұрқ ете қалған жаппай тәртіпсіздіктердің кесірінен бейбіт халық зардап шекті.

Алматының қақ ортасындағы қала әкімдігі орналасқан тарихи ғимараттың отқа орануы көз алдымызға соғыстың сұрқия көрінісін әкелді. Күні бұрын дайындалған лаңкестер ойында бөтен пиғылы жоқ жастарды еліктіріп, соңынан ертіп, тәртіп сақшыларына қарсы айдап салды. Олар тәртіп орнатуға жіберілген сарбаздарды аяусыз ұрып-соғып, өлтіріп, онымен қоймай, жан түршігерлік жауыздыққа барғаны не деген сұмдық?! Мұндай аса ауыр қылмыс барып тұрған қаражүрек қаныпезердің ғана қолынан келсе керек. Қаруын шошаңдатқан қанішерлердің қарауылына қаншама жазықсыз жастарымыз ілінгені әлі күнге беймәлім.

Осындай бүлікті ұйымдастырушылардың көздегені мемлекеттік төңкеріс жасап, тәуелсіздігімізді тұғырынан тайдыру екен. Алайда арам пиғылдары іске аспады. Ел басына күн туған сәтте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дер кезінде қажетті шараларды жүзеге асырып, жедел шешімдер қабылдады. Мемлекеттің тұтастығы, елдің амандығы үшін дұрыс қадам жасады. Осындай сын сағатта елмен бірге бейбіт халықтың өміріне кепіл болған Президенттің шешімдерін қолдаймыз. Еліміздің, жеріміздің қаншалықты қымбат екенін жүрегімізбен сезіне отырып, бұл оқиғаның осал тұстарымызды көрсетіп бергеніне де көзіміз жетті. Қасым-Жомарт Кемелұлының «Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» тақырыбында және одан кейінгі түрлі жиындардағы сөздері мен берген тиісті тапсырмалары халықтың еңсесін көтеріп, болашаққа деген сенімін оятты.

Айтпақшы, сол күндері «Ел аман, жұрт тыныш болсын» деген тілеу көп айтылды. Осынау бір-ақ ауыз сөзде қаншама мән-мағына, арман-тілек жатыр десеңізші?! Иә, дәл солай: еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Рәтбек ТЕРЛІКБАЕВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Жамбыл ауданы

Алматы облысы