АЛАЯҚ МАЛШЫ. ПОЛИЦИЯ ӨКІЛДЕРІ ТАҒЫ БІР ҚЫЛМЫСКЕРДІҢ ІСІН ӘШКЕРЕ ЕТТІ

Уақыты: 16.02.2022
Оқылды: 1468
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ескелді ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғындардан Текелі қаласының 33 жастағы тұрғыны сеніп тапсырылған 64 бас ұсақ мал мен 12 бас жылқыны қолды еткені туралы хабарлама келіп түсті. Қазіргі уақытта басқа да зардап шеккен адамдарды анықтау үшін тексеру шаралары жүргізілуде.

- Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Ескелді ауданының полиция қызметкерлері 33 жастағы күдіктінің тұрған жерін анықтап, оны полицияға жеткізді. Аталған азамат өзінің кінәсін толық мойындады. Сонымен қатар, тергеу барысында күдіктінің аудан тұрғындарының сеніміне кіріп, жоқ малды сатып, 1 млн.365 мың теңге көлемінде залал келтіргені туралы факті белгілі болды, - деп хабарлады Ескелді ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Нұржан Сейсембеков.

Зардап шеккендердің үшеуі де бірнеше жыл бойы ай сайын күдіктіге мал жайғаны үшін төлем жасаған. Олар күдіктінің құрбаны болғанын білгеннен кейін іздеу салған, еш нәтиже болмай, полицияға бірге арызданған.

- Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-190-баптары бойынша екі қылмыстық іс, яғни, сеніп тапсырылған мүлікті ысырап ету және алаяқтық бойынша қозғалды. Қазіргі уақытта күдіктінің басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтау бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты, егер сіз аталған азаматтың құрбаны болсаңыз, дереу Ескелді ауданының полициясына хабарласыңыз немесе 102 нөміріне қоңырау шалыңыз, - деп толықтырды подполковник Сейсембеков.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"