БҮЛІК КЕЗІНДЕ ТОНАУМЕН АЙНАЛЫСҚАН КҮДІКТІЛЕР ШЕТІНЕН ҰСТАЛЫП ЖАТЫР

Уақыты: 16.02.2022
Оқылды: 1232
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қарасай ауданында Қаңтардағы дүрбелеңде "Апорт" сауда орталығында ұялы телефондарды қолды қылған жергілікті тұрғын ұсталды. Бұрын сотталған азаматтан бағасы қымбат 12 смартфон мен 4 планшет айғақзат ретінде тәркіленді.

Қарасай ауданы бойынша қазіргі таңда тонау дерегі бойынша 20 күдікті анықталып, олардан 200-ден астам тұрмыстық және компьютерлік техника табылды. Қаңтар оқиғасына қатысы бар азаматтарды анықтау мақсатында ауданда кешенді шаралар жалғасып жатыр. Бейнебақылау камераларындағы жазбалар қаралып, куәгерлерден түсініктеме жинастырылуда.

- Күдіктілер қолды қылған заттар иелеріне қайтарылды. Аудан аумағында тонау деректерін анықтау бойынша кешенді шаралар әлі жүріп жатыр. Барлық іс-қимыл аудандық және облыстық полиция департаменті басшыларының тікелей қадағалауында, - деді Қарасай аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Серік Тұрпанбаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"