БІЗДІҢ МҰҢ-ЗАРЫМЫЗДЫ ЕСТИТІН МЕМЛЕКЕТ БАР МА? - САЯЖАЙ ТҰРҒЫНДАРЫ

Уақыты: 21.02.2022
Оқылды: 1560
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қыста мүлгіген тыныштық орнап, жаздай бау-бақшаның көрігі қызатын саяжайлардың қалаға ағылған ағайынның құтты қонысына айналғалы біраз жылдардың жүзі болды. Бастапқыда баспана ретінде бір-екі бөлмелі үйі бар саяжайды сатып алғанына қуанған қандастардың уақыт өте келе оны үлкейтіп немесе қайта үй салып, қарашаңырақ  жасап алғаны қаншама?! Сөйтіп, саяжай – талайлардың жанға жай мекеніне айналғанымен, ондағы түйткілді мәселелердің түйіні әлі күнге дейін тарқатылмай келеді. «Біздің мұң-зарымызды еститін мемлекет бар ма?» дейтін халықтың «Жаңа Қазақстаннан» күтер үміті зор.

***

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Кеңдала ауылдық округіндегі жалпы халықтың саны осы күні  14109 адамды құрайды. Жер көлемі де осы шамалас. Ал өткен жылғы халық санағының алғашқы кезеңінде аталған округте 60 мың халық бары анықталған. Яғни, аудандағы ең үлкен елді мекен десек болады. Құрамына Кеңдала, Ақдала, Ақтас және Еңбекші ауылдары кіреді. Сондай-ақ, ауылдық округ аумағында 77 саяжай серіктестігі орналасқандығы жөнінде №36 орта мектепте өткен ел алдындағы есеп беруінде Кеңдала ауылдық округінің әкімі Алмас Өмірзақов баян етті. Өзі басшылық ететін ауылдың жай-күйін бес саусақтай білетін Алмас Нұрдәулетұлы Ақтас ауылы және саяжай тұрғындарымен кездесуде әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту барысында атқарылған жұмыстар жайын тарқатты. Ауылдық округке жыл басында бюджеттен бөлінген қаражат көлемі 99 млн. 489 мың теңгені құрап, оның 99 пайызы игерілгендігін айтты.

Кеңдала ауылдық округінде негізінен тас-құм өндіретін зауыттар жұмыс жасайды. Атап айтсақ, «Асфальтобетон», «Өзентас», «Береке тарту», «Сырат» «Омега» ЖШС-нің жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, Еңбекші ауылындағы «Вектор Строй Монтаж» ЖШС өз жұмысын бастаған.

Халыққа қызмет көрсету саласында барлығы 88 нысан тіркелген, онда 162 адам жұмыспен қамтылған. Сауда нысандары – 50, халыққа қызмет көрсету нысандарының саны – 26, бұған қоса 12 қоғамдық тамақтандыру орны жұмыс істеуде. Тіркелген шаруашылық құрылымдарының саны – 267 бірлік.

- Кеңдала округінде демографиялық өсім жылдан-жылға артып келеді. 2018 жылы көпбалалы отбасылар саны 573 болса, өткен жылы 1415-ке артты. Бұл қуанарлық жағдай. Олардың ішінде 107-сі атаулы әлеуметтік көмек алады, – деді ауыл әкімі Алмас Өмірзақов.

Ауыл арасында жолдар мен жарықтандыру жұмыстары жалғасуда. Десе де, ақтастықтар үшін ең басты мәселе көпқабатты үйлерді орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосу, кәріз құбырын жүргізу, трансформатор қою болса, саяжайлық тұрғындар үшін ауыл статусын алу сан жылдан бері арманға айналған. Сонымен қатар, интернет сапасы да сын көтермейтіндігі тілге тиек болды.

***

Кеңдала ауылдық округі аумағындағы 77 саяжай тұрғындарының мұң-зары ортақ. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегендей, жарық пен су жекеліктің иелігінде болғандықтан қымбатшылықтан көз ашпайтындықтарына ашынуда.

- Біздің қоныстанғанымызға 18 жыл болды. Ауылдан қала жағалап келгендердің көбі осы саяжайларға тұрақтап қалды ғой. Мұндағы тұрғындардың дені көпбалалы отбасылар, жалғызіліктілері де бар. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік жағдайлары төмен жандар өмір сүруде. Неге десеңіз, тапқанымыз жылтырап киінбек түгілі, жарып ас ішуге жетпейді. Саяжайдағы жарық, су дегендердің барлығы жекеліктің қолында. Олардың тарифі удай қымбат. Мысалы, тек жарық пен су үшін айына 15-20 мың теңге төлейміз. «Бұл қалай?» деп саяжай төрағасынан сұрасақ, адам нанғысыз есеп-қисапты тізіп көрсетеді. Менің де бухгалтерлік сауатым бар. Неше жылдан бері айтысып-тартысып келемін, ақиқатына жете алмай жүрмін. Бұлар қарапайым тұрғындардың қалтасын тесіп болды. Жолға, электр бағанына, сымға, әйтеуір бітпейтін сан мыңдап ақша жинаудан көз ашпай келеміз. Одан еш нәтиже жоқ. Жарыққа жарыған емеспіз. Кешкі мезгілде ала көлеңкеде отырамыз, кір мәшинем аптасына бір-ақ рет қосылады. Тағы бір жанға бататын жағдай – мұнда тұрып жатқан зейнеткерлерге, мүгедек, жалғызбасты немесе асыраушысы жоқ жандарға мемлекеттік жеңілдіктердің бірде-бірі жасалмайды. Суға, жарыққа төленетін тариф бәріне ортақ. Мысалы, судың бағасы шаршы метріне – 350 теңгеден болса, олар да осы бағада төлейді. Ал олардың арасында айлығы шайлығына жетпейтіндер, тіпті, жұмыссыз жүргендер де жетіп-артылады, – деп күйінеді «Медик» саяжайының тұрғыны Ләйлә Жылғабекова.

- Саяжайда жазғы маусымда келіп, кететін басқа ұлт өкілдері бар. Ал жыл он екі ай тұрып жатқан негізінен өзге емес, өз бауырларымыз. Олардың арасында пәтер жалдап тұрып жатқандар да жетерлік. Себебі, қалаға қарағанда жалдау құны арзандау. Бірақ, қысқы отын-су да оңайға соқпайды. Саяжайға газ келді дегенде төбеміз көкке жеткендей қуанған едік. Қосылу құнының қымбаттығы қуанышымызды су сепкендей басты. Мысалы, мен жеке кәсіпкер болғандығым үшін, қосылу құны 480 мың теңге емес, 900 мың теңге төлеу қажеттігін естігенімде есім ауды. Мұндай қаражатты қайдан табамын? Кәсібімнің түрі – осы маңайдағы тұрғындар түсетін кішігірім монша ғана. Одан жазғы маусымда түсер пайда шамалы. Орташа табыс көзі – 300 мың теңге болса, оның жартысына жуығы жаққан отын, көмір, су, жарықтың шығынына жұмсалады да, қалған жартысына үш балам, мүгедек күйеуім бар, бесеуміз күнімізді көреміз, – деген Ләйләның зары саяжай тұрғындарының қай-қайсының да ішінде тұншығып жатқанын түсіну қиынға соқпасы анық.

***

«Медик» саяжайындағы үй-күйі болмай, пәтер жалдап жүрген жандардың бірі – Ербол Байсейітов. Отызды орталаған азаматтың үш жыл бұрын зайыбы ауыр науқастан көз жұмып, үш баласы анасыз қалған екен. Саяжайды жағалап жүргеніне сегіз жылға жуықтапты. Жалға алынған техниканы жөндеу орталығында көліктердің дөңгелегін жасаумен айналысатын азаматқа бүгінгі күні жұмыс беруші қарайласып, тегін жатын орын сайлап берген көрінеді. Балалардың үлкені – 9 жаста, ортаншысы – 7 жаста, ал кішісі – 5 жаста. Оларды әпкесі қарап жатқанын айтқан жалғызбасты әке қызы мен ұлдары демалысқа шығысымен өзіне асығатынын айтты. Бұл отбасыға көршілері де қарайласып, қолұшын беруден айнымаған. Осылайша тұрақты айлығы жоқ Ербол да ел қатарлы күндік табыс тауып, күнін көруде. Алдағы арманы – үш баласын бауырына алып, бірге өмір сүру.

Кеңдалада отбасы мүшелерімен тіркеуде тұратын Ербол Сарқытбайұлы баспана кезегіне тұра алмағандығын жеткізді. Бір қызығы, саяжай тұрғындарын «қайда барсақ та, не айтсақ та қаржыға тіреледі ғой» деген ой меңзеп алған.

Он алты жылдан бері саяжайды мекен еткен бес баланың анасы Жәмила Алжанова да жұмыссыздар қатарында. Отағасы денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыз болғанымен, ешқандай медициналық мекемеге тіркелмеген. Әзірге көпбалалы отбасын асырау жалғыз Жәмиланың мойнында. Бір отбасындағы 7 адам балаларға төленетін 58 мың теңге жәрдемақыға қарап отырмас үшін, бес баланың анасы асханаларда бас даяшының көмекшісі болып еңбек етуде. Аптасына табатын 6 мың теңгені талғажау етуге көндіккен. Мойындарында 40 мың теңге несиелері бар отбасын асырау оңай емес.

– Төрт балам мектепке барады. Қыстан қысылмай шығу үшін 5 жарым тонна көмір жағамыз. Қазіргі уайымым – электр бағанына 38 мың теңге төлеу болып тұр. Оны төлемесе «қиып тастаймыз» деп қорқытады саяжай төрағасы. Жарықсыз қалсақ қалай тіршілік етеміз, – дейді көпбалалы ана.

«Бүркіт» саяжайынан қатынайтын балалардың мектепке барып келуі ата-аналарды сары уайымға салып келеді. Бір жарым шақырым жолды жаяулап жүретін оқушылар үшін қыстың аязы мен күз бен көктемнің жауын-шашыны оңайға соқпайды. Ал күрежолды бойлап жүгіретін балалар өміріне ата-аналармен қатар, ұстаздар мен әкімдік мамандары да алаңдаушылық білдіреді.

- Балаларды тасымалдау үшін ауыл мен мектеп арасы 3 шақырымнан кем болмау керек деген қағиданы қайта қарау керек шығар. Шын мәнінде, ертелі-кеш шұбап жүретін балалар үшін бәріміз алаңдап отырамыз, – деген жиында сөз алған ауыл әкімінің орынбасары Әйгерім Айтжанова.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ: сан жылдар бойы айтудан да, жазудан да жауыр болған саяжай мәселесіне мән беріліп, «ауыл» статусын алудың жолдарын қарастыруды Үкімет өз назарына алар деген үмітіміз бар. «Бөрі аштығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтып» дегендей, мұнда нағыз «жауға» жарасын білдірмес жандар тіршілік жасап, өмір сүруде. Олардың қазақ демографиясының өсуіне қосып отырған үлестері мол. Ал өсіп жатқан ұрпақтың ертеңгі күнінің де қиындықсыз болуына бүгіннен бастап жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеті!

Ұлбосын ИСАБЕК

Кеңдала ауылы,

Талғар ауданы

Алматы облысы