ЖАНАЙҚАЙ: ЖЕЛТОҚСАНШЫ ЛӘЗЗАТ АСАНОВАНЫҢ ЗИРАТЫН СУ БАСУ ҚАУПІ БАР

Уақыты: 27.02.2022
Оқылды: 1547
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Желтоқсан көтерілісінің құрбаны Ләззат Асанова жерленген қорымды су шайып жатыр.

«Ақымы ішіне түсіп кеткен. Аталарымыздың сүйегі көрініп жатыр. Ауылдың халқы амалдап, бетін шифермен, ағашпен жауып қойған. Жазда сел келетін болса, тағы шаяды», - дейді Ақжазық ауылының тұрғыны Ердос Бердаев.

Бұл - Панфилов ауданына қарасты Ақжазық ауылындағы жағдай. Зираттардың көбі бүлініп, топырағы опырылып, ортасына түскен. Тіпті, кейбірінің ақымдары да үңірейіп ашық жатыр. Ал бейіт басында адамның жамбас сүйегіне ұқсас сүйектер шашылып жатыр. Ауыл тұрғындары мұны су шайған молалардан жер бетіне қалқып шыққан марқұмдардың сүйегі деп болжайды.

«Бейітке жақын жерде, 30 метрде канал бар. Сол каналға жазда су келеді. Су шетінен шайып, каналды құлатып бітті. Тауға жауын қатты жауғанда сел басады да, сел арнаға сыймай осы бейіттің ішін аралап кетіп жатыр», - дейді Ақжазық ауылының тұрғыны Ердос Бердаев. «Әруақтар қор болды» деген ауыл тұрғындары шама-шарқы келгенше мазарды қоршап, су арнасын басқа жерге бұрған. Бірақ одан жағдай түзелмепті. Ал ауыл әкімі тұрғындардың бұл айтқанын толық растап отыр. Алайда өз бетімізше қорымды сақтау қолымыздан келмейді деп мойындады.

«Үлкен қаражат керек. Үлкен бөгет жасамаса, келешекте бейітті алып кетеді. Мына жерде ата-бабамыз жатыр ғой. Енді біз облыстық төтенше жағдайлар департаментіне жібергенбіз. Облыстық әкімшілік соны қарап, ақша бөлсе дейміз», - деді Көктал ауылдық округінің әкімі Бақыт Нұрелов.

Бұл зиратта 1986 жылы желтоқсаншы Ләззат Асанова жерленген. Әзірге оның бейіті аман. Дегенмен, шұғыл түрде ауыл әкімі айтқан үлкен бөгетті жасамаса, Ақжазық ауылында зираттар түгел жойылу қаупі бар. Бұл мәселені Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев назарға алды.

"ҚАЗАҚПАРАТ"