БІЗ ҚАШАН АДАЛ САУДАҒА ҮЙРЕНЕМІЗ? АЛЫПСАТАРЛЫҚ ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛДЫ?

Уақыты: 03.03.2022
Оқылды: 1705
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Тоқсаныншы жылдардың басында еліміз нарықтық экономикаға кірген тұста мерзімді баспасөз «Қазақтың қолынан сауда келе ме?» деген аса маңызды мәселені талқылағанын ешкім ұмыта қойған жоқ. Өмір бойы тұяқты малдың соңына түсіп, тіршіліктің тынысын таныған халқымыз арыс-берісті, барыс-келісті жаңа ұғынып, сауда-саттық атты саланы меңгеруге кіріскендей еді. Шындығында солай ма еді?!

Әлемдік тарихта «Ұлы Жібек жолы» деп аталған әйгілі керуен бағытының бойында жатқан қазақ халқы үшін сауда-саттық жат емес болатын. Бір басы Қытай теңізінен басталып, бір шеті Еуропаның түкпіріндегі Шотландия еліне дейін созылып жатқан сауда жолын бабаларымыздың ғасырлар бойы қорығаны, күзеткені анық. Шетелдік саудагерлердің мал-мүлкі мен жүк артылған керуендерінің аман-есен жеріне жетуіне көмегін тигізген кісілерге «Серік» деген атаудың берілгені бұған бұлтартпас айғақ. Ал айшылық алыс жолдарға керуен шығарған атақты байлар туралы тағылымды әңгіме кең-байтақ Қазақияның әрбір өңірінен табылады.

Сауда-саттықты кәсіп қылған жандардың бәрі де ең алдымен туған-туысының, жора-жолдасының, ауылдастарының, руластарының қамын алға қойып, жоқ-жітік пен мұқтаждың қажеттілігін өтейтін. Соның арқасында Ұлы Далада қайыр-садақа сұрау атаулы жоқ болатын. Бір ауылдың бетке ұстайтын азаматы аймақтағы елдің қажетін өтеп, жоғын жоқтайтын, мұңын мұңдайтын. Абайдың әкесі Құнанбайдың жас күнінде басына түскен аурудан айығуы үшін ауылдастарының бірлесе дұға-тілек жасауы - соның дәлелі. Ел ертеңі үшін жан қиюдан қашпайтын ұланының ғұмыр жасы ұзақ болуын етегіне бұршақ салып тілеушілердің тілегі қабыл болып, бір көзіне түскен ақтан өзге ауру-сырқауы қалмаған Құнанбай кейіннен көптің қамын жасап, сауыны жоққа түйе, бие, сиыр бергізгенін ел жақсы біледі.

Бұл бір ғана мысал. Егер әрбір ауылдың тарихына жетік азаматтардан сұрар болсақ асыл мұратты ту қылған көптеген жандардың тұлғасы асқақтай түседі. Кейіннен орыс басқыншылығы белең алған тұста сауда басқаша сипат алып, парақорлық деген бәле келді жылмиып. Содан басталған сыбайластықтың бүгінгі күні аса қауіпті дертке айналғаны - өмір шындығы. Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» романында айтылатын тілмәштің қарапайым қазақтың сөзін ұлыққа тәржімалап, шенеуніктің айтқанын бұрмалап жеткізгені үшін қой мен тоқты алғаны сөзімізге мысал.

Осылайша орыс отаршылары ойына келгенді істеп, қазаққа саудагерлікті жеккөрінішті етіп көрсетті. Аш пен жалаңаштың, жоқ-жітіктің қамын ойлағансып, тұяқты малды кәмпескелеп түгел тартып алған большевиктер сауда-саттыққа «алыпсатарлық» деген айдар тағып, қаралады. Соның кесірінен астыртын сауданың көрігі қызып, қолында билігі барлар елде жоқ тауарды алдымен иеленді. Кеңестер одағының тұсында қалыптасқан сауда-саттықтың жабайы түрі адал сауданы мансұқтап, көпшілікті алдап-арбауға үйретті. Таразыдан жеу, сапасыз өнімді өткізіп жіберу сынды жағымсыз әдеттерден арылу әлі күнге қиын болып тұр.

Ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан Республикасы өз алдына егемендігін жариялағаннан бастап жүрген жекешелендіру саясаты көптеген кәсіпорындардың тұралауына, өндірістің тоқтауына жеткізгені белгілі. Қолында қаржысы барлар табысты өндіріс орындарын сатып алып, өз алдына отау тігіп жатты. Мұның ақыры мұнай, газ, көмір, алтын, уран сынды аса маңызды кен орындарын жекеменшіктің еншілеуіне апарды. Қазір кең-байтақ Қазақстанның әрбір өңірінде негізгі табыс көзіне айналып отырған мекемелерге шетелдік инвесторлар немесе аттары айтылмайтын алпауыт кәсіпкерлер иелік етеді. Ондай майшелпектің үстінде отырғандар қарапайым халықтың жағдайымен санасудың орнына өз білгенімен жүріп, отандық өнімнің бағасын күн аралатып өсіруге құмар.

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы тұрғындарының газ бағасының өсуіне қарсылық ретінде бейбіт митингке шығуы күллі республиканы дүр сілкіндіргенін бәріміз көрдік. «Көңіл көңілден су ішеді» дегендей, ұрпағының болашағына алаңдаған азаматтар әрбір өңірден бас көтеріп, «ақырып теңдік сұрауға» кірісті. Оның ақыры қанды оқиғаға ұласып, Алматы, Шымкент, Талдықорған секілді ірі қалалардағы бүлікке айналды. Ел ішінде «Қаралы қаңтар» атанған оқиғаның әлі қанша әңгіме боларын Жаратқан Алла біледі, бір анығы тілге тиек, бетке шіркеу болатыны.

Халқымыз өмірдің, уақыттың тоқтаусыздығы жайлы сөз қозғағанда «Таң атпайын десе де күн қоймайды» дейді. Тұман басқан таңы ызғарлы болған биылғы қаңтардың зардабын ешкім ұмыта қоймас. Дегенмен, осы дүрбелеңнің бастауына үңілер болсақ елімізде белең алған қымбатшылықтың әсерін байқаймыз. Жаңаөзендегі жұртшылық сұйытылған газдың бағасы жосықсыз өскенін айтып, жергілікті билікке талап қойған болатын. Шындығында бағаның өсуі жалғыз пропан газына ғана қатысты емес, барлық тарапта байқалады.

Мысалы, көктемгі және күзгі егістік жұмыстары басталар тұста дизельді жанармай еселеп өсіп, науқаннан үміт еткен шаруалардың жоспарын тас-талқан етеді. Мемлекет тарапынан жеңілдік бағамен бөлінген жанармай кейде кешігіп келіп жатады. Мұның жыл сайын көрініс табатынын ескеріп қойыңыз.

Жаратқан Аллаға шүкір, қазір еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалы ауызды қу шөппен сүртетіндей жағдайда емес. Керісінше, әрбір саланың тамырына қан жүгіріп, кемшін түсіп жатқан тұстар қалпына келіп жатыр. Өткен жылдардағы карантиндік шаралар мұғалімдер мен дәрігерлер қауымының аса қажетті екендігін байқатып, олардың айлық жалақысының өсуіне ықпал етті. Расында ұлттың дұрыс тәрбиесі мен денсаулығының жақсы болуына ұстаздар мен ақ халатты абзал жандардың тікелей үлесі бар. Санасында саңылауы бар баланың дұрыс білім алуына күш салған мұғалім мен күн-түн демей ауыр науқастың маңдайынан шыққан терді сүрткен дәрігердің қажырлы еңбегі ескерілуі тиіс.

Халқымыздың: «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген аузынан тастамайтын тілегі бар. Бұл тілекті өмірдің өтпелі екендігін жақсы білетін қарттарымыз бен аналарымыз ұдайы айтып жүреді. Соған сай Үкіметтің қаулысымен зейнет-ақы мен студенттердің стипендиясына жыл сайын қаражат қосылып отырады. Одан бөлек, құқық қорғау органдары мен әскерилердің айлық жалақысына үстеме алып, марқайып жүргенін жақсы білеміз. Мұның бәрі бүгінгі күннің анық көрінісі.

Алайда мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай игілікті істерді сауда-саттықты, алыпсатарлықты кәсіп еткен жандардың мансұқтап, азық-түліктің, киім-кешектің бағасын өсіріп отырғаны тағы ақиқат. Әртүрлі салалардағы қызмет көрсету ақысының өсуі де осыған кіреді. Қалай болғанда да еліміздегі қымбатшылықты ырықтандыру оңай болмай тұр. «Жаңа Қазақстан» құрғалы жатқан елімізде осындай келеңсіздіктерді жою біртіндеп жолға қойылар деп сенейік.

Жақында пойыз билетінің арзандағанын естіп, кәдімгідей қуанып қалдық. Енді сырттан келетін автокөліктерге салынар утилалымға қатысты мәселе оң шешімін тапса тапқанын тамағы мен қажетінен асыра алмай отырған жұртшылыққа бір демеу болар еді. Ал сауда-саттыққа қайта қайырылар болсақ, елімізде алыпсатарлықтың жабайы түрі белең алғанын айтуға тиіспіз. Сөзіміздің басында ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолының бойында жатқан халқымыздың адал сауданы кәсіп ету арқылы жоқ-жітікке, мұқтаждарға жағдай жасағанын айттық. Қазір, керісінше, саудагерлердің әлеуметтік жауапкершілікті сезінбеуінің кесірінен қоғам бай мен кедейге бөлініп, екі жағаға шыққаны белгілі.

Қайбір жылы Түркияның байырғы астанасы Стамбул қаласына жолымыз түсті. Таңертеңгісін Әбу Аюб сахабаның мешітін аралап көріп, құлшылық үйінің алдындағы дүкендердің бірінен ыстық тоқашпен шай іштік. Сатушысы біздің санымызға қарап майға пісірілген дөңгелек тоқаштың жартысын көршілес дүкеннен алуды өтінді. Біздің сұрағымызға: «Аллаға шүкір, мен бүгін сауда жасадым. Мына көршімнің саудасы жүрмей қалды. Соған көмек болсын!» - деген жауап айтты. Міне, адал сауданың шынайы сипаты осындай болса керек.

Ал бізде бәрі басқаша. Тауарының өтпегеніне налыған сатушы көршілес саудагерге келген тұтынушыларды күндеп отырады. Бірде Талдықорғандағы базардың бірінен ет алайық деп барғанбыз. Кіреберіске жақын тұрған әйелден жамбас етінің бағасын сұрап едім, жауап болмады. Ет алушының бабын табу үшін барын салған саудагердің қолы тимей тұрғанын көріп, келесі сөреге жылжыдық. Сол кісімен келісіп, алатын етімізді алып шығып бара жатсақ, алғашқы әйел: «Бағасын менен сұрап едің ғой, неге менен алмадың?» – деп ашуланған түр танытты. «Сіздің қолыңыз тимей тұр екен, сосын ана кісіге бардық!» – деп құтылдық. Сөйтсем, бір дәлізде қатар тұрып, сөреге ет жайғандар арасында көзге көрінбейтін бақталастық бар екен.

Мал базарларында да осы жағдай. Делдалдықпен айналысатын бір топ алыс-жақыннан келген ауыл тұрғындары әкелген төрт түлікті арзан бағаға алып, үстіне үстеме ақша қосып саудалайды. Көксу ауданының орталығы Балпық би кентіндегі базарға Талдықорған өңіріндегі жұртшылық тұяқты малын сатуға шығарады. Көз алдыңда саудаласып, сенің аламын деген бағаңды бұзып жататындар жағаласуға дайын. Ондайда қазақтың: «Сауда сақал сипағанша» деген сөзін алға тартады.

Жалпы, пайызға ақша беруді харам санап, саудаласуды адал деп есептейтін Ислам діні алған малдың үстіне өрескел ақша қосып сатуды құп көрмейді. Мысалы, Абдулбақи Қожақанов есімді имамның бір уағызында осы туралы айтылады. Яғни, сіздің сатқан малыңызды артығымен бағалап жатқан адамды көрсеңіз, қайтарып алуға қақыңыз бар екендігі шариғатта айтылған.

Міне, біздегі жабайы сауданың сиқы осындай. Мұндай көзжұмбайлыққа салдыратын қарым-қатынаспен алысқа бармайтынымыз анық. Өйткені, сапасыз затын алдап сататындардың ісінің алға баспайтыны белгілі. Осыны ұғына алмауымыздың себебі ұлттық тәрбиеден ажырап қалғанымызда жатыр.

Ендеше, қымбатшылыққа апаратын жол-жосықсыз сауда екендігі белгілі болды. Ондай болса ойланатын уақыт келді.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Сурет ғаламтордан алынды