ҚАТІГЕЗ БРАКОНЬЕРЛЕР АТЫП АЛҒАН ЕЛІГІН АТ ҚҰЙРЫҒЫНА БАЙЛАП СҮЙРЕГЕН

Уақыты: 09.03.2022
Оқылды: 3047
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы облысында браконьерлер сібір елігін атып, оны ат құйрығына байлап сүйреген. Бұл жайында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Олжас Беркінбаев Facebook парақшасында жазды.

«Алматы облысында браконьерлер сібір елігін (еркегі) атып, оны ат құйрығына байлап жіберіпті. Іле Алатауы ұлттық паркі Түрген филиалының инспекторлары Қ.Әшімов, М.Байтасов, К.Жылқайдаровтар рейд жүргізіп, Алматы мемлекеттік табиғи кешенді қорығының аумағынан Алматы облысының екі тұрғынын екі мылтығымен қоса ұстаған. Олар салт атпен жүрген. Әлгі браконьерлер атқан олжасын сол қалпы ат құйрығына байлап қойған. Оларды ұстап жатқанда елік байланған ат үркіп, ауылға қашқан. Алдымен браконьерлерді құрықтаған инспекторлар артынша елік байланған атты да ұстаған», - деп мәлім етті Олжас Беркінбаев.

Оның айтуынша, Экология министрлігінің инспекторлары заң бұзғандарды Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөліміне жеткізген. Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

«Айта кететін жайт, мұндай заңбұзушылық үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», - деп толықтырды министрлік өкілі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"