КЕҢЕС БИЛІГІНЕ ҚАРСЫ ҮНПАРАҚ ТАРАТҚАН КІМДЕР? 30-НШЫ ЖЫЛДАР ҚҰПИЯСЫ

Уақыты: 12.03.2022
Оқылды: 1425
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазақтың өткен ғасырдағы кеңестік билік тарихында қайта қарауды, пікірлесуді, зерттеуді қажет ететін «ақтаңдақтар», әйтеуір, осы уақытқа дейін қозғалмай, қалың қауымға белгісіз болып келген талай-талай жеке қарсылықтар, тұтас бір ағымдар, дәуірлік сипат алған қозғалыстар баршылық. Енді солар жайында ашық әңгімелер, зерттеулер жасап, ағын ақ, қарасын қара дейтін кез де келді. Сол қатарда Қазақ-станның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескен адамдар тобы, қоғамдық және саяси ұйымдар қызметіне қатысушылар және қызметтік, ғылыми, мәдени және басқа салаларда мемлекет тарапынан қуғынға ұшыраған тұлғалар жетерлік.

Біз солардың бір парасын «ҚРОМА: 5-қор, 21-тізім, 41-іс», «ҚРПА: 141-қор, 1-тізім, 5049-іс», «АОМА: Алматы облыстық атқару комитеті 658-қоры, 6-тізім, 9-іс, естеліктер» қатарлы архив құжаттарынан кездестірдік. Осы деректер негізінде салыстыра зерттеу барысында біраз дүниенің ақиқатына тереңдей түстік. Аталған деректерде ең алдымен назарымызды аударғаны – Кеңеске қарсы үнпарақтар таратқаны үшін жазаланғандар.

Айталық, 1931 жылғы 19 маусымда Алматы округі Лепсі ауданында Қытайдан келіп жергілікті халықты Кеңеске қарсы көтеріліске шақырып үнпарақ таратып жүргендер ұсталған. Таратылған үнпарақтарда Қытайда бекінген полковник Вяткиннің армиясы Жетісуға басып кіруге дайын екенін көрсеткен. Осы сарындас үнпарақтармен екі адам, Лепсі кулактары, казактар Глебов пен Дудукалов ұсталған. Сонымен қатар, 1933 жылдың 3-4 наурызында Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылында транспорт бөлімі меңгерушісі Павел Кочевкин, аудандық сақтандыру кассасы меңгерушісі Степан Кулишко «Кеңес өкіметі жұмысшылар мен шаруалар үшін өлім әкелуші» деген үнпарақ жазып, таратқаны үшін сотталған.

Жеке қарсылықтармен қатар архив деректерінде Кеңес өкіметіне қарсы іс-қимыл ұйымдастырғаны үшін жазаланғандардың да қарасы көп екендігі байқалды. Осы ретте соның бірқатарына тоқталсақ.

Сол қатарда Ақсу ауданының 4-ауылында 1931-1933 жылдары ұйымдасқан, Аман Әбдібаев, Сейіт Мұқашев, Изада Ежебаев қатысқан «Сердөбе» атты топ кеңеске қарсы ұйым ретінде танылған. Қарсылыққа қатысқан ұйым мүшесі ретінде Аман Әбдібаев, Әбіл Бегімбаев, Сеит Мұкашев, Садық Қазамбаев, Нұрқожа Әнуаров, Тайген Малаев, Жұмабек Бекмаханов, Кизғали Исанов, Құрман Ержанов, Қосымбек Медеуов, Жексембай Күзембаев, Дүйсембай Наурызбаев, Толқымбай Бисембаев, Еңкубай Сауытбеков, Темірбай Исмағұлов, Махамбай Жаманбалаев, Қалиасқар Заманов, Тасболат Қауызбаев, Жаңабек Қырықбаев, Балымбай Райымқұлов, Рахмет Қайтоғаев, Ұрнықбай Сармамбетов, Изат Ежебаев, Азғамбек Нұрғамбаев, Биғали Мұстафинов (Қасалбаев) Әбілқасым Уақбаев (қалай сотталғаны туралы мәлімет кездеспеді) қатарлы 26 адам танылған. Мұндағы Ақсу ауданының 4-ауылы дегеніміз – Ілияс Жансүгіровтің туған жері, бүгінгі Ойтоған ауылы. Бұл дерек бойынша алдағы уақытта арнайы зерделеу жұмысы жүргізіледі.

Тағы бірі Шелек ауданының Ворошилов атындағы ауылында 22 шаруадан тұратын кеңеске қарсы кулактық ұйым. Ұйым құрамында Воликитин П., Лапшин Р., Четвериков А., Бугаков Д., Транников М., Белов А., Раков Ф., Понов М., Богреев Т., Богреев А, тағы басқа адамдар болған. Олардың жетеуі ату жазасына кесілсе, 10 адам 10 жылға сотталған. Қалғандары туралы нақты мәлімет кездеспеді.

Ал 1933 жылғы 9 сәуірде Балқаш ауданының 4-ауылында «байлар тобына» жататын Қадырдос Өмірзақов, Өмірәлі Бейсембеков, Қалық Сазамбаев, Жүсіп Қасымов (молда), Қожахмет Ахметов, Сүлеймен Жалдықбаев, Сүлеймен Қалқаев, Бұрамхай Молдабаев, Бағынқұл Жүсіпқұлов қатарлы 9 шаруа жауапкершілікке тартылған. Оларға «мал басын кемітті, көшіп кетуге себеп болды» деген айып тағылған. Араларындағы 2 адам ату жазасына кесілсе, 5 адам 10 жылға, 2 адам 5 жылға сотталыпты.

Жоғарыда келтірілген деректер Ресей патшалығының соңғы дәуіріндегі және Кеңес одағы құрылған алғашқы кездегі жазықсыз жазаланған адамдар мен Кеңес билігіне қарсылығы үшін немесе өзінің жеке азаматтық ұстанымын ашық білдіргені үшін атылған, сотталған, жазықсыз жазаланғандар туралы осы күнге дейін беті ашылмаған ақиқаттардың айғағы. Алдағы уақытта мұндай деректердің әлі талайы ашылатындығы сөзсіз.

Кеңес билігіне қарсылықтар мұнымен біткен жоқ. Оның көріністері 60-80 жылдары да көрініс тапты. Айталық, 1977 жылғы 29-30 наурызда Қожахметов Хасен Кәрібжанұлы тұтқындалып, ҚазССР ҚК 170-1 бабына сәйкес кеңеске қарсы үнпарақтар әзірлеп, таратқаны үшін екі жылға жалпы режимдегі түзеу колониясына жөнелтіледі. Сот деректерінде Хасен Қожахметовтың 670 дана үнпарақ, 140 дана карикатура дайындап, таратқаны жазылған. Үнпарақтар «Интернационализм и использование его русскими», «Правда о свободе граждан СССР», «Союз или колония», «Об ассимиляций народов», «Проснись, казах! Проснись, моя Родина!» деген мазмұнда болған.

Ал 1979 жылғы 27 қаңтарда ҚазССР ҚК 170-1 бабы бойынша мемлекетті Қауіпсіздік комитетінің Алматы облыстық басқармасы Азамат Қасымұлы Жәкібаевті кеңестік құрылысты жамандап парақшалар таратқаны үшін жауапкершілікке тартқан. МҚК назарын оның туысы Б.Жәкібаев та аударған. А.Жәкібаев үнпарақтарды пошта жәшіктеріне салып таратқан. Тіпті, АҚШ-қа кетуге ниеттенген. Қаңтар айының ішінде Алматы қаласындағы 1 шағынауданы үйлерінің пошта жәшіктеріне алдымен 13, одан кейін 17 парақша салған. Алматы қалалық сотының 1978 жылғы 13 сәуірдегі үкімімен А.Жәкібаев ІІМ арнайы психиатрия ауруханасына еркінен тыс міндетті емделуге жіберілген. Алматы облысы, Талғар ауданындағы № 1557 емдеу мекемесінде алты жыл болып, 1983 жылғы 15 қыркүйекте қайтыс болған. 1993 жылғы 1 қарашада ҚР ЖС коллегиясы қылмыс құрамы жоқ деп тауып, өндірістен қысқартыпты. 1996 жылдың 1 қарашасында ақталған. Оның артында:

Сағындым тауымды да, тасымды да,
Сағындым қасымды да, досымды да.
Тереземнің алдына торғай қонса,    
Ұмытамын дәрі беріп ауыртқан басымды да,
– деген шерге толы шерменде өлеңдер ғана қалды.

Бұл деректерге қарап отырсаң Кеңес одағы тұсында елдің мұңы мен мұқтажын, арманы мен тілегін арқау еткен әрекеттерге ешқандай да мүмкіндік берілмегенін көрсетеді. Осы тұста назар аударатын тағы бір дүние – Кеңес билігіне наразылық білдірген қаншама адам жүйке ауруына шалдыққан деген сылтаумен психиатрия ауруханасына еркінен тыс жатқызылып, өмірін қиған. Бұл алдағы уақытта ауқымды зерттелетін және сондай адамдардың толық тізімін жасайтын тақырып.

Қазақ халқының басынан кешірген ауыр қасіретін бейнелейтін, ертеден бүгінге жеткен:

Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Қарындастан айрылған жаман екен,
Қара көзге мөлдіреп жас келеді,
– деген өлең жолы бар. Ол бүгінгі қазақ баласының әрбірінің өткен өмірімен еншілесіп жатады.

Бүгінде сол ақтаңдақтар толық анықталмай келеді. Әсіресе, көз жасын шапанының шалғайына сүртіп, намысын қанжығасына байлап, қан жұтып атамекеннен ауып кеткендердің жайы жүрек сыздатады.

Жасыратыны жоқ, сол тұста кеңестік биліктің қанды шеңгеліне ілінбей ауыл-аймағын бастап, шегара асып кеткендер де аз болмады. Олар өзге елде амалсыздан «қашқын» деген жаман атты еншілеуге мәжбүр болды. Басын аман сақтап қалғанымен шынжыр балақ, шұбар төстердің шырмауынан құтыла алмады. Жазықсыз жапа шегіп, атылып-шабылуға да ұшырады. Ұлттың рухын көтерген Әсет пен Таңжарықты улап, Дүбек бен Қапезді түрмеге жауып, Көдекті қастандықпен өлтірген де сол нәубетшілердің шетел топырағындағы қылмысы.

Жалпы, кеңестік жүйенің тигізген пайдасынан гөрі зияны көп. Ақты қара, қараны ақ дегізген, баланы әкеге, азаматты ағайынға, керек десеңіз, бір қауымның өзін жікке бөліп, жұмысшыны шаруаға, зиялыға қарсы қойып, «Бұл Кеңес үшін күрес» деп ұғындырған заман туралы не айтуға болады? Жеріміз қаншалықты бүлінген болса, елдігіміз де соншалықты бүлінді. Сол себепті де өткенімізге қайта-қайта үңіліп, таразылап, жазықсыз жапа шеккендерді ақтау – бүгінгі буынның міндеті.

Қажет АНДАС

Алматы облысы