МҰҒАЛІМГЕ ЖЕКІРІП, БАЛАҒАТ СӨЗ АЙТҚАН ОҚУШЫҒА ХАТТАМА ТОЛТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 13.03.2022
Оқылды: 1724
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Білім және ғылым министрлігі Талдықорған қаласындағы №4 мектепте болған оқиғаға қатысты мәлімет берді.

«11 наурыз күні биология сабағында 2005 жылы туған оқушы мұғалімге балағат сөздер айтып, қатты дауыспен сөйлескен. Мұғалім Талдықорған қаласының полиция бөліміне арыз жазды. Қазіргі таңда оқушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Шешімді Алматы облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қабылдайды», - деді министрліктің баспасөз қызметі.

Білім және ғылым министрлігі кәмелетке толмаған балалардың іс-әрекеті үшін ата-ана жауапты екенін еске салады. «Осы іске байланысты оқушының ата-анасын жауапкершілікке тарту үшін әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар, белгіленген тәртіппен оқушыны есепке қою және оған психологиялық көмек көрсету туралы мәселе де қаралады. Айта кетейік, мұғалімдерге деген мұндай көзқарасқа жол берілмейді. Тек мұғалімдер ғана емес, ата-аналар да балалармен қоғамда өзін қалай ұстау керегі туралы әңгімелер жүргізуі маңызды», - делінген министрлік хабарламасында.

Мұғалім мен оқушы арасындағы жанжалдың бейнежазбасы әлеуметтік желіде таралды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"