ШАМАЛҒАНДАҒЫ АТЫС: ПОЛИЦИЯ 17 АДАМДЫ ҰСТАП, ТАҒЫ ҮШЕУІНЕ ІЗДЕУ САЛДЫ

Уақыты: 20.03.2022
Оқылды: 1709
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы облысының полицейлері 7 наурызда кешке Шамалған ауылы маңында болған атысқа қатысушыларды қолға түсірді.

Полиция мәліметінше, жастар арасындағы қақтығысқа 30-ға жуық адам қатысқан. Полиция қызметкерлері жағдай ушығып кетпеуі үшін оқиғаның алдын алуға тырысқан. Олар заңсыз әрекеттерді тоқтатуды талап еткен. Қақтығысқа қатысқандар жауап ретінде тәртіп сақшыларына бірнеше рет оқ атып, оқиға орнынан қашып кеткен. Атысқа қатысушылардың бірі сол жерде жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.

- Оқиға болған жерді тексеру кезінде криминалистер мылтық, тегіс ұңғылы және травматикалық қарудың гильзаларын тапты. Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та қоғамдық резонанс тудырған атыс дерегі бойынша қылмыстық заңнаманың бірнеше бабымен қылмыстық іс қозғалды, - деді Алматы облысы полиция департаментінің өкілдері.

Бүгінде облыс полициясы 17 адамды ұстап, 16 адамды қамауға алды. Ал 1 адам үйқамағына алған. Сондай-ақ, мемлекетаралық іздеу жарияланған тағы үш қатысушы анықталған. Күдіктілерге ҚР Қылмыстық кодексінің "Атыс қаруын қолдана отырып жасалған бұзақылық", "Құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұғушылық", "Кісі өлтіруге оқталу" баптары бойынша айып тағылған.

Оқиғаға қатысушылардан түрлі оқ-дәрісі бар 12 атыс қаруы тәркіленіп, олар заттай дәлелдемелер ретінде қылмыстық іс материалдарына тіркелген. Сондай-ақ, 8 көлік тәркіленген (Lexus, ВАЗ, Mercedes, Toyota және басқалары). Олар арнайы тұраққа қойылған.

Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысқан қалған қатысушыларды анықтау және іздеу бойынша іс-шараларды жалғастырып жатыр. Облыстық полиция департаменті тергеуді арнайы бақылауына алды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"