КӨКСУ АУДАНЫНДА 25 ЖАСТАҒЫ ӘЙЕЛДІ БҰРЫНҒЫ КҮЙЕУІ ТҰНШЫҚТЫРЫП ӨЛТІРДІ

Уақыты: 26.03.2022
Оқылды: 1609
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Полиция қызметкерлері Алматы облысында жоғалған 25 жастағы әйелдің денесін тауып, күдіктіні ұстады.

Қайғылы оқиға Көксу ауданының Ақшатоған ауылында болған. 7 наурызда 25 жастағы әйел із-түссіз жоғалып кетті. Оның жоғалғаны туралы арыз 9 наурызда Көксу аудандық полициясына келіп түскен. Бірақ іздеуден нәтиже шықпаған.

24 наурызда оның бұрынғы күйеуі кісі өлтірді деген күдікпен жауапқа алынып, кейін қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Тергеудің алдын-ала нұсқасы бойынша, ер адам бұрынғы әйелін қызғаныш салдарынан тұншықтырып өлтірген. Оның денесі ауыл шетінен табылды.

- Күдікті әйелімен ажырасып, Талдықорғанда тұрған. Олардың ортақ баласы бар, сондықтан, күдікті арасында баласын көруге келіп жүрген. 7 наурыз күні ол кездесуге мас күйінде келіп, бұрынғы әйелімен жанжалдасқан. Мұның соңы кісі өлтірумен аяқталды. Қазіргі таңда күдікті қамауда отыр. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің "Кісі өлтіру" бабы бойынша тергеу жүргізілуде, - деп хабарлады полиция департаменті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"