ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН НЕМЕСЕ ЖАРТЫ ҒАСЫР ЖӨНДЕУ КӨРМЕГЕН ЕСКІ МЕКТЕП ХАҚЫНДА

Уақыты: 28.03.2022
Оқылды: 2102
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Араға жарты ғасыр салса да күрделі жөндеуден өтпеген мектепті көргеніңіз бар ма? Көңілді пәс қылатын сұрқай көрініске Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек өңіріндегі Қазтай Ұлтарақов ауылына барғанда көз жеткізесіз. Ондағы жалғыз мәдениет ошағы – мектеп әбден ескірген. Көрген жанның бірден еңсесі түседі. Ал сол ескі ғимаратта білім алып жатқан оқушылар мен білім беріп жатқан ұстаздардың көңіл-күйі айтпаса да түсінікті.

Аталған елдімекен - Масақ ауылдық округінің орталығы. Шелекке тиіп тұр. Халықаралық күре жолдың бойында. Сондықтан шығар, Қазтай ауылына аялдайтындар аз емес. Олар ауылдың келбетіне көз салады. Яғни, «аз отырып, көп сынайды».

"Сізден өтініш, қонақтарды мектепке кіргізбей-ақ қойыңызшы. Сырттан келгендерге сыр білдірмейік". Ойымыз осылай өрбіп, ауыл қариясы, ақсақалдар алқасының төрағасы Рыскелді Жақабаевқа жолықтық. Ол кісі осында ержетті, осы жерде еңбек етті. Небір жетекшілік қызметтердің тізгінін ұстады. Жақсыны да көрді, жаманды да көрді. Бәрі көкірегінде сайрап тұр.

Қарияның әңгімесінен ұққанымыз, кезінде бұл ауыл қой шаруашылығына негізделіп ұйымдасқан екен. Соның арқасында жан саны көбейген. Құрылыстар қанат жайған. Мұнда қой өсірумен бірге ет-сүт өндіру кешені өркендепті. Диқаншылық пен бағбандық, темекі жапырағын өсіру дамыған. Қысы аз, көктемі мен жазы ұзақ, күзі берекелі өңір жанбағыс үшін өте қолайлы. Қазір де солай.

– Күні кешегідей көз алдымда тұр, 1975 жылы Масақта жаңа мектеп бой көтерді. Қуанбаған адам жоқ. Жұрт мектеп ішін аралауға асықты. Сынып бөлмелеріне бас сұқсаң бәрі керемет, көз тоймайды. Міне, содан бері зу етіп 47 жыл өте шыққан. Қазіргі көрініс жер мен көктей. Оқушылардың көптігінен мектептің іші тарылған. Тақтай едендер, ағаш есіктер мен терезелер әбден тозған. Шірудің аз алдында десек, артық айтқандық емес.

Бөлмелер жылымайды. Қыстай жағылған от босқа кетеді. Оқушылар бүрсеңдеп, мұғалімдер қолын үрлеп берекесі қашады. Бұдан кейінгі сабақта не мән бар?! Осындай күй кешкендердің қатарында өзімнің де немерем жүр. Неге бұлай деп ойланамын. Сонда біздің балалар кімнен кем? Басқалар сияқты жылы мектепте білім алуға толық хақысы бар ғой. Ал сыныптағы суықтың кесірінен бүлдіршіндердің денсаулығы бұзылса не істейміз?! Бұған кім жауап береді?!

Масақ – атамекеніміз. Үй-орманымыз осында. Әрине, ағарту саласы басшыларына өкпеміз қара қазандай. Содан кейін өтініш-тілекті аудан, облыс басшыларына жолдаймыз. Бізді дұрыс түсінген «Жетісу» газетіне рахмет. Сөзіміз басшылардың құлағына жетіп, Масақ орта мектебіне көмектерін көрсетеді деген үміттеміз. Бұрнағы күндері облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаевқа да жолығып жөнімізді айттық. Елдің аманатын жеткіздім, – дейді Рыскелді Жақабаев қария.

Ақсақал турасын айтыпты. Мектепті аралаған кезде оған жүз пайыз куә болдық. Тозығы жеткен есіктер, қалт-құлт еткен терезелер, сықырлаған едендер «мен өткен ғасырдың елесімін» дегендей алдыңыздан шығады. Биіктігі адам бойынан асатын терезелерді қымтауға тырысыпты. Ойлап тапқан өз «технологиялары» бойынша целлофан қағаздармен қаптаған. Амалдары таусылып, ілдәлдалаған түрлері. Бірақ оның қамсау болып жарытқаны шамалы. Сырттан кірген суық кедергісіз аңырап сыныптарды кезіп жүр.

Масақтың өзіне тән ерекшелігі мынада. Бір соққан жел берісі үш күнге, арысы аптаға созылады. Осы өңірге желден энергия алатын стансылар жасағысы келетіні сондықтан. Стансының қанша пайда әкелетінін білмейміз. Бірақ, желдің машақатын тартқан Масақ орта мектебіне қол ұшын беретіндер табылмай тұр.

Кемшілік үшін кім ұялмайды? Мектеп директоры Роза Тойбаева жағдайды толық ашып айта алмай кібіртіктеді. Несіне тіземін, менсіз де көріп тұрсыңдар ғой деп ойлаған болуы керек. Жылу жүйесіне қатысты жайларға көзіміз түсті. Құбырлар істен шығудың аз-ақ алдында тұрғандай. Мектептің қай жағына қарасаңыз да көнеру мен тозудың сұрқай көріністері алдыңыздан шығады.

Мектеп директорының айтуынша, білім шаңырағында 55 мұғалім жұмыс істейді. Жыл өткен сайын оқушылар саны көбею үстінде. Мәселен, 2019-2020 оқу жылында 462 оқушы білім алса, биыл балалар саны 474-ке жеткен. Оған мектепалды даярлықта оқитын бүлдіршіндерді қосқан кезде барлығы 514 оқушы білім алуда. Ал мектептің сыйымдылығы 320 оқушыға ғана арналған. Бір сөзбен айтқанда, үш ауысыммен оқудың аз-ақ алдында тұр.

Қазтай Ұлтарақов – болашағы бұлыңғыр ауыл емес. Логистикалық мүмкіндіктері көп. Елдімекеннің қасынан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тасжолы өтеді. Иектің астында теміржол стансысы тұр. Оған компрессорлық зауытты қосыңыз. Мұнда бір ауысымның өзінде 70-тен 120-ға дейін жұмысшылар мен мамандар еңбек етеді. Өндірістің қарқыны артып, көлемі жыл санап өсу үстінде. 44 үйден тұратын жаңа қалашықтың пайда болғаны соның бір дәлелі. Стансы еңбеккерлерінің балалары түгелдей Масақ орта мектебінде оқиды.

­– Мен осы ауылда туып-өстім. Мектептің 1997 жылғы түлегімін. Қазір жасым қырықтан асты. Үш балам да оқушы. Жасыратын несі бар, білім шаңырағына бас сұқсаң көңілің құлазиды. Баяғы біздің кезіміздегі тақталардың, терезелердің, есіктердің әбден тозығы жеткен. Қыстағы аязды күндері балалар бәленбай сағат суық сыныптарда отырады. Соның салдарынан жиі-жиі тұмауратады. Мектепті күрделі жөндеуден өткізу керек деп айтып жүргенімізге біраз жылдың жүзі болды, – дейді ауыл тұрғыны Ыдырыс Дулазов.

Біз ауылдық округ әкімі Ертай Нұрмахановқа да журналистік сауалымызды қойдық. Мектеп мәселесі оны қатты толғандырады екен. Өзінің құзыры бойынша әрекет етіп жатқанын айтты. Кезінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева осында келіп, мектеп мәселесімен жан-жақты танысқан. Басын шайқаған, таңғалған. Аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары жағдайды жақсы біледі. Соған қарамастан әзірге нақты нәтиже жоқ.

– Аудандық білім бөлімі, облыстық білім басқармасы секілді орындарға хат жаздық, хабар бердік. Алдымен күрделі жөндеуден өткізудің сметалық жобасына қаржы керек. Екінші кезеңде ол тиісті сараптамадан өтіп бекітіледі. Содан кейін облыстық мәслихаттың шешімі шығады. Биыл осыған қол жеткізе алсақ ерлегеніміз. Мектепке қосымша ретінде 300 оқушыға арналған құрылыс жасату – арманымыз. Сонда қысылып-қымтырылудың қиындығынан құтыламыз. Оның кілті облыстық құрылыс басқармасының қолында көрінеді. Барлық үмітіміз ойдағыдай үйлесім тапса өте жақсы болар еді, – дейді ауыл әкімі Ертай Сұлтанәліұлы

Ауылдық округтегі тұрғындар саны 5611-ге жеткен. Оның 3600-і Қазтай Ұлтарақов ауылының еншісінде. Осыған қарап-ақ елдімекеннің өркендеуге тиіс келешегін анық болжайсыз. Айта берсе ауылда басқа мәселелер де аз емес. Бірақ, соның ең басына мектеп жайы тұр.

Ауыл тұрғындары жоғарыға жолдаған өтініштерінің орындалуынан үмітті. Өйткені, Жаңа Қазақстанда өмір сүру мүмкіндігі бәрін жігерлендіреді. Халықты тыңдайтын мемлекет бар. Халықты тыңдайтын Үкімет жасақталды. Сондықтан бұл мәселе көп ұзамай оң шешімін табады деп жұртшылық сеніп отыр.

Болат МӘЖИТ

Фото - автор

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы