САРҚАНДА НЕСИЕ РӘСІМДЕЙТІН АЛАЯҚ ӘЙЕЛДІҢ ІСІ ӘШКЕРЕ БОЛДЫ - ПОЛИЦИЯ

Уақыты: 04.04.2022
Оқылды: 1549
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Сарқанның 35 жастағы тұрғынына қатысты алаяқтық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Алаяқ әйел қала жанында орналасқан елді мекендердің 20-дан астам тұрғынын алдап соққан.

Өз арыздарында тұрғындар банк несиелерін өтеу үшін күдіктіге берілген ақшаны өз қажеттілігіне пайдаланғанына шағымданды. Белгілі болғанындай, өзін банк қызметкері ретінде таныстырған әйел ірі несиелерді ресімдеуге көмектесіп, кейіннен оларды өтеу де өзі арқылы жүзеге асады деген шарт қойған.

"Тексеру кезінде күдіктінің банкте жұмыс істемейтіні анықталды, ал қаржылық операцияларды (кредиттерді ресімдеу және өтеу) өзі онлайн режимде банкке кіргізіп қойған әпкесінің құжаттарын пайдалана отырып жүргізген. Клиенттерді іздеу қызметтері үшін банк несие сомасына байланысты ең төменгі пайызбен сыйақы аударып отырған. Клиенттер ай сайын банк қарыздарын адал төлеп, оның бір бөлігін күдікті өз қажеттілігіне жұмсап отырған. Сонымен бірге, ол адамдарға жалған мөрмен расталған түбіртектер берген", - деп хабарлады Сарқан аудандық полициясы.

Жәбірленушілерге келтірілген шығын сомасы әзірге 8 млн.теңгеден асады. Тергеп-тексерумен қамтылған кезең өткен жылдың күзінен басталған. Азаматтардың алаяқтық фактілері бойынша өтініштері аудандық полицияға келіп түсуде.

Тергеу алаяқтық бойынша жүргізілуде, оның барысында күдіктіге қатысты "келу туралы міндеттеме" мәжбүрлеу шарасы таңдалды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"