АҚШАМ НАМАЗЫН ПАЙДАЛАНЫП, ҰРЛЫҚ ЖАСАЙТЫН ЖАС ЖІГІТ ҚОЛҒА ТҮСТІ

Уақыты: 13.04.2022
Оқылды: 1625
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы облысында бұрын сотталған жас жігіт бірнеше ауылдың мешіттерінде ұрлық-қарлық жасап жүрген.

Алматы облыстық полициясының мәліметінше, ақпан айының соңынан бастап Тұздыбастау, Гүлдала, Қызыл Ту және Панфилов кенттерінде орналасқан мешіттерге келуші жамағаттан арыз-шағым түсе бастаған. Үнемі бетперде тағып жүрген қылмыскердің әрекеті көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бүгінде күдіктінің 16 ұрлыққа қатысы бар екені расталды.

- Күдікті ақшам намазы уақытын пайдаланып, мешітке келушілердің қолма-қол ақшасын, ұялы телефондары мен бағалы заттарын ұрлап жүрген. Ол мешіт ішінде де, сыртында да ұрлық жасап, тұраққа қойылған көліктерді де ашқан. Көлік әйнектерін пластикалық негізі және болат ұшы бар арнайы балғамен сындырып ашқан. Ұсталған ер адам бұрын ұрлық жасағаны үшін жауапқа тартылған Есік қаласының 25 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазір оның облыста осыған ұқсас басқа да ұрлықтарға қатысы бары тексерілуде, - деп хабарлады Талғар аудандық полиция бастығының орынбасары Андрей Бурянский.

Қылмыстық іс материалдарына дәлел ретінде тәркіленген бейнежазбалар, ұрланған телефондар мен қылмыс қаруы бар. Күдікті ер адам тергеу аяқталғанша қамауда болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"