ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА 4 ЖАСАР БҮЛДІРШІНДІ ЗОРЛАУ ОҚИҒАСЫ ТІРКЕЛДІ

Уақыты: 15.04.2022
Оқылды: 2574
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласында 4 жасар қыз зорланды. Қайғылы оқиғаны Алматы облысының полиция департаменті растады.

"Анасының туысы болса керек. Ол дүкенге шығып кеткен. Балаға шұғыл түрде ота жасалды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Отбасындағы зорлық-зомбылыққа тыйым салу бойынша заңдардың болмауы қоғамның деградациясына және азғындыққа әкеледі", - деді зорлық-зомбылыққа қарсы "Не молчи" қорының жетекшісі, қоғам белсенділерінің бірі Дина Таңсәрі.

Бұл ретте Алматы облысының полиция департаменті оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ол 13 сәуірде Еңбекшіқазақ ауданында тіркелген. "Аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен Қызылорда облысының 43 жастағы тумасы ұсталып, қазір қамауда отыр. Болжам бойынша, күдікті ер адам соңғы бірнеше күн бойы жәбірленушінің отбасында қонып, мас күйде болған", - деді полицияның баспасөз қызметі өкілері.

Дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабы 4-бөлігі ("Зорлау") бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы облыстық полиция басшылығының ерекше бақылауына алынған. Бала қазір дәрігерлер бақылауында.

Полицей мәліметінше, жыл басынан бері облыста кәмелетке толмағандарды зорлаудың 10 дерегі тіркелген. Күдіктілердің көпшілігі таныстар ортасынан шыққан. Зардап шеккендердің жасы 3 пен 17 жас аралығында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды