ЕШТЕҢЕГЕ ҚАРАМАЙ МҰЗДАЙ СУҒА СҮҢГІДІМ. ҮШТӨБЕЛІК СТАРШИНАНЫҢ ЕРЕН ЕРЛІГІ

Уақыты: 07.05.2022
Оқылды: 1655
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Елдің болашағы үшін басын бәйгеге тіккен ерлеріміз қаншама?! Сонау сұрапыл соғыс кезін айтпағанда, бейбіт күнде де ерлік жасап, елдің құрметіне бөленген азаматтар жетерлік. Дәл осындай батырлық танытқан қайсар жандар бір өлкеден бір емес, бірнеше мәрте шығуы әр адамды таңдандырмай қоймасы анық.

Нақтырақ айтар болсақ, осыдан біраз жыл бұрын өртеніп жатқан үйден бүлдіршіндерді алып шығып, мемлекеттік наградаға ұсынылған қаһарман Азамат Жұмаділ мен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған Нұржан Жусы – Қаратал ауданының тумасы. Одан бұрын 2006 жылы Балқаш көлінде мұз үстінде ағып кеткен төрт балықшыны құтқарып, ерлігі еленбей қалған Манарбек Әрібаев та Қаратал өңірінің азаматы. Міне, осындай ерлердің ісін көргенде кеудеңде намыс оты ойнап, тіліңе қазақтың батыр ұлдары-ай деген рухты сөз келетіні заңдылық. Ал бүгінгі кейіпкер де ерлігімен еліне танылған Қаратал ауданының азаматы Ермек Қиғаранов жайлы болмақ.

Бұл оқиға өткен жылы Қаратал ауданы, Кәлпе ауылында болған. Бірінші мамыр күні Ермек дүкеннен керекті затын алып шығып келе жатқанда көз алдында екі көлік соқтығысады. Түзу жолмен жүріп келе жатқан көлікті бүйірден келіп соққан машина жол жиегіне келіп бір-ақ тоқтайды. Соғылған көлік екпінмен барып, арыққа құлайды. Кешкі уақыт, күн де жыли қоймаған кез. Малдың алдын тосып тұрған біршама жұрт шуылдасып кетеді. Ермек те оқиға болған жаққа қарай жүгіре жөнеледі. Жол ережесін бұзған көліктің иесі көлігін айналшықтап жүріп қалады. Ал екінші көлік тоғандағы суға батып барады. Жиылған жұрт естері шығып, шуылдап жүргені болмаса, ешқайсысы су түбіне кетіп бара жатқан көлікке ұмтылмайды. Барлығының да жүрегі батпай, тартыншақтап, көлік ішіндегі адамға көмектесуге батылы жетпейді.

Осы тұста Ермек ештеңеге қарамай бірден суға секірді. Мұздай суға сүңгіген Ермек жалма-жан көлік ішіндегі адамға көмектесуге тырысты. Жалғыз өзі жанталасып, көліктің терезесінен кіріп, есінен танып қалған жүргізушіні сыртқа шығаруға әрекеттенді. Бірінші қауіпсіздік белдігін шешіп, одан кейін рөлде отырған жүргізушіні суға батқан көліктен алып шықты. Көктемнің мұздай суығы Ермекті әлсіретіп тастайды. Бірақ бар ойы адамды аман алып қалу болғандықтан, жалғыз өзі қырға қарай малтиды. Жағаға жетіп, сыртта тұрғандар арқан тастап, жүргізушіні алып шықты. Малмандай су болса да, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, есін жиғызып алады.

Қатты соққыдан есінен танып қалған жүргізушіні тездетіп емханаға жеткізу бірінші кезекте міндет еді. Ермек жол ережесін бұзған көлік иесіне жарақат алған жүргізушіні аудан орталығындағы емханаға жеткізуді тапсырады. Сөйтіп, суға батқан көліктің иесі Амандық Ерденов емханаға жатқызылып, дін аман жазылып шығады. Қатты соққыдан есінен танып, бір аяғы шығып кеткен екен. Көп ұзамай қатарға қайта қосылады.

Ермектің ерлігі ел аузында ғана қалады. Оқиға болған орынға полиция қызметкерлері келіп, жол апатын анықтауға кіріседі. Ал Ермек болса мен ерлік жасадым деп кеуде кермей, әр азаматтың парызы іспетті үйіне оралады. Артынша куәлар тартылып, Ермектің ерлік жасағаны айғақталады. Алғашында түрлі келеңсіздіктер орын алады. Ережені бұзған азамат мен кінәлі емеспін деген қулыққа басады. Соңынан көшеге қойылған бейнекамераға түскені айғақталып, Ермектің ерлігі жоғары жаққа хабарланады.

Ермек Қиғаранов Үштөбе қаласындағы 30131 әуе қорғаныс күштері әскери бөлімінің қызметкері. Шені – старшина. Әуелде жеке құрам басшысына жай ғана айтқанымен жоғары басшылыққа бұл жайлы жақ ашпайды. Қарапайымдылық танытып, азаматтық борышым деп қана қала береді. Кейін полиция қызметкерлері Ермек Қиғарановтың жасаған ерлігін жоғары басшылыққа хабарлап, наградаға ұсынады.

Көп ұзамай Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 30131 әуе қорғаныс күштері әскери бөлімінің қызметкері Ермек Қиғарановқа «Ерлігі үшін» медалі тапсырылады. Өлімнен аман қалған Амандық Ерденов те алғысын білдіріп, бір туған бауырдай болып, аралары ағайындыққа ұласты. Ермек бір қыз, екі ұлдың әкесі. Әскери бөлімде 2001 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Бұған дейін де бірнеше марапаттарға ие болған. ІІ дәрежелі «Шегара қызметкері», «Аға шегарашы» медалі, «Мінсіз қызметі үшін» 10, 20 жылдық төсбелгісі кеудесінде жарқырап тұр.

Мағжан ақынның: «Ерлерді ел де ұмытпас, жер де ұмытпас», – деп жырлағанындай ерлік ешқашан ұмытылмайды. Мерейің үстем болсын, бейбіт күннің батыры!

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы