ЖАРТЫ ҒАСЫР ЖӨНДЕУ КӨРМЕГЕН ЕСКІ МЕКТЕП. БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЖАУАП ҚАТТЫ

Уақыты: 10.05.2022
Оқылды: 2204
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

"Жетісу" газетінің 2022 жылғы 31 наурыз, бейсенбі күнгі, №36 (19031) санында журналист Болат Мәжиттің «Ескерусіз қалған ескі мектеп» атты мақаласы жарық көрген болатын. Онда 47 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген мектептің жайы, ауыл жұртының жанайқайы сөз етілген. Аталған мақала газет сайтында да (үстінен басыңыз) жарияланды.

«Оқушылдардың көптігінен мектептің іші тарылған. Тақтай едендер, ағаш есіктер мен терезелер әбден тозған. Шірудің аз алдында. Бөлмелер жылымайды. Қыстай жағылған от босқа кетеді. Оқушылар бүрсеңдеп, мұғалімдер қолын үрлеп, берекесі қашады. Бұдан кейінгі сабақта не мән бар?» - делінген мақалада.

Осыған орай «Еңбекшіқазақ ауданы, Масақ орта мектебіндегі мәселені шешу үшін қандай іс-шаралар қолға алынуда? Мектепті күрделі жөндеуден өткізу немесе осы ауылға жаңа мектеп салу жоспарда қарастырылған ба?» деген сауалды облыстық білім басқармасына жіберген едік.

Аталмыш хатқа білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова төмендегідей жауап берді:

«Басқарма тарапынан Қ.Ұлтарақов атындағы ауылдың Масақ орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжатын дайындау үшін сәуір айында өткен мәслихат сессиясында 8,8 млн.теңге бөлу туралы ұсыныс қаралып, қолдау тапты. Ендігі кезекте күрделі жөндеудің жобалық-сметалық құжаты дайындалады. Келер жылы Масақ орта мектебіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілетін болады».

Демек, бұл мәселе  басқарма тарапынан қолға алынды. Қ.Ұлтарақов атындағы ауыл оқушыларының жаңарған мектепте білім алатын күні алыс емес.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"
Сурет ғаламтордан алынды