АҚСУ АУДАНЫНДА 44 ЖАСТАҒЫ МАЛШЫ СОҚҚЫҒА ЖЫҒЫЛЫП, АУРУХАНАҒА ТҮСТІ

Уақыты: 06.05.2022
Оқылды: 1559
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ақсу ауданында қожалық иесі өзінің мал бағатын жұмысшысын соғып, 9 қабырғасын сындырған. Қазір малшы ауруханада жатыр.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ауруханаға ауыр дене жарақатымен 44 жастағы ер адам түскен. Анықталғандай, азаматты қожайыны соққан. Ал таяқ жеген адам оның малын баққан.

"Қазір күдікті ұсталды. Ол - Талдықорғанның 43 жастағы тұрғыны. Оның көлігі де тәркіленді. Медициналық тексеру кезінде күдіктінің жеңіл түрде ішімдік ішкені анықталды. Қазір оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы, яғни, қасақана денсаулыққа зиян келтіру бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр", - делінген полиция хабарламасында.

Айта кетейік, малшы мен жұмыс беруші қожалық иесі өзара сөзге келіп, жанжалдасып қалған. Артынша, малшы екі кішкентай кәмелетке толмаған баласын және жолдасын алып, қожалықтан кетпекші болған. Бірақ жұмыс беруші «Lexus 470» көлігімен қағып, балалардың көзінше соққыға жыққан. «Қазір көлік тәркіленді. Күдікті қамауда отыр», - деп толықтырды полиция өкілдері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"