ҚОҚЫСТАН СӘБИДІҢ ДЕНЕСІ ТАБЫЛДЫ. САРҚАНДАҒЫ ЖАНТҮРШІГЕРЛІК ҚЫЛМЫС

Уақыты: 19.05.2022
Оқылды: 1378
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Сарқан ауданында жаға ұстатар қылмыстық оқиға тіркелді.

Алдымен Сарқан ауданында бес жастағы баланың мәйіті қоқыстан табылды. Полицияның ақпаратына сәйкес, баланың мүрдесі Сарқан қаласындағы кірпіш шығаратын зауыттың маңындағы қоқыста жатқан. Бала алдын ала болжам бойынша, 4-5 жаста. Бойы - 90-100 см. Баланың басы шамамен бес метр жерден табылған. Мүрде мәйітханаға сараптама жасалу үшін жіберілген.

«Баланың денесі қоқыстан табылғанын растаймыз. Сарқан аудандық полициясына бала жоғалды деген шағым түспеген. Бұл іспен полиция айналасып жатыр», - деп түсіндірді Сарқан ауданы әкімдігі.

Қазіргі таңда қоқыстан табылған баланың анасы ұсталды. Ол күдікті ретінде тергеліп жатыр. 2017 жылғы қыз баланың анасының айтуынша, баласы сал ауруына шалдыққан және ақыл-есі кем болған.

«Баланың анасы 19 жаста. Оның айтуынша, қызы ауырып, көз жұмған. Олар ағасы екеуі келісіп, қаланың маңына жерлемек болған. Қазір аталған фактіге сәйкес ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, «Адам өлтіру» бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр», - делінген Алматы облыстық полиция департаменті хабарламасында.

Қазір аталған іс полиция бақылауында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"