ҚОҚЫСТА ЖАТҚАН СӘБИДІҢ ДЕНЕСІ. ПРОКУРАТУРА ТЫҢ АҚПАРАТ ҰСЫНДЫ

Уақыты: 20.05.2022
Оқылды: 1470
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Сарқан ауданында бес жасар баланың мүрдесі қоқыста үш айдан бері жатқан. Бұл жағдай тергеу барысында анықталды.

Қазір полиция қайтыс болған баланың анасы мен туған нағашы ағасынан жауап алу үстінде.

«Екеуінің айтуы бойынша, баланың мүрдесін қоқысқа 2022 жылдың 11 ақпанында апарып тастаған», - деді Сарқан ауданы прокурорының орынбасары Еділ Қорғанбаев. Яғни, 2017 жылы туған баланың мүрдесі 3 ай бойы қоқыс алаңында жатқан. Куәгерлер баланың денесін тауып алғанда тек қаңқасы қалғанын айтады.

Қайтыс болған баланың нағашы ағасы кішкентайды молаға жерлемек болған. Олардың анасы да қайтыс болған екен. Сөзінше, сол анасы жерленген зиратқа бара жатып, жарды көріп баланың мүрдесін сол жерге тастап кеткен.

"Ағасы мәйітті қоқыс алаңына тастап кеткен себебін түсіндірді. Айтуынша, денені молаға апара жатқан. Түн уақыты болған. Түн болған соң әрі қарай жүруге қорықтым дейді. Ішінде біреу көріп қоя ма деген үрей болғанын айтады. Сол себепті баладан тезірек құтылуды ойлаған. «Үлкен жарды көрдім, сол жерге тастап кеттім», - дейді. Сөзіне сенсек, бала айы-күні жетпей, толық жетілмей туған. Сол оқиғаның алдында кішкентай үш күн бойы ауырған. Бірақ анасы да, ағасы да ешқайда хабарламаған. Үш күн ауырса да, баланың ауырғанын ешкімге айтпай, баланың қайтыс болғанын күтіп жатқандай болған», - деді Сарқан ауданы прокурорының орынбасары.

Анасының сөзінше, ол қызын өлтірмеген. Бала ауырып қайтыс болған. Бірақ полицияға баласының мүрдесі қоқысқа тасталғанын білмедім деп жауап беріпті. Өзі тұрмыс құрмаған. Жақында екінші баласын босаныпты. Бес айлық баласы бар 20 жасар жас ананың өз ата-анасы да марқұм болған.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Сарқан ауданында бес жасар баланың мәйіті қоқыстан табылғанын хабарлаған болатынбыз. Құзырлы органның ақпаратына сәйкес, баланың анасы 2002 жылы туған Сарқан қаласының тұрғыны. Баласын 2017 жылы, яғни, 15 жасында дүниеге әкелген. Тергеу жүріп жатыр.

Қыз баланың денесін қоқыстан тапқан куәгер оқиғаның қалай болғанын айтты. Бас киім киілген кішкентай баланың басы қоқыста жатқанын сарқандық тұрғын Мәди Мұхаметқалиевтің балалары көріпті. Әкесі балаларынан сұмдық жайтты естіп, дереу оқиға орнына барған. Полицияны шақыртқан.

«17 мамыр күні түскі сағат 11:00 шамасында үйде демалып жатқанмын. Ұлым келіп: "Әке, әке! Ана жерде нәрестенің сүйегі жатыр. Көріңізші, көріңізші?" - дейді. Келсем, қоқыстың жанында баланың бассүйегі жатыр. Еті ағып кеткен. Денесі төменде жатыр екен. Басы бір бөлек, денесі бір бөлек жатты», - дейді Мәди Мұхаметқалиев.

Мәди Мұхаметқалиев оқиғаның өткеніне бірнеше күн болса да әлі өз-өзіне келе алмай жүргенін айтады. «Жануар да өз баласын қорғайды, мынау енді сұмдық қой. Баланың өлі денесі қоқыста жатыр. Әлі дұрыстап тамақ іше алмай жүрмін. Өзім де бала өсіріп отырмын. Бала киімімен жатты», - деді Мәди Мұхаметқалиев.

"ҚАЗАҚПАРАТ"