Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛҒАН ЕЛДІ МЕКЕН НЕМЕСЕ АҚТӨБЕ АУЫЛЫ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕСІЗ?

Уақыты: 24.05.2022
Оқылды: 1823
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ақсу ауданының таулы өңірінде Ақтөбе деген ауыл бар. Ол тау баурайында орналасқандықтан біреу білсе, біреу білмейді. Елдімекен Суықсай ауылдық округіне қарайды. Бұл жерде бұрын «Бұлан» деген кеңшар болған. Онда 30 мыңнан аса мал болған. Бүгінде онда 20 шақты шаңырақ тұрады. Тұрғындардың негізгі күнкөріс көзі – мал шаруашылығы. Бірақ, ақтөбеліктер тоқырау жылдарында техниканың жоқтығынан еншісіндегі жерлерін ірі шаруашылықтарға қосып тастаған. Енді соны алайын десе ала алмайды. Ол үшін соттасу керек. Сот істі сенің пайдаңа шешсе жақсы. Өйтпеген жағдайда босқа шығынданатыны белгілі.

Елді мекенде 4 бала ғана оқитын шағын жинақталған мектеп бар. Мекепте компьютер, бейнебақылау, көрнекілік құралдар қойылған. Шағын мектептің ішінде дәретхана да орналасқан. Жері, табиғаты әсем. Ауыл орталықтан 26 шақырым қашықтықта. Жолы таулы-тасты. Өте қауіпті десе болады. Жауынды күндері «тар жол, тайғақ кешу» жағдайын бастан өткізеді.

Тастақты жолда арнайы көлік болмаса дөңгелегі кіші, моторы әлсіз көліктер Ақтөбеге жете алмайды. Бірақ қоңыр салқын, малға жай.

Жақында ауыл тұрғындары «Аманат» партиясы өкілдері мен журналистерді шақырып, ауылға әлеуметтік көмектің қажет екендігін айтты. Жол мәселесі жайлы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Әділет Нұртас: «Суықсай ауылынан Ақтөбе елді мекеніне дейінгі автомобиль жолының жалпы ұзындығы 30 шақырымға жуық. Бүгінге дейін Суықсайдан Ашыбұлақ ауылына дейін 9,6 шақырым жолға жобалау-сметалық құжаты әзірленуде. Ашыбұлақ ауылынан Ақтөбе елдімекеніне дейін 16,4 шақырым жолдың жөндеу жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізу жоспарлануда», – дейді.

Тұрғындар адам аз болғандықтан бұл жаққа ұзақ шақырымға жолдың салынбайтынын, оған үміт артпайтындарын айтады.

Ауыл тұрғыны Мұсабек Қыдырбек: «Асфальт жол салынбайтынын білеміз. Ең құрымаса тастақ жолдағы үшкір тастарды алып, жолды бір рет күреп, ретке келтіріп берсе. Ақсу өзенінен өтетін көпір бар. Өте қауіпті. Күзде ауыл мектебіне әкеле жатқан 9 тонна көмірді тасымалдаушылар көпірдің арғы жағына түсіріп кетеді. Ауыл халқы күштеп-көмектеп жүріп, соны жеткізіп аламыз. Солқылдақ көпірден жүк машинасы өтуге қорқады. Жыл сайын өз күшімізбен жөндеп қойған боламыз. Шаруа қожалықтары жамап-жасқап отыр. Шөлмек мың күнде емес, бір күнде сынатынын ұмытпауымыз керек», – дейді.

Ауылда электр жарығы жиі сөніп қалады. Оның себебі, сым тартылған бағаналардың ескіргендігінде. Кейбір сымдар қолмен жалғана салған. Өте қауіпті жағдайда. Бағаналар әбден ескіргендіктен қисайып тұр. Бұған жауапты «ТАТЭК» акционерлік қоғамы бағананың біразын ауыстырған. Енді қалғандарын ауыстырмыз деп кеткен көрінеді. Ақтөбеліктер соны мамандар жаз мезгілінде тездетіп ауыстырса деген тілекте. Мұндағы тағы бір өзекті мәселе – ауызсудың қыста қатып қалатындығы.

Бұл жағдайға қатысты «Ақсу су» құбыры мекемесінің басшысы Жасұлан Кенебаев ауылға су жіберілетін таудағы тұманың көзі дәу қойтаспен бекітіліп қалғандығын айтты. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ауызсу бағдарламасы бойынша су тарту мәселесі қолға алынған. Бюджеттен қаржы да бөлінген. Су көзі 1,5 метр тереңдікке дейін қазылса, өмір нәрі атқылап шығатын еді. Қырсық қылғанда дәл қайнардың көзінде тас тұрғандықтан су ойдағыдай шықпай қалған. Маман арнайы көліктер апарып, суды қайтадан қазатынын айтты. Мәселе көпшіліктің назарында болады.  Ауданның байырғы тұрғыны Жұмағали Тұрсын «Бай қызай» тұмасы бала кездерінде бүкіл ауылды сумен қамтып тұрғанын, эксковатормен дұрыстап қазса су көзінің ашылатынын айтты.

Бұл күні ауылға Суықсай округіне қарасты дәрігерлік пункттің меңгерушісі Роза Есерманова келіп, ауылда үш адамның қан қысымы нақтамасымен есепте тұратынын айтты. Ол кісілерге дәрі-дәрмек ауылға бара жатқан көліктерден беріліп жіберетінін жеткізді. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары жайылым жердің тарылып бара жатқанына налыды. Кезінде 48 жылға жалға жер алғандар өздерінің еншісіндегі жерлерін басқаларға беріп тастаған. Олар малды қалай болса солай жайып жіберетін көрінеді. Одан басқа жерді орман шаруашылығы еншілеген. Біраз жер көш жолы саналады. Яғни, тауға мал айдағандар сол жолмен жүреді де жердің топырағы шығатын көрінеді. Бірақ бұл жермен көштің өтуіне ешкім тыйым сала алмайды. Ал жалға алынған жерді игеру мәселесі қатаң қадағаланады.

Ауыл әкімі Қуаныш Қоңыров жерді өз иелері пайдаланбай отырса қайтарып алынатынын жеткізді. Бұл орайда бүгінде жердің кімнің иелігінде екендігін анықтау шаралары жүргізіліп жатқан көрінеді.Алдағы уақытта бос жатқан жерлерді алу үшін ауданда тендер өткізіледі. Тұрғындар өздеріне қажетті жерді сұрауға құжат өткізсе болатыны да осы жиында айтылды. Сонымен, ауылда болған жиында жол мен суға жауапты мамандар бір ай уақытта әлеуметтк жағдайды жақсартуға байланысты біраз шаруаның жақсартылатынын айтты.

Бұл күні ауылға «Аманат» партиясының аудандық филиалының хатшысы Күләйхан Дәулетбекова да барып, елдің жағдайымен танысты. Халықтың талап-тілегі ескерілетінін, орындалуын өзі қадағалайтынын жеткізді. Сонымен, тау бөктеріндегі Ақтөбе ауылының тұрғындары қоңыр салқын ауылда ауылшаруашылығымен айналысып, тірліктерін көріп жатыр. Жол, су, интернет, дәрігерлік көмектің заман талабына сай болуы үшін билік бар көмекті жасамақшы. Мәселе журналистердің назарында болады.

Гүлжан ТҰРСЫН

Ақсу ауданы

Алматы облысы