ТЕКСЕРІС КЕЗІНДЕ 122 МҰҒАЛІМ ЖАЛҒАН ДИПЛОММЕН ҰСТАЛДЫ - ПРОКУРАТУРА

Уақыты: 15.07.2022
Оқылды: 2324
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бұрындары мұғалімнің алатын айлығы аз, машақаты көп деп көбі ұстаз болудан қашатын. Жалақысы еселеп көтерілгеннен кейін екінің бірі мектепте мұғалім болғысы келеді. Кейбіреуі балаларды білім нәрімен сусындату үшін 4 жыл оқыса, енді бірі бір-ақ күнде жалған диплом алып, жалғанды жалпағынан басып жүр.

Алматы және Жетісу облыстарында да жалған диплом бизнесі жанданып тұр. Алматы облысының прокуратурасы қала мен аудандардағы білім беру мекемелеріне тексеру жұмыстарын жүргізу кезінде 122 мұғалімнің жоғары оқу орындарынан өтірік диплом жасатып, сабақ беріп жүргені белгілі болды.

Атап айтсақ, Қарасай ауданынан 69, Сарқан ауданынан 43, Көксу ауданынан 2, Текелі қаласы мен Ескелді ауданынан 4 мұғалім жарамсыз дипломмен ұсталған. Жалған құжаттар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің атын пайдалану арқылы жасалыпты.

Бұл мәселе бойынша облыс прокурорының аға көмекшісі Қанат Нұхаев:

"Тексеріс барысында 122 мұғалім жалған дипломмен ұсталды. Жалған құжатты пайдалану деректері бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта қылмыстық қудалау органымен 41 маманға қатысты қылмыстық істер кінәсін мойындауына және «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына орай ақталмайтын негіздер бойынша өндірістен тоқтатылды және олар қызметтен босатылды", – деді. Сонымен қатар, 81 маманға қатысты қылмыстық іс тергелу үстінде екенін айтты.

Білім басқармасының мамандары бұл істі прокуротура ғана тексере алатынын, жұмысқа кірерде жалған құжаттың шын дипломнан айырмашылығы болмайтынын  айтты.

Ел ертеңі – білімді жастар. Ал ұстаз – жас ұрпақтың жарқын болашаққа баратын жолын айқындайтын ұлы тұлға. Ұстаздың да ұстазы бар. Сондықтан жастарымыз білімді, келешегіміз кемел болсын десек, әуелі мектепті ұстазсымақтардан тазалайық. Ұстаздыққа «ештеңеге жарамай жатсам мұғалім бола саламын» дегендер бармауға тиіс. Міне, сонда ғана білім сапасы артады.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды