ӘДЕЙІЛЕП ЖЫЛҚЫ БАСҚАН ЖҮРГІЗУШІГЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ - ӘКІМДІК

Уақыты: 18.07.2022
Оқылды: 1436
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы облысында жылқыны көлікпен әдейі басқан жүргізушіге қатысты әкімдік түсініктеме берді.

«Іле ауданында жол талғамайтын көлікпен жылқыны әдейі басқан оқиға шілденің 16-да болған. Қазір жүргізушіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабы «Жануарларға қатыгездiк жасау» дерегі бойынша іс қозғалды. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиға басшылықтың назарына алынғанын жеткізді», - деп жазды өзінің Facebook парақшасында Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

Айта кетейік, ер адамның жол талғамайтын көлікпен жылқыны қасақана түрде басып жатқан видеосы желіге тараған болатын. Видео авторы жылқыны басқан адамды полиция алып кетіп, артынша бостандыққа жібере салғандығына шағымданады.

«Мына жігіт кеше біздің жылқымызды көлікпен басқан. Кеше түнде полиция алып кеткен. Ал бүгін бостандықта жүр. Бұл не масқара?!» - дейді видеоға түсіріп тұрған автор. Ал полиция күдіктінің арнайы қолхатпен босатылғанын хабарлады.

«16 шілде күні Іле ауданындағы Междуречинск ауылының 38 жастағы тұрғыны көршісімен жанжалдасып, оның жылқысын қасақана түрде жол талғамайтын көлікпен басқан. Қазір күдіктінің үстінен "Жануарларға қатыгездiк жасау" бабы бойынша іс қозғалды. Арнайы қолхатпен босатылды», - делінген Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"