ӨЗБЕКСТАННАН КЕЛГЕН ҚАНДАСТАР АЗАМАТТЫҚ АЛА АЛМАЙ ЖҮР - АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 06.08.2022
Оқылды: 1730
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Өзбекстаннан келген қандастар Жамбыл ауданының көші-қон қызметіне қатысты шағым айтты. Олар бір жыл бойы азаматтық ала алмай, әуре-сарсаңға түсіп жүрген көрінеді.

Қандастардың сөзінше, құжаттарының барлығы дұрыс болғанына қарамастан, көші-қон қызметіндегілер азаматтық алуды әдейі сөзбұйдаға салып, қандай да бір сыйақы дәметеді. Ал құзырлы мекеме өкілдері болса мұндай айыптауды жоққа шығаруда.

Өз басындағы жағдайды баяндаған қандасымыз Салтанат Тиляашпаеваның айтуынша, азаматтық ала алмағандықтан не емханаға тіркеуге тұра алмай, не лайықты жұмыс таба алмай, не балаларын білім беру мекемелеріне орналастыра алмай жүр. «Жекеменшік ауруханаға барамыз. Ондағы бір қаралудың өзі 30 мың теңгеге түседі. Ал балаларымызды жекеменшік балабақшаға тіпті ақшаға да қабылдамайды. 

Бізді дені дұрыс жұмысқа алмайды, тек уақытша жалданып жұмыс істейміз. Өзбекстаннан отбасымызбен 2021 жылдың маусым айында келгенбіз. Барлық құжаттарым дұрыс болса да, содан бері Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрміз», – дейді ол. 

Басқа қандастардың басындағы жағдай да осыған ұқсас. Жергілікті көші-қон қызметіне күн сайын 50 адам күнделікті жұмысқа баратындай келетін көрінеді. Олар үшін азаматтық алу дегеніңіз, нағыз бас ауруына айналғандай. Аталған телеарнаның таратқан ақпаратына қарағанда, олардың көші-қон қызметінің табалдырығын тоздырғанына бір жыл болыпты. Әр келген сайын: «Бір аптадан кейін келіңіз», – деген жалғыз жауап қана алады. Мәліметтер базасының жұмыс істемей қалғанын, оның үстіне қызметкерлердің жетіспейтінін алға тартып, күтулерін сұрайды.

Алайда қандастар азаматтық алудың бұлайша ұзаққа созылуының себебі басқада екеніне сенімді. 

«Бұл жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықтың нақ өзі. Оларға ақша бермейінше осылай соза береді. Менің басқа өңірлердегі туыстарым азаматтық алды, бұлай әуре-сарсаңға түскен жоқ. Мысалы, Нұр-Сұлтанда, Алматыда және Қаскелеңде мұндай шаруа ары кеткенде екі айда бітеді. Осы ауданға бекер тіркелген екенмін», – деген өкінішін білдіреді Ғалым Еркінбекұлы. «Бір қызбен бір күнде құжатымды тапсырған едім. Ол жолдама алды да, маған берілмеді. Соған таңданып, сұрасам, ол бәрін ақшамен шешкенін айтты», – дейді тағы бір қандас Айшолпан Сейтмұратова.

Бәрі ақшамен шешіле ме, жоқ па, оны қызметтік тексеру анықтайтын болады. Ал облыстық полиция департаменті мәліметтер базасында техникалық ақаулардың болып тұратынын және кадр мәселелерінің бар екендігін растайды.

«Бұл проблема Алматы облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының назарына алынды. Қазіргі кезде Жамбыл ауданына қызметкерлер жіберілді, олар мақсатты түрде осы мәселені шешетін болады. Басқа техникалық ақаулар тексерілуде», – дейді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайдильдин. 

Қандастар азаматтық алуды жеделдетуді сұрап Ішкі істер министрлігіне ұжымдық арыз жазды. Елім-жерім деп еміреніп келген қандастарымыздың Қазақстан халқына тиесілі игіліктерге қол жеткізе алмай отырғаны расында өкінішті-ақ.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы