ҚОС ҚАЛАМГЕР ТУҒАН АУЫЛДА АТҚОРАҒА АЙНАЛҒАН МӘДЕНИЕТ ҮЙІ БАР

Уақыты: 12.08.2022
Оқылды: 1785
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған Ғали Орманов пен Сайын Мұратбековтің кіндік қаны тамған ауыл «Қоңыр» деп аталатынын исі қазақ жақсы біледі. Қоңыр тірлік кешкен осынау елдімекенге барған адамның танауын қытықтай жөнелетін «Жабайы алманың» иісі, тау бөктерінде қоңсы қонған ауылдың әсем табиғаты жан сарайыңды ашса, ұлылардың табан ізі түскен жердің бір уыс топырағымен көз жанарыңды сүрткің келеді де тұрады. Дегенмен, халық үшін кеудеден қазына қотарған қос алыптың құтты қонысындағы Мәдениет үйінің ат қораға айналғаны көрген көзге жас ұялатып, көңілге кірбің түсіреді.

Жер жаннаты Жетісудың керім өңірінің бірі саналатын Ескелді ауданына қарасты Қоңыр ауылындағы Мәдениет үйінің жағдайын суреттеп айтудың өзі ұяттау. Басты залының шатыры ортасына түскен. Киелі тұтар сахнаның әр жерінде құс саңғырығы тау болып үйіліп жатыр. Ал орындықтан түк жоқ. Қарағай еден түгелдей дерлік тоналған. Тіпті, саман мен шіріген шөптің бір бұрышта текшеленіп жатқанына қарап-ақ, мұнда мал қамалғанына, Мәдениет үйінің қора есебінде пайдаланылғанына шәк келтірмейсіз.

Қабырғасы қалқайған Мәдениет үйінің мән-жайын, болашағын білу үшін Қоңыр ауылдық округінің әкімі Арай  Құлахметовпен жүздестік. Әкімшілік ауласында өрбіген әңгіме барысында ауыл басшысы бұл мәселе көп жылдардан бері айтылып, жоғары жаққа хат болып жолданып келе жатқанын тілге тиек етті.

– Тиісінше жыл сайын хат жазып келеміз. Сан жылдардан үнсіз болған бұл мәселе енді мықтап қолға алынып жатыр. Жаңадан сайланған аудан әкімі Елдос Ахметовпен арнайы жолығып, істің жай-жапсарын талқыладық, – деді ауыл әкімі.

Қабырғасы сонау 1971 жылы қаланған Мәдениет үйі, негізінен, сол кездегі ұжымшардың жеке қаражатымен салынған екен. Кеңес тұсында елге шаруашылық жағынан мол өнім берген, 50 мың ұсақ малы бар, жылқысы жусаса бөктерді тұтас жапқан берекелі ұжымшар Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тарайды. Одан кейінгі жеке шаруашылықтар құрылған заматта Мәдениет үйі «Мыңжасаров» шаруа қожалығының еншісіне өткен. Содан бергі жылдарға дейін сахнасында саз әуелеп, күй төгіліп тұрған мәдениет ошағы ақырында шатыры ортасына түскен хәлге жеткен. Ал аталмыш қожалықтың иесі Абдол Мыңжасаров Мәдениет үйіне жұмсаған шығынын өтеу үшін мекемені мемлекетке сататынын айтатын көрінеді. Бұл туралы ауыл әкімі Арай Елубекұлы:

– Мәдениет ошағын меншігіне алған А.Мыңжасаров бастапқы уақытта 30 млн.теңгеге сататынын айтқанымен, қазіргі таңда бізден 3 миллион теңге сұрап отыр. Жуырда аудан әкімімен жолықтырғанда осы бағаға беремін деп нақты уәдесін айтқан. Дегенмен, әр уақытта ойы өзгеріп, кейде сатқысы келмей қалады, – дейді. Бұдан бөлек, аталмыш ғимарат құжатын сатып алғанымен де мәселенің оң шешілуіне біршама кедергі бар көрінеді. Мемлекет қаржысымен сатып алынған ғимаратқа техникалық сараптама жүргізіледі. Тексеру барысында қабырғасы қалған мәдениет ошағы күрделі жөндеуден өткізуге жарамайтын болса, мемлекет қаржысы қайтарылуы керек-ті. Сондықтан мәселені оңынан шешудің жалғыз жолы – ауыл азаматтарының күшімен құжатты мемлекетке қайтару немесе меншік иесінің өзі жомарттық таныту екенін атап өтті ауыл басшысы.

Бұл ретте Қоңыр ауылының тумасы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қайрат  Әбілқасымов:

– Заманында талай азамат ауылдық Мәдениет үйлерін жекешелендіріп алғаны рас. Дегенмен, елін сүйетін, өнерін қастерлейтін жомарт жандар еденіне бір шаң қондырмай, бір кірпішін су мен күнге мүжітпей, өнер ошағын мемлекетке қайтарып берді. Абдол Мыңжасаров Қоңыр ауылының елі мен сол жердегі жастардың болашағына жаны ашыса, бүгінге дейін созбақтамай құжатты мемлекетке қайтаруы керек еді. Кешегі күні Ескелді ауданына қарайтын Көкжазық, Бақтыбай ауылындағы Мәдениет үйлерін Серік Сариев, Қосан Досанов сынды азаматтар  мемлекетке қайтарып бергеніне куә болғанбыз, – деп толғанды.

Өз кезегінде қараусыз қалған Мәдениет үйін жөндегісі келетін ауыл ақсақалы, 30 жыл аталмыш шаңырақта қызмет еткен Қанат Күдербаев:

– Бірнеше жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 2010 жылы клуб шатырын жөндеуге бюджеттен 4 миллион теңге сұрадық. Ақша пайда болып, біз жөндеуді бастауды ұйғарған кезде прокуратурадан қағаз келді. Құжатта «мәдениет ошағы жеке тұлғаға тиесілі және біз оны жөндеуге құқығымыз жоқ» деп көрсетілген. Содан бергі сиқын өздеріңіз көріп отырсыздар. Төбесі толығымен шіріген, ішінара белгісіз адамдар ғимараттан жылу жүйесін, орындықтарды және тағы басқа заттарын тонап кеткен. Бұл мәселені шешу туралы аудан әкімдігі мен облысқа бірнеше рет хат жазғанбыз, өткен жылға дейін үнсіз келген. Дегенмен, енді билік тарапынан жылымық жел соғып, мәселені шешу жолдары қарастырылып жатыр. Осының өзі көңіл қуантады, – дейді.

Расымен де, Ғали   Орманов пен Сайын Мұратбеков туған  ауылдың мәдени ошағы жасалып, ел игілігіне берілуін жергілікті халық асыға күтуде. Кешегі күні айтыс өнерінің қарлығашы болған Ханша Райысова, дәстүрлі әнші Қажыбек Бекбосынов, кино және театр актері Сағындық Жұмәділ, ҚР Мәдениет саласының үздігі, театр актері Қайрат   Әбілқасымовты түлеткен киелі сахна қашанға құс саңғырығы астында қалмақ? Қазақ мәдениеті мен өнеріне осыншама азаматтарды қосқан ат төбеліндей ауылдан әлі де жанарында жалын ойнаған жастар шықпас па еді деген сауал мазалайды. Сонымен қатар, 200-ге жуық түтіні бар ауылдың кітапханасы бүгінде ескірген ғимараттан шығарылып, әкімшілікке көшірілген. Құстың ұясындай бөлмеде 12 мың қазыналы кітап иін тірестіріп сөреде тұр. Заманында кітапхананың бай қоры Қоңыр ауылында болса, ол да тартылған Аралдай арқаға аяздай бататын мәселеге айналыпты. Құс күркесіндей бөлмеде оқырмандарға ешқандай жағдай жасалмаған. Мұндай мәселелерді шешудің жалғыз жолы – қасиетті мекеннің мәдениет ошағы қалыпқа келумен өріс табады. 

Оған қоса, 160-қа жуық оқушысы бар Қоңыр ауылдық мектебінің жайы да көңілге кірбің ұялатады. Замана желісінен артта қалған ауыл мектебіне келер жылы күрделі жөндеу жұмысы жүргізілетін көрінеді. Алайда білім шаңырағында әр жылдары әртүрлі пән бойынша маман жетіспей жататын көрінеді. Ауыл басшысы бұл мәселе шешілетінін тілге тиек етті. Ал біз сахнасы жайнаған, жастардың би кеші өтіп тұратын, түрлі мерекелік шаралар, концерттер ұйымдастырылатын мерекелі де берекелі ауыл болса, жас мамандар осында тұрақтап қалар еді-ау деген ойда қалдық.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Ескелді ауданы,

Жетісу облысы