ЖАЗҒАННАН НЕ ҚАЙЫР? МӘСЕЛЕМІЗ СОЛ ҚАЛПЫ! - АШЫНҒАН АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ

Уақыты: 19.08.2022
Оқылды: 2427
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Адам бойындағы асыл қасиеттің бірі сенім ғой. Сенімге селкеу түскен жағдайда адам ашынады. Еңбекшіқазақ ауданындағы Қазақстан ауылдық округі тұрғындарын осындай күйде көрдім. Олар Үкіметке де, БАҚ өкілдеріне де сенуден қалған. Былтыр, одан бұрын, тіпті, бес-он жыл бұрын да қолына қағаз-қаламын алып, камерасын арқалаған талай тілші келіп, бұл ауылдың жай-күйін түсірген, жазған. Мүйізі қарағайдай өңір басшылары, Мәжіліс депутаттары да топ-тобымен атбасын бұрып, халықтың қатып-семген мұң-зарын тыңдап, уәдені үйіп-төгіп кете берген. Бірақ одан еш дүние өзгермей келеді. Баяғы жартас – сол жартас. Жылтыр сөз, құрғақ уәдеге қарық болған тұрғындардың: «Жазғаннан не пайда? Бәрібір мәселеміз сол қалыпта қалып келеді», - деген қара қазандай өкпелері орынды.

Қазақстан деген қасиетті атауды иеленген округтің құрамында үш ауыл бар. Округ орталығы Қазақстанда ауылындағы халық саны – 4631. Тұрғындарды титықтатқан өзекті мәселе – ауызсу. Иә, бұл ауылдың тұрғындары таңдай кептірер жазда да, қақаған қыста да ауызсуды қанып ішіп, кең молынан пайдаланып көрмегелі талай жылдың жүзі болған. Тәулігіне 1-1,5 сағат уақыт қана берілетін ауызсуды жинап алудан жарыс болса – осы ауылдың тұрғындары алдарына жан салмасы анық. Себебі, бұл тірліктің айнымас күн тәртібіне айналғалы қашан?!

- Жат жұрттан аңсарымыз ауып, Отанымызға оралғалы 12 жыл болды. Былтырдан бері осы ауылдағы қайнымның үйінде тұрып жатырмыз. Қысы-жазы су тасымалдаумен күніміз өтеді. Көршілердің кейбірі жерді қазып, су сорғымен су шығарып алған. Оны тамаққа көп пайдалана алмаймыз, сор татиды. Көбінесе кір-қоң, үй жуғанға жаратамыз. Ауызсуды алыстан тасимыз. Балалар жұмыста, немерелер жас. Аяқ-қолымыз сырқырап, бойдан күш-қуат кеткенде қисалаңдап көршіден су тасу оңай деймісің, шырағым? «Су – қорлық, отын – олжа» деп бекер айтпаған ғой. Тасымал судың берекесі жоқ. Жасымыз 70-ке жеткенде суға жарып, біздің де жақсы тұрмысты көргіміз келеді. Шалымыз екеуміз сүйретіліп, су тасумен жүріп, өміріміз өтіп кетпесе жарар еді, – деп кейіді көпбалалы «Күміс алқа» иегері Тәліпқызы Күмісхан апа.

Қазақстан ауылында 3-4 көше кейінгі жылдары бой көтерген жаңа құрылысқа жатады. Олардың дені атажұртқа қоныс аударған қандастарымыз. Бәрінің ортақ мұңы – ауызсу мен электр жарығы. Өйткені, жел тұрса жалп етіп жарық сөніп, сорғы істемей, тәуліктеп сусыз қалу – жүйкелерін жұқартқан.

- Біздің бағымызға орай, құдық қазғанда артезиан суы шығып, соны көршімізбен бірлесе тартып алғанбыз. Осы жаңа құрылыста екі-ақ үйде таза су бар. Үп еткен жел тұрса жарық сөніп қалады. Басқаларда бар шығар, өз басымызда интернет деген атауымен жоқ. Тариф қостыруға қалтамыз көтермейді. Жолдасым ғана жұмыс істейді. Мына қымбатшылықта 9 баланы ас-сумен қамтамасыз ету оңай емес. АӘК алғаныммен, оның пакетін алмағалы 4-5 айдың жүзі болды. Қымбатшылық күйдіріп барады. Көріп тұрғаныңыздай, көшемізде асфальт жоқ. Былтыр ғана тас төселді. Оған дейін батпаққа бабатынбыз. Жауын-шашынды күндері аяқ киім шақ келмейді. Көшеде жарық жоқ, қысты күндері тас қараңғы. Жас баламен алдарынан шыға алмаймын. Қаңғыған иттен де, адамнан да қорқатын заман, – дейді 9 баланың анасы Эльвира Рахымбаева.

Жылдар бойы сарытап болған проблеманың түйінін қайтсек тарқатамыз деген тұрғындардың құлағы түрулі. Билік пен бұқараның арасына алтын көпір болып жүрген БАҚ өкілдеріне деген өкпелері де шайы орамал кепкенше болса керек. Себебі, ауылға тілші келді-ні естіген 2-қабатты тұрғын үйдің тұрғыны Ләззат Қайнарбаева сөз басын:

- Сіздің де сапарыңыз құры келіп-кету ме, жоқ, мәселеміз шешіле ме? - дейді бос сөзден шаршаған ауыл тұрғындары.

– Осы ауылда тұрғаныма 15 жыл болды. Оңалған дүние жоқ. Жақында аудан әкімінің орынбасары кеп, халықпен кездесті. Айтар сөздері біреу-ақ: келер жылы. Сонымен сөз тәмам! «Су – тіршілік көзі», бір сағатта құйып алған сумен бар тіршілігімізді жасаймыз. Автоматты кір жуғыш машинаны мүлдем пайдаланбаймыз, кейбір азаматтар бөшкеге жиған суға өз бетінше қосып, күнелтуде. Автоматты сөйтіп, механикаға айналдырып алғандар бар. Тағы бір айтарым, мектепте аспаз болып жұмыс істедім. Үш ауысыммен оқиды. Асхана өте тар. Спортзал тозған, балалар спортпен айналысуды ұмытқан. Денешынықтыру сабағында мектепті айналып жүгіргеннен әрі аспайды. Ауылда саябақ, балалардың ойын алаңы деген атауымен жоқ. Жазғы демалыста үйге қамалып жатыр. Ауылымыздың аты дардай болғанмен, осылайша өркениеттен жұрдай боп тұр, – дейді Ләззат Қайнарбаева.

Қазақстандық тұрғындардың әңгімесіне қаныққан соң ауылдық әкімдікке атбасын бұрдым. Онда Қазақстан ауылдық округі әкімінің орынбасары Марат Қанаев сусыз тіршіліктің себеп-салдарын былайша тарқатты:

– Қазақстан, Ащыбұлақ ауылы бойынша ауызсуға жобалық-сметалық құжаттама биыл экспертизадан өтті. Облыстың екіге бөлінуіне байланысты қаражат жетіспеушілігінен келер жылға жоспарланып отыр. Ал Қазақстан ауылында сонау кеңестік дәуірде салынған су ұғымасын иелікке алған СПК «Мөлдір бұлақ» ауыл тұрғындарын қамтамасыз ету мақсатында тәулігіне 1 жарым сағат су жібереді. Бұрын резервуарға су өз бетінше жиналатын болса, қазір бір сорғының көмегімен күні бойы жиналады. Соны кешкілік уақытта тұрғындарға таратады. Ал жаңа құрылысқа су құбыры тартылмаған. Шаруа қожалығының жері болғандықтан заңды құжаттар жасалмаған. Өткен жылы көшелеріне тас төселді, енді су құбыры жүргізілсе, асфальтталатын болады. Ауылда 2-қабатты 12 тұрғын үй бар. Олардың барлығында орталық жылыту жүйесі жоқ. Өз беттерінше от жағады. Алдағы жылы ауылымызда су мәселесі  түбегейлі шешіліп қалар деген үміттеміз, – деді.

Осы округке қарасты Жүнісбай Қайыпов атындағы ауыл тұрғыны Мейіржан Салманбеков 2008 жылы жер алуға 356-шы боп кезекке тұрғанымен, одан бергі 14 жылда бір елі ілгерілемегеніне қапалы. Осы мұңын арқалап ауыл әкімшілігіне келіпті.

- Ол жылы бойдақ едім. Үйленбес бұрын жер алып, үй салуды діттегенмін. Бірақ кезекке қарасам жылжитын түрі жоқ. Содан үйленіп, бүгінде 4 баланың әкесі атандым, әлі күнге пәтер жағалап жүрмін. Жасым 40-тан асты. Енді қашан жер алып, үй саламын? – деген уайымын ақтарды. Ал жанындағы серіктесі Нұрбол Саяқов болса, аталған ауылда тұрғындарға қызмет көрсетер ауылдық амбулатория мен «Қазпошта» бөлімшесінің құлау алдында тұрғанын айтты. Айтып қана қоймай, барып көзбен көру қажеттігін ұсынды. Туған ауылының ажарлы, әлеуметтік нысандардың заманға сай болуын кім қаламайды? Ауылына жанашыр азаматтар тіптен көліктерін көлденең тартты. Округ орталығынан таяқ тастам жердегі Қайыпов атындағы ауылға демде жетіп бардық. З мыңға таяу тұрғынның денсаулығын қадағалап, басы ауырып, балтыры сыздағанға медициналық көмек көрсететін ауылдық амбулаторияның күйі көңіл құлазытты. Іргесі 1958 жылы қаланған ғимараттың сау-тамтығы қалмаған. Адам айнала алмайтын бар-жоғы 72 шаршы метрлік аядай 4 бөлмеде 1 жалпы тәжірибелік дәрігер мен 6 мейірбике тіркеуде тұрған тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсетеді екен.

- Бұл бұрын балабақша болған ғимарат. Сенсеңіз, мен осында балабақшаға келгенмін. Енді осы жерде еңбек етіп, зейнет жасына шығуым да ықтимал шығар. Себебі, амбулаторияға жер бөлінгенмен, құрылыстың басталар түрі жоқ. Құрғақ уәде, бос сөзден жүрек айнитын жағдайға жеттік. Ауылға жаны ашитын адам көрмедік. Сізге дейін де сан адам келген, көрген. Еш нәтиже жоқ, – дейді аға мейірбике Қарлығаш Кеңесбаева.

Ауылдағы «Қазпошта» филиалы қызметкерлерінің де айтқаны дәл осы! Терезесі салафанмен қапталған ғимаратта тыныстайтын ауа жоқ. Қыста пеш жағады. Едені шұрық-тесік. Соған қарамастан пошта меңгерушісі Кенжеш Сарбасова мен пошташы Бақыт Мереке тұтынушыларға тұрақты қызмет көрсетеді.

«Айта, айта, Алтайды, Жамал апай қартайдының» кебін киіп келеміз. Ауылымыздың жыртығы жамалып, жоғы бүтінделіп болғанша қартайып болдық» деген ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Әділбек Көпшілбаев та Үкіметтен үміт үзген сыңайлы.

«Уәде – Құдай сөзі» деуші еді, биліктегілердің барлығы Құдайдан безгендер ме? Халықты қашанғы зар қақсатады? Ауылдың тұрмысы қашан түзеледі? Қаңқасы қалған клубта мал жайылып жүр, интернет деген мүлдем жоқ. Оның мұнарасын қою үшін қыруар қаржы керек көрінеді. Жайылым жоқтың қасы. Жылдан жылға тозып барамыз», - деген ақсақал ащы запыранын ақтарып салды.

Міне, осылай деп жанайқайын жеткізген Қазақстан ауылдық округі тұрғындарының мұң-зары, ұсыныс-тілегі назарға алынып, толып жатқан проблеманың түйіні біртіндеп тарқай бастаса, менің де жүзім жарқын болар еді-ау деген үміт көмейіме тығылды. Тағы да ай аунап, жыл жылжып, көптің тілегі көлеңкеде қалмаса жарар еді.

Ұлбосын ИСАБЕК

Фото - автор

Еңбекшіқазақ ауданы,

Алматы облысы