ЖАҒДАЙЫМЫЗ ҚИЫН. КӨМІРШІ АУЫЛЫНДА АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛМАУЫ МҮМКІН

Уақыты: 26.08.2022
Оқылды: 2455
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Биыл Райымбек ауданы аумағында Көмірші, Көксай орта мектебі және Сарыбастау ауылындағы С.Сауранбаев атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр.

Көмірші, Көксай, С.Сауранбаев атындағы орта мектептерге жөндеу жұмыстары маусым айынан қолға алынған. Мұның бәрі Саят Үмбетәлиев басқаратын Райымбек аудандық білім бөлімінің тапсырысы бойынша жасалуда.

Біз тамыз айының соңғы күндерінің бірінде Көмірші ауылында іссапармен болдық. Бір-екі ғана көшесі бар шағын ауылда ең алдымен менмұндалап көрінетін мектеп ғимаратының бір бөлігінің шатыры әлі ауыстырыла қоймапты. Шын мәнінде, құрылыс материалдарынан аяқ алып жүргісіз мектеп ауласынан мектептің 1-2 қабатына әрең жол тауып шығып, жайын көрдік. Құрылыс жұмыстарын «Строительная компания ШАХ» ЖШС деп аталатын мердігер жүргізіп жатыр. Жалпы, күрделі жөндеу маусым айында басталыпты. Жоспар бойынша қыркүйек айында толығымен пайдалануға берілуге тиіс.

– Күрделі жөндеу жұмыстарымен дәл қазіргі уақытта 69 адам айналысуда. Екі ауысым бойынша жұмыс қауырт жүргізілуде. 1 қыркүйекке бітіріп, балалардың алаңсыз дәріс алуына мүмкіндік жасауға тырысып жатырмыз, – дейді учаске басшысы Алмас Ақылбеков.

– Уақыт таяу. Шын мәнінде үлгере алмай қалмайсыздар ма? Ең құрығында 3-4-сынып бөлмесін жаңа оқу жылына дайындап қою керек еді, – дейміз көңіліміздің күдік-күмәні сейілмей.

Дәл қазіргі жағдайымен қыркүйектің 1-нші жұлдызындағы алғашқы қоңырауға үлгеруі екіталай болып тұр. Спорт залы мүлде аңғай-даңғай. Екі қабатындағы есік-терезелер ауыстырылыпты. Қырып тасталған қабырғалар суық көрінеді. Он күннің ішінде емес, алдағы қыркүйек, қазан айларында сапалы бітіп, пайдалануға берілсе де жаман емес.

Аудан әкімінің осы салаға қатысты орынбасары Нұрбол Сағатбекұлының, аудандық білім бөлімінің басшысы Саят Үмбетәлиевке хабарласып, ала алмадық. «Жағдайымыз қиын болып тұр. Сабақ жақын қалды. Ауылдың ішінде бос тұрған үлкен үй де жоқ. Қайтерімізді білмей тұрмыз. Не болса да ақырын күтеміз», – дейді Көмірші орта мектебінің директоры Бағила Ырғынбаева.

Рас, мектеп директорының қолында тұрған не бар? Не дейік, көрген көзімізде жазық жоқ. Райымбек ауданындағы Көмірші орта мектебінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының жайы осындай. Жұмыс сәтімен аяқталып, алғашқы қоңырау соғылып, сабақ басталып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. 

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы,

Алматы облысы