ҰЯЛМАЙСЫЗ БА? САРҚАНДА ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ ҮСТІНЕН ШАҒЫМ ТҮСКЕН

Уақыты: 08.09.2022
Оқылды: 1194
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Аудан әкімінің орынбасары құзыретін пайдаланып, әйеліне 500 гектар жер алып берген. Жетісу облысының әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ Сарқан ауданындағы халықпен кездесуде осындай нақтыланбаған деректің барын алға тартып, мәселені бүге-шігесіне дейін тексеруді тапсырды.

Сарқандағы кездесуде жерге қатысты арыз-шағым түскенін айтқан Бейбіт Өксікбайұлы: "Маған мынандай хабар, шағым келіп жатыр: жайылымдық жерлерді бөлу бойынша комиссия төрағасы осыдан бірнеше ай бұрын әйеліне 500 гектар жер бөліп берген. Комиссияның төрағасы ретінде өз әйеліңізге 500 гектар жер бөліп беруге этика жағынан ұялмайсыз ба?" - деді аудан әкімінің орынбасарына қарата. Сонымен қатар, облыс басшысы орынбасары Әлібек Жақанбаевқа ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесе отырып осы мәселені тексеруді тапсырды. Аудан әкімінің орынбасарына қатысты арыз мұнымен бітпейді. Жиында оның шаруаларға арналған жеңілдетілген дизель отынын жанар-жағармай бекеттеріне заңсыздықпен құйып беріп отырғаны да айтылды.

Бейбіт Исабаев егер заңбұзушылық анықталса, заң аясында қатаң шара қабылдауды тапсыра келе аудан әкімінің орынбасарына: «Сіздің үстіңізден сондай арыздар түсіп жатыр. Мен облыс әкімі ретінде мұны бақылауға алуым керек. Сіз жақсы мемлекеттік қызметкер шығарсыз. Бірақ заң бәріне ортақ», - деді.

Айта кетейік, сынға іліккен Сарқан ауданы әкімінің орынбасары өңірде негізінен жер қатынастары, ауылшаруашылығы, ветеринария және кәсіпкерлік бағытында жұмыс істейді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан