ӨЛТІРІП ТАСТАЙЫН БА? БАЛАЛАРЫН ҰРЫП-СОҚҚАН ӘЙЕЛДІҢ ІСІН КОМИССИЯ ҚАРАДЫ

Уақыты: 09.09.2022
Оқылды: 1561
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы облысында асырап алған балаларына қол көтерген әйелге сол балаларды қайтадан қайтарып берді. Комиссия сондай шешім шығарған. Алматы облысының білім басқармасы ақпаратты растады.

«Іле ауданы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқығын қорғау комиссиясының шешімі бойынша балалар қайтадан сол тәрбиелеп жатқан әйелге қайтарылды», - делінген хабарламада. Басқарма мәліметінше, комиссияның құрамында аудан прокуроры да бар.

Зура Өмірзақова есімді әйел үш жыл бұрын осы төрт баланы қамқорлығына алған. Әкімдік қызметкерлері үйіне келіп, тиісті тексеру жүргізген. Арнайы психологиялық дайындықтан өткен. Ал қамқорлығындағы жеткіншектердің үлкені - он сегізде, кенжесі - он үште екен.

Айтуынша, балалардың кейде жанжалдасып, бір бұйымға таласып қалатын кездері көп. Сондықтан дауыс көтеремін дейді.

«Осы уақытқа дейін мейірім көрмей келген балалар ғой. Енді-енді түзеліп, міне, төрт жылдың ішінде адам болып келе жатыр. Қазір бәрі қазақша сөйлейді. Домбырада ойнайды. Боксқа қатысады. Күрес үйірмесіне барады. Бәрін істейді. Бірақ енді бала болғаннан кейін бір-бірімен кей кезде келісе алмай қалады. Әйтпесе, мына жақта достары да бар», - дейді Алматы облысының тұрғыны Зура Өмірзақова.

Әкімдік өкілдері Зура Өмірзақованың бүкіл қажетті дайындықтан өткенін және бала асырап алуға үміткер ретінде кезекте тұрғанын айтты. Әрі бұған дейін жалғызбасты әйелдің ешқандай бала тәрбиесімен айналыспағанын растады.

Тексеру кезінде балалардың денесінен ешқандай жарақат табылмаған. Асыранды балалар да оларды қамқорлығына алған анасын ақтаған, жамандамаған. Ал Зура Өмірзақова балаларының мектеп киімдерін дайындап қойғанын және отбасы үшін соңына дейін күресетінін жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әйел адамның балаларға ұрсып, ұрып жатқан видеосы желіге тараған болатын. Онда әлденеге ашулы әйелдің балаға ұрсып, балағаттап, қолына түскен бұйымды лақтырып жібергені анық көрінеді. Келесі жазбада қабырғаға тақап қойып, төмпештей жөнеледі. Тіпті: «Сенің сұрауың жоқ, өлтіріп тастайын ба?» - деген сөз айтады.

Осы видеоны желіге жүктеген жазба авторы келіншектің төрт баланы қамқорлығына алғанын, бірақ үнемі жұмысқа жегіп, қорлық көрсететінін мәлімдеген.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"