"КӨГІЛДІРЛЕРДІҢ" КІТАБЫ САТЫЛЫМДА ТҰР. БІР ЖЫНЫСТЫЛАРҒА ТЫЙЫМ ЖОҚ ПА?

Уақыты: 17.09.2022
Оқылды: 1273
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады», – деп толғанған хәкім Абайдың даналығы бүгінгі таңда күнкөріс қамымен бас ауыртып кеткен көпшілікті бәлендей мазалай қоймайтын сияқты. Елге қызмет етуді мінезден екенін атап өткен ұлт көсемі Әлиханның сөзін де бірі білсе мыңы білмейді-ау!

Бұлай деп ой топшылауға, әрине, тарқатып айтар болсақ, мысал көп. Дей тұрғанмен біз жақында ғана орын алған бір жағдайды ғана айшықтайық. Қазақ әдебиетіндегі кесек-кесек шығармалармен азды-көп сусындаған, ұлт пен тіл, діл дегенде бір тамыры артық соғатын Мөлдір Қуандық есімді қазақтың қаракөз қызы бар. Бұрымының өзін бағзыдағы Данагүл, Айғанымдарға еліктеп отырып өретін сол қыз әлеуметтік желіге көкілдірлердің өмірін насихаттайтын кітапты салды. Әрине, жарнамалап емес, «жанайқайға» басып. Қос еркектің сұлбасын мұқабаға басқан аталмыш кітаптарды «Меломан» сауда дүкені сатылымға шығарыпты. Рухани шығармаларды насихаттап келе жатқан сауда дүкенінінің табан астында өзге сүрлеуге түсіп, арсыздықтың асқан шегі саналатын «көгілдірлер» әлемін әңгімелеп берер кітаптарды жарнамалай бастағанына таңданысын жасырмады.

Ұлттың күретамыры, текті тегершігі болған төл әдебиетіміздегі ұлы шығармаларды жастарға дұрыс насихаттап, «кітап оқу» мәдениетін қалыптасыра алмай отырған уақытта батыстан тағы бір қара бұлт қаптап келді. Апайтөс Алматыдағы дүкенге келіп түскен гейлердің өмірі жайлы жазылған кітаптың қазақ оқырманына керегі қаншалықты деп ойландық. Түршіктік, тітіркендік.

«Меломан» сауда дүкенінде сатылымда тұрған "көгілдірлер" кітабының нақты санын айта алмаймыз. Дегенмен, Эл Си Розен, Кевин Ван Уай, Фил Стэмпер, Люси Даймонд, Тилли Коул, Эмма Скотт, Андре Асиман сынды шетел авторларларының орыс тілінде басылған «На зови меня свойи именем», «В открытое небо», «Найди меня», «Легерь», «Встречайся со мной, Брайсон Келлер» «Сила нашего притяжения» кітаптары сөреде сіресіп тұр.

Аталған сауда желісінің мамандарымен сөйлесіп, мұндай кітапты қазақ қоғамында еркін әрі ашық сатылымға шығарғаны үшін үстінен шағым түсіріп, тиісті жерге арыздану жайлы да ескертулер айтылуда. Мұны біз де қуаттап, тиісінше сатылымнан алып тастауға, ендігіде мұндай «шіріген қоғамның» күл-қоқысын қазақтың руханиятына жолатпауға күш салайық деп едік.

Алайда дүкен иелері: «Сатылымнан алып тастай алмаймыз. Бұл тек үлкендерге сатылатын кітап. Бүлдіршіндерге берілмейді. 18+ белгісі тұрған жоқ па?!» – деп жауап қатты.

Осынау қысқаша диалогтан кейін «қазақтың қазаққа жаны ашымауы осындай елеусіз дүниеден басталады екен-ау» деген ойға қалдық. Өйткені, бізге осынау жауапты берген де қазақтың баласы еді. Онымен қоса бұл сорақы кітаптар орыс тілінде басылды дегенмен, бүгінгі қазақ оқырманының дені орыс тілінде кітап оқып, әлем әдебиетінің классикалық туындыларын сол тілде тілшелеп жатқан жоқ па? Орыс тілінде сөйлеуді мақтан көріп жүрген қалалық жастардың көпшілігі қазақ тілінде басылған кітаптарға жоламайтынын тағы ескеріңіз.

Еркектің еркекке, әйелдің әйелге үйір болуы бүгінгі күні пайда болған жайт емес. Бұл - сорақылықтың түп бастауы Лут қауымына барып тірелетінін дін тарихынан хабары бар ел біледі. Байлық пен барақатты ғұмырдан безініп, ләззат атаулының бәрінен жалыққан Лут қауымы ақырында еркек пен әйелді талғамайтын күйге жеткен. Тиісінше Жаратқанның қаһарына ұшырап, жермен жексен болған. Ал бүгінгі күні қазақ қоғамында мұндай адамдарды «рухани мешел» жандар деп бағалайтындар да бар.

Қалай бағаласақ та, бұл айуандық қатынасқа нақты тыйым салатын заң да болмай тұр. Біржыныстыларға шек қоя алмаған билік тәрбиесін түзден алған қазақ баласына кейін тәк дей ала ма? Қазақ руханиятының бесігі болған Алматының қақ төріне тексіздікті тәлім еткен кітап келгенде мінезін көрсетпеген сатушыдан бастап, осынау жайтқа «көзжұмбайлық» жасап отырғандар ертең ұлтқа қызмет еттім деп айта ала ма?! Бұл сауалдардың да, "көгілдірлер" кітабын жарнамалаған зауалдың да түбінде сұрауы болары хақ.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ