ЕСТІ КІСІ БОЛҒЫҢ КЕЛСЕ, АЙЫНА БІР РЕТ ӨЗ-ӨЗІҢЕ ЕСЕП БЕР! АБАЙДАН ҚАЛҒАН НАҚЫЛ СӨЗ

Уақыты: 02.10.2022
Оқылды: 2462
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Адамды адам ететін еңбек, ақыл, қайрат, білім, өнер, қайырлы әрекет, әдепті әдет. Пайдасыз әдеттер кісінің өміріне зиян тигізуден аспайды. Бұл турасында Абай атамыз 18-ші қара сөзінде: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық», – деп тұжырады. Рас сөз!

Жақында АҚШ-қа іссапармен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ жастарының басын қосқан «Digital Nomads» қауымдастығының мүшелерімен кездесіп, әңгіме-дүкен құрды. Әлемнің төрт тарапындағы алпауыт технологиялық компанияларда жұмыс істейтін 400-ден астам ІТ-маманның басын біріктірген қауымдастық отырысында сөз сөйлеген қазақ қызының Microsoft компаниясында лауазымды қызмет атқаратынын білген ел Президенті елге келіп, мемлекеттің өркендеуіне үлес қосуға шақырды. Ана тіліне жетік қарындасымыздың бойындағы отаншылдық рух, ықылас-пейіл кім-кімді де қуантары анық.

Президент қашанда ұстамды болуы керектігі белгілі, бірақ сол жолы Қасым-Жомарт Кемелұлы бойын мақтаныш сезімі кернегенін жасыра алмады. Ол сезім ұлттың келешегіне, ұрпақтың саналылығына деген шынайы қуану екенін байқамау мүмкін емес. Міне, бүгінгі жастардың қатарласынан ақыл, қайрат, біліммен озғандығының белгілі осы.

Қазір қалтамызда жүрген әлеуметтік желілерге телміріп қалғанымыз ащы да болса шындық. Сағаттап отырудың кесірінен маңызды жұмыс жайына қалып, зиянға ұшырап жүргендер қаншама?! Бүгінгінің тілімен айтқанда «хайп» қуып, ербеңдейтін "Тик-ток" түсіруге құмар жастарымыз әсіреқызылдыққа бейім болып бара жатқандай. Тик-токшыл көкіректің тереңінде қаңғырлаған қуыстан өзге түк жоқ екенін көріп жүрміз. Әрине, заманауи технологияның тілін меңгеріп, қажетті саланы бағындыру керек-ақ. Алайда құр ыржаңмен, бос күлкімен, мағынасыз ербеңдеумен уақыт өлтіру не береді?! Өзімізді ұятқа қалдырудан өзге ештеңе емес. Шынында әркімнің аңсаған арманы, көздеген мақсаты, алға қойған мұраты бар.

Бірақ аласа меже, жақын нысана, мәнсіз-мағынасыз мақсат адамдықты өсіре ме? Шыққан биігің асқақтап тұрса да, ел мен жерге, ағайын-туысқа жаны ашымайтын қайырсыз адам болғаныңнан не пайда?! Міне, осынау сауалдарды өзімізге қойып, ар-ұятымыздың алдында есеп алғанда ғана алға жылжып, абырой биігінен көрінеріміз анық.

Бұл жөнінде тағы да Құнанбай қажының ұлы: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен-өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» – деп бізге жөн сілтейді. Ойландырады!

Ойлану демекші, бүгінгінің балалары терең ойға, парасат-пайымға, даналыққа бас қатырудың орнына жеңіл-желпі сөз, қысыр пікір айтуға құмарланып барады. Тіпті, мәселенің байыбына бармастан кесірлі қылық көрсетіп, ғайбаттауға дайын тұрады. Оның дәлелін әлеуметтік желілерге жарияланған өзекті мәселеге жазылған пікірлерден көру қиын емес. Қысқасы бүгінгі әлеуметтік желілер қазақстандықтардың ашу-ызасын, нала-мұңын төгетін мінберге айналғандай әсер қалдырады. Әркім өзі қалаған уақытта, кез келген пікірін жазып, санасын сілкінткен сөздерді ретсіз шаша салатындай. Оның біреуге тиетін зардабы бар екенін ойлап жатқан ешкім жоқ. «Бәрі істеп жатыр ғой» деген сөз ақталуға жатпайтынын білсе де, білмегендей күй кешеді. Ең сорақысы өз кінәңді мойындай алмау екенін қашан ұғынамыз?!

Соңғы жылдары, өскелең ұрпақтың білім алуға деген құлшынысы бәсеңдеп қалған сыңайлы. Оны «Сovid-19» вирусының таралуын тоқтатуға арналған карантиндік шаралар қабылданған 2020 жылы мектеп оқушыларының білім деңгейі күрт төмендеп кеткенінен байқадық. Ата-ана үйінде жатқан баласын оқыта алмай ұстаздарға қарата неше түрлі аудио-видео жазба жолдағанын сол тұста көрдік, естідік. Бұл ешқандай да қалжың немесе күлкі емес. Сол күндердің ащы ақиқаты еді.

Мектептің, мұғалімнің бағасын сол тұста білдік, салмақтадық. Сөйтіп ұстаздар қауымына айтылар сынның негізсіз екенін ұғынғандай болдық. Яғни, ойланбай айтқан сөзіміздің ешқашан тура болмайтынын өмірдің өзі көрсетті. Оны да ақ пен қараны ажырата алатын жан жақсы түсінді. Ал жөн сөзді қабылдағысы келмейтіндер баяғы әуенінен жаңылмады.

Сондықтан, қадірменді оқырман, елдігіміз, мемлекеттігіміз баянды болсын десек, ұрпағымызға дұрыс тәрбие берейік, оң жолға бағыттайық, жөн көрсетейік! Әйтпесе, жалқаулық, кертартпалық, кежірлік, надандық сынды жаман әдеттер бізді ұлт ретінде құрып кетуімізге апарады.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөзді Мұхтар Әуезов бекер айтпаса керек. Ендеше, бесігімізде жатқан келешекке мұқият қарайық, білім көкжиегін кеңейтіп, санасын ұлттық құндылықпен байытайық!

Мәди АЛЖАНБАЙ