ҰЗЫНАҒАШТА МАЛ ҰРЛЫҒЫМЕН АЙНАЛЫСҚАН ӨЗБЕК АЗАМАТЫ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 01.11.2022
Оқылды: 2461
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Жамбыл ауданында 105 мал ұрлаған күдікті ұсталды. Ол 78 малды сатып үлгерген. Күдікті Өзбекстан азаматы болып шықты.

«Жамбыл ауданы полициясының кезекші бөліміне Алматы қаласының 44 жастағы тұрғыны арызданып, 22 қазан күні түнде жайылымнан 105 бас қойы ұрланғанын айтты. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы, 3-бөлігі, 1-тармағы бойынша тіркелді. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында аталған шаруа қожалығында малшы болып жұмыс істеген Өзбекстан азаматы күдікті ретінде анықталып, ұсталды. Күдікті сеніп тапсырылған 80 бас малды жүк көліктерін жалдап, көршілес Жамбыл облысының Шу қаласындағы мал базарында 78 басын 3 276 000 теңгеге саудалағаны белгілі болды. Сонымен қатар ұрланған 25 бас қой табылып, тәркіленді. Ұсталған азамат бұлтартпас дәлелдерден кейін өз кінәсін толық мойындады», - деді Жамбыл аудандық полиция бөлімінің бастығы Асхат Данияр.

Табылған мал заңды иесіне қайтарылды. Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"