МӘСЕЛЕ: ЖАСТАР НЕ ТҮСІРІП ЖҮР? ТРЕНДТЕ КІМ?

Уақыты: 16.01.2023
Оқылды: 1261
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Тренд – заманнан қалмау және соған ілесе отырып сұраныста болу. Бүгінде Қытайдың «ByteDance» компаниясына тиесілі Тик-ток желісі әлемде танымал, қолданушылары да көп. Елімізде тик-ток желісіне тіркеліп, видео жүктегендердің көптігіне байланысты компания біздің жерімізде офис те ашамыз деген. Ал сол желіде жастарымыз не түсіріп, кімді трендке шығарып, қай видеоны рекке айналдырып жүр? Бүгінгі күннің сауалы осы.

  Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарымыздың басым көпшілігі Instagram мен Tik-Tok желісінде отыратынын және соларға арнап ел тарихы бойынша арнайы парақшалар ашып, үлкен жобалар жасау керегін айтқан. Тик-Ток желісінде бүгінде Президенттің әр сәтін қысқа-нұсқа видеомен баяндайтын ресми парақша да бар. Тарих турасында, ел мен жер жөніндегі бейнелер де жақсы қаралым жинайды, алайда рекке (желідегі танымал видео) айналғаны сирек. Әртүрлі видеолар жинақталып, желіде кез келген адам қалағанын шектеусіз салғандықтан  сүзгісіз жүктелгендер көп. Желі ережесі де осы тұста осалдау.
   Тик-ток желісі – талай таланттың елге белгілі болып, өнерін, шеберлігін ел арасында шынайы бағалауға таптырмас құрал болды. Қалағанын қарап, ұнағанына «лайк» басып жүргендер нағыз шеберлерді де шет қалдырмады. Мәселен, Асыл Ахметова есімді қыз желіде үйір-үйір жылқы бағып, жұртқа ауылдың өмірін көрсету арқылы танымал болса, Данияр Сеңгірбай математикалық есептерді оңай шешу жолдарын көрсетіп берді. Миллионнан астам жазылушысы бар Ұлан Үсенов тұрмыстық жағдайдағы түрлі лайфхактар ұсынумен ерекшеленіп жүр. Ән айтып, би билеп үлкен сахнаға жолдама алғандары қаншама?! Бұл турасында оқушы Айман Еркінова «Арнайы аккаунттар арқылы сабақты түсіндіретін қысқа видеоларды көрсе, онда ол пайдалы. Ал жағымсыз тұсына үңіле берсе, зиян» дейді.  
  Жалпы ғаламтор қолдана білгеніңе қарай пайдасын тигізеді, болмаса зиян келтіреді. Сол сияқты Тик-ток желісінен шетелдің қаңсығын таңсық қылып, тренд деп тәрбиесіздікті төрге оздырып жүргендер де бар. Мәнсіз ән мен мағынасыз видеоларды да көптеп кездестіруге болады. Екі ауыз сөзінің бірі былапытқа толы трендтер де толып жүр. Тікелей эфирде жарысып, жеңілгендері беті-басына жазу жазып, жеңгеннің әртүрлі миға сыймайтын тапсырмаларын орындауда. Өкінішке қарай,  соларды қарайтындар да аз емес. Әр сөзінен артық кету көрініп тұратын Сампо, Ханата сынды жағымсыз жандардың да желіде жанкүйерлері жетерлік. Ондайды көргенде ішің қынжылады. Қоғамдық орындарда айтқан әр былапыт сөз үшін айыппұл төлеу туралы Заң әлеуметтік желіде отырып алып аузына келгенін сөйлейтіндерге де арнайы бір жаза қолдану керек.
  Жалпы, желіні пайдалану турасында психолог Жанар Таңсық: «TikTok»-тың  пайдалы тұсын айтып ақтаушылар жететін шығар. Алайда ешкім жалтара алмайтын факт – «TikTok» клиптік сананы қалыптастырып жатыр. Яғни,                      15 секундтан – 3 минутқа дейінгі ақпараттар жадыға бірден еніп кете алмайды. Өз кезегінде бұл есте сақтауды кешеуілдетеді. Әр адамның жадының нашарлауына алып келеді», – дейді.
  Орыстың атақты әскери қолбасшысы Александр Суворовтың «Ақша қымбат, адам өмірі одан қымбат, ал уақыт бәрінен қымбат» дегені бар. Кез келген желі уақытты тиімсіз өткізіп алудың бірі сияқты көрінеді. Өз ісімізбен уақытты дұрыс бағытқа арнауға тырысуымыз керек. Әр видеоны қызық деп қарап отыра беріп, уақыттың қалай, неге кеткенін аңғармай қалудан абай болайық!

 

Серік ҚАНТАЙ,
Жетісу облысы