"МАСҚАРА!": БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ЕСЕПШІСІ МЕМЛЕКЕТТІҢ 116 МИЛЛИОН ТЕҢГЕСІН ҚҰМАР ОЙЫНҒА САЛЫП ЖІБЕРГЕН

Уақыты: 16.01.2023
Оқылды: 1661
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Адамның масқара болуы оп-оңай. Білдей бір ұжымның еңбеккерлері сеніп жүрген Жетісу облыстық балалар ауруханасының есепшісі мемлекеттің 116 миллион теңгесін букмекерге салып, құмар ойынға құныққанын байқамай қалған. Бұдан асқан масқара болмас?!

Жетісу облыстық экономикалық тергеу департаменті мамандарының хабарлауына қарағанда 28 жастағы бухгалтер бюджет қаражатын бір жылдан астам уақыт бойы құмар ойынға жұмсап келген. Алдымен банктік картасына аударып алған ақшаны букмекерлік шотқа салып отырған күдікті қылмысын толық мойындаған. Қазір тергеу амалдарына байланысты қамауға алынған.

Бұған дейін Талдықорғандағы облыстық балалар ауруханасының қызметкерлерінен бірнеше айдан бері зейнетақы, әлеуметтік және медициналық төлемдер алынбай жатқаны айтылған болатын. Онда да дәрігерлер міндетті төлемдердің төленбегенін несие рәсімдеу кезінде және ауруханаға емделуге барғанда бір-ақ білген. Құмар ойынға құныққан есепшінің әрекетіне түсініктеме берген Жетісу облыстық экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Аслан Бидасов:

– Жалпы аударған сомасы бір жылдан астам уақыттың ішінде 116 миллион теңгеге жеткен. Оның жасаған әрекеті ауыр қылмысқа жатады. Сондықтан оған 7-12 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – деп мемлекет қаржысын оңды-солды шашудың жазасы оңай болмайтынын жеткізді.

 Шынында кісі ақысын жегеннің жұтқаны желкесінен шығатыны анық.

 

Мәди ӘСЕТҰЛЫ,
Жетісу облысы