БЕКЖАН ТҰРЫС: «АУЫЗЫ ДУАЛЫ, СӨЗІ УӘЛІ ҚАРТ АЗАЙДЫ»

Уақыты: 27.01.2023
Оқылды: 1553
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бекжан ТҰРЫС, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері:

Көңіл түпкірінде жатқан сөзді көп жерде, журналистерге берген сұқбаттарда айтып жүрміз. Күлбілтелемей ағылып, күпсектемей төгіліп тұжырымдаған толғамым кей адамға ұнамай қалуы мүмкін. Өйткені, шындық қашанда ащылау келеді. Ақсақал мен шалдың парқын, нарқын Бауыржан Момышұлы жіліктеп-талдап айтқандықтан, жалпы шал болу тұрғысында аз-кем толғанған жөн.

Бұрындары ұрпағының тамырын тәрбиенің таза шырынымен сусындатқан, қарасирақ балаларды тәртіпке салған ауылдың қара шалдары бар болатын. Қазір «шал» деп шалдыра кемсітеді десе де, шал болудың өзінің салмағы ауыр екенін бағамдаймыз. Мен кешегі шалдардың етегінде жармасып өскен баламын. Біз оларды  қадірлеп, қара шаңырақтың құты деп білдік.

Өткеніңді безбендесең кешегі қара шалдардың дені ауызы дуалы, сөзі уәлі, істеген ісі тыңғылықты, ойы терең, дала заңы мен Құранның қағидаларын жетік білетін жүйрік тілдің иелері екенін танисың. Үстінен дала мен тердің иісі аңқып тұратын. Арғысы Құраннан, біргісі жыр-дастандардан қисса айтып Ұлы Даланы билеген бабаларды аңыз етіп отыратын. Парасатты ойдың тұмасы, текті тіркестің нәрлі бұлағы іспетті еді. Олар ел мүддесін қорғай білді. Көңілі даладай, мінезі баладай, сенгіш, ескі мен жаңаның арасын жалғап отыратын ұлт рухының қайыспас қара нарлары, міне, солар! Өкінішке қарай, қазір ондай сипатқа ие қартты таба алмаймыз.

«Бұрындары бір ауылды уыздай ұйытқан, жұрттың жүрегін сүйген қариялар бар еді. Қазір биліктің білегін сүйген шалдар көбейіп кетті», деген бір кездегі пайымыма кейіпкер жан көбейді. Биліктің бейдауа сөзін емес, ашынған елдің ақиқат өмірін айтатын қарттарымыз құтты топырағымызда сарқылып бара ма деп сабырың қашады. Кеудесі кенді кешегілер жұртының жыртығына жамау болды. Ал қазір сондай қарттарды таба алмай жүрміз. «Атағынан ат үркетін» аға-аталарымыз көп, алайда алты ауыз сөздің арқауы болар ой айта алмай жүр. Атағы бар сақалы жоқ, жиын-тойда бата, қаралы жерде «Ықылас» қайыра алмайтын шалымыз көбейгені де – шындық! Ақиқатын айтсаң, сын көтере алмайды өздері. Заманындағы қарттардың ауызында айтары болды, көп нәрсені тілге тиек, сөзге сүйеу етті. Ақселеу Сейдімбек ағамыз: «Ақыл-парасат дегеніміз тостағандағы сүт емес, дүниеге жаңа келген адамсымақтың аузына құя салатын. Сондықтан, жас ұрпаққа ұдайы тәрбие керек», деп айтатын. Сол тәрбиені кім берді бізге? Түйесін түгендеп, жылқысын жүгендеп, тентірегенін тезге, тентегін жөнге салған сол қарияларымыз емес пе?! Ауылдағы дүниенің бәрін ауылдағы абыздар шешуші еді. «Төрелік айтатын төбе би болмаса ру жетім, ақыл айтып, бағыт көрсетіп жөн сілтейтін ақсақал болмаса ауыл, әулет жетім», деген толғамым да сондықтан тілден төгілген-ді.  

Шіркін-ай, бұрынғы аталарымызды аңсаймыз. Бейнеттен шүмектеген терінің иісін сағынамыз. Тақияларының иісіне іңкәр боламыз. Қалай десек те, ол кісілердің санатына бүгінгілерді жатқызудың өзі ауыр. Оралхан Бөкейдің:  «Біз қатігезденіп барамыз. Бабалардың батасын ұмыттық, ішіп-жемнің құлымыз», дегені санаға салмақ салады. Ал жазушы айтқан сол батагөй ақсақалдарымыз қазіргі таңда жоқтың қасы. Тіпті, кешегі Қаңтар оқиғасы кезінде қалжыраған халқымның қажымас серігі болар, жөн көрсетіп, иек сілтейтін ақсақал таппай қалғанымыз да рас...

Кезінде ақсақалдарымыз бізге қазақылықты керемет деңгейде түсіндірді. «Сендер ет жеп, сорпа мен қымыз ішіп, наурызда ұлттық киім кигенге қазақпыз деп жүрсіңдер. Сыртқы кейіп емес, адамның ішкі болмысы, өмірге көзқарасы қазақы болу керек. Өз баласын қазақша оқытпаған, әніне, тіліне, діліне, дәстүріне, шежіресіне жақындатпаған жан қазақы рух туралы айтпай-ақ қойсын. Көпіріп сөлемесін!», – деп отырушы еді. Осы айтылған құндылықтар әр отбасында бар еді. «Жеті атасын, тегін білмеген бала күллі қазақтың тарихына немқұрайлы қарайды» дейтін шалдарымыз. Осындай кемсаналылық, жүгенсіздік, немқұрайлылықтан қайтарып отыратын қарттардың өнегесі өміршең еді. Жат қылығымызды көргенде арқамыздан аямай қамшымен осып-осып жіберетін.  Содан кем болған баланы көрген жоқпыз. Керісінше айбынды қарттың ақылын тыңдап, алтын басын қадірлеп, сыйлап тұрушы ек. Қазір ділмар даналығынан сусындаған, ата өсиетінен өмір сабақтаған, пайым түйген сол жүйе бұзылды. Бірдеңе айтсақ «заман бөлек» дейді. Кешегілер айтқандай заман қаз-қалпында тұр. Қазір адам, адами құндылық өзгерген. Бүгінгілер жаттан тәлім тарқатқанды жөн көрді. Ақселеу қарт айтпақшы «тым батысшыл» болып барамыз. Батыстың «мотивация» деп күлкіңді келтірген психологтарын үлгі тұту өріс алды. Әйелдер қауымы солардың ығына жығылды. Басында бөзі, мұра құлатын сөзі бар, «тәйт» деп түйіп тастайтын апаларымыз да көп еді. «Салтқа жарар дүниең санаңда, кәдеге жарар тірлігің қолыңда, ата-баба аманаты мойныңда жүрсін», дейтін ғазиз жүрек иелері де сарқылғандай.

Бүгін тарихта жоқ нәрселерді іздемей, қисынсыз қиялдардың құрбаны болмай, өз құндылығымыздың ішінен қажеттісін анықтап алуымыз керек? Міне, сол құндылық дегеніміз біздің қартарымызда еді. Жоғарыда айтқан дала заңына бой ұрған, дәстүрін дәріптеген күнді қайтаруымыз керек. Алпыстың асқарына шығып, жетпістің желкенін керген ағаларымызды ақсақал тұтайын десең: «Сен немене, мені шал қыла алмай жүрсің бе!», деп тіксиеді. Асқар Тоқпанов: «Айналайын, қарттыққа жас кезден дайындал. Жастық өтті қош дегем жоқ, қарттық жетті тос дегем жоқ. Ертең жөнді қария бола алмай қаласың», деп жиі айтатын. Шын ғой енді, қарияның қазыналысы, қазымыры бар. Қазымыр болмай, қазыналы қартаямыз десек, бәрін баяндап отыратын, дала заңын, Құранның қағидаларын, жыр-қиссаларымызды жадымызда жаңғыртуымыз керек. «Мықты қарт мықты жастан шығады» деген Қадыр Мырза Әлі пайымына лайық жастарды ұлағатпен, тәліммен тәрбиелеген жөн.

Бұрындары ақсақалдар бізді жанына шақырып алып терме айтқызатын, соғым бастарда жоралғының әрбірін жіліктеп түсіндіретін. «Бұл қазақтың қастерлі тағамы, берекені бекемдеп, бірлікті сақтап білік қосатын, ағайынның араздығынан, реніш-наразылығынан ада қылатын қастерлі тағам, түсінді бе?», дейтін. Терме тәрбиенің тәлімдік құралы екенін ұғындыратын. Қазір үлгі тұтар өнегесі, қадір тұтар қасиеті жоқ шалдар қоғамда жиі көрініс береді. Әлі күнге 100 граммды тығылып ішеді. Осы орайда Мырзагелді Кемел ағаның әңгімесі ойға оралып отыр. «Бір шал үйіне келіп келініне: «Әй, көрдіңдер ме? Ана Бауыржанның келіні Зейнеп Ахметова атасы жайлы кітап жазыпты. Біздің келіндер қашан сондай болады екен, – депті бәлсініп. Сонда келіні: – Ондай кітап жазу үшін атасы Бауыржандай болу керек қой», депті. Шындығында сөз қадірін өз қадірім деп білген парасат иелерінің сарқыты болған біздер қалай қартаямыз, жастарға сөзімізді өткізе аламыз ба деген мәселе де өзекті. Біз кешегілердей лайықты қарт бола білуіміз керек деп ойлаймын!

Әңгімені жазып алған
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ