ЖЫНЫС АУЫСТЫРУ: ДЕРТ ПЕ, "ТРЕНД" ПЕ?

Уақыты: 15.02.2023
Оқылды: 2468
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Жынысын ауыстыру тренд пе, дерт пе? Кейбір жастар осы жолды дұрыс деп ойлайды екен. Халқымыз ұлт болашағын жастарға нық сеніммен тапсырып, өркениетіміз бен мәдениетімізді жалғастырады деп үміт күтіп отырғанда, әлгіндей оспадар шешімге барып жүрген қаны мен қалыбы бір бауырларымыз тектілігімізге таңба салғандай әсерде қалдыратыны да жасырын емес.

Рас, қазіргі таңда медицина қатты дамыды. Жыныс мүшеңді қалағаныңша ауыстыра аласың. Бірақ жаратқан сомдаған саф болмысыңды қалағаныңдай ауыстыра беруге болады деген пайым түбірімен қате емес пе? Мұндай бассыздыққа жол беру ел болашағына балта шабумен тең. Дәл осындай шақта, «батысқа еліктейміз деп бассыз қалмасақ болғаны» деген ой да санаға салмақ салады.

Бабаларымыз ұрпағынан үлкен үміт күтіп, бағасы өлшеусіз құндылықтарын қалдырып кетті. Сол асылдарын сақтай алмай жүрген жастарымыз жоқ емес. Біз сөз еткен отаның һәм жыныс ауыстыру үрдісінің түпкі тарихы батыс елдерінен бастау алады. Медицинаның көмегімен жаңа туған сәбидің жынысын ата-анасы өз қалауынша ауыстыра алған. Содан бері жалғасын тауып келе жатқан жат дүниені бүгінгілер трендке айналдырғандай. Бұл дерт екенін көпшілік білсе де, жұқалтаң мінезді, жеңіл ойлылар пікірімізбен келіспесі анық.

«Қазіргі жастардың психикасы әлсіз» деп жатамыз. Шындығында ота жасатуға, табиғат сыйлаған болмысынан өзгеруге талпынғандардың дені үйінде ата-ананың қорлығын көрген, зорлық-зомбылықтың құрбаны болған немесе басқа адамдардың мазақ сөздерінен шаршағандар екен.

Алайда бұл жстардың ғана қатарында болып жатқан жайт емес, тіпті, ес тоқтатты деген ересектер де қалыс қалар емес. Түпкі мәнісін сараптаған писхологтар мен ғалымдардың айтуынша «Адамның ішкі жан дүниесінің екіге жарылып, психопатологияға ұшырауынан болуы мүмкін» деген болжам бар. Қалай десек те, қоғамда дүрбелең туғызған осынау кейіптегі жандарға арнайы комиссия шешімінен бас тартуға үгіттейтін көрінеді. Егер оған көнбесе ақша үшін ауыстырады. Бұл ота бірнеше сағат ішінде жасалғанымен, оған дайындық барысы 1 жылға жуық уақытқа созылады екен.  Жынысын өзгерткендер әрі қарай өмірін жалғастыру үшін гормондық дәрілердің шырмауына түседі. Ер адамға айналу үшін «тестестерон», әйел адамға «эстроген» қабылдау керек. Алайда, әу-бастағы табиғи гормондары бойында қасықтай болса да сақталып қалады. Сол арқылы табиғатынан қай жынысты болғанын біле аламыз. Қалай десек те, осындай мәліметтерді оқығанда жаныңды қоярға жер таппайсың. Неткен жиіркенішті, тән тітіркендірер, шан шыңғыртар адасу еді.

«Тик-ток» желісін ашсаңыз болды тікелей эфирде өзі туралы айтып, адамдардан ақша алып, оспадарсыздықты опынбай-ақ насихаттап отыратындар жетерлік. Қазіргі адамдардың бұған көзі де, еті де үйреніп қалды. Олардың пікірлері екіге жарылып, бір тыңдарман шімірікпей мақтап жатса, бірі қасиетсіз үрдісті даттауда. Сондықтан да мақтаушылардың, бейжай қарайтын, немкетті көзқарас танытатындардың қарасы қалыңдамай тұрып осынай дүниені қоғам болып түбірімен жоюға күш салуымыз керек!

 

     Мадина ӘЛМҰРАТОВА,
   І. Жансүгіров атындағы ЖУ-нің
      3 курс білімгері