Қазақтың жыртығын кім жамайды?

Уақыты: 08.06.2023
Оқылды: 2685
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ежелгі Рим империясы. Тағдыры сәтсіздікке толы 9 легион. Испанияда жасақталған бұл легион (легион – 4420 сарбаздан тұратын әскери құрылым) көтерілістен көз ашпаған отар Британияға аттанады. Апеннин түбегіндегі империя билеушілері біршама уақыт сол жасақтан хабарсыз қалыпты. Себебі кельт тайпалары құрған пикта одағынан ойсырай жеңіліп, легионның тарихтан жойылу қаупі туындаған еді.

Рим билеушілері аквиласын (рим легионының символы) астанаға алдырып, легионды қайта жасақтады. Өйткені легионның жойылуы империяның күйрегенінен хабар беретін еді. Ал бүркіттің бейнесі бар аквила қандай жағдай болмасын жаудың қолында қалмаған. Аквила – тек легионның ғана емес, тұтас империяның рухы еді. 

Бергі дәуірге оралайық. Автобус аялдамасы. Басына ақ бантик байлаған қаршадай қыз жерден түймедей затты көтеріп алды. Аялдама орындығына әбден жайғасып, қалтафонын тінтуге көшкен анасы қызының әрекетін байқаса керек, байбалам сала жөнелді. Айтуынша, жердегі лас дүниені алуға болмайды. Кішкентай қыз ақталып әлек. Бақсақ, 1 теңге екен. Әлгі бүлдіршін анасына ақшаға қызықпағанын, сол ақшаның бетінде Қазақстанның Елтаңбасы барын, оны аяқ астына тастауға болмайтынын, мұны ұстазы түсіндіргенін тәптіштеп айтып  жатыр. Іштей сүйсіндік.

Шыны керек, қазір 1 теңге қоғамдық орында жиі шашылып жатады. Мұны жұртшылық ақша құрлы көрмейді. Теңгеде құн қалмағалы қашан?! Бірақ, теңгенің арғы бетіндегі Елтаңбадан құн кеткен жоқ. Себебі, ол – Қазақстанның елдігінің, егемендігінің символы. Бірақ, сол таңбаның аяқ астында тапталып жатуы қынжылтады кәдімгідей. 

Тағы бір мысал. Дүкеннен «Қазақстан» шоколадын алған бала ішіндегі тәттісін жеп болған соң сыртқы жабынын қоқыс жәшігіне тастай салды. Жәшікте шылым тұқылы, сусын қалбыры, тіпті, жыртық шұлық та жатыр. Ал соның бетінде көк шоколад жабындысы бар. Қазақстанның көк Байрағы. Әлемдік додада саңлақтардың бар қарсыласын жеңіп, мойнына алтын медаль ілген сәтте көзіне жас алып, елінің абыройын асқақтатқанына іштей разы болып, иығына жамылған көк Туды сүйген сәті көз алдыңызға елестеді ме? Сол Тудың жеңіс  тұғырында бәрінен биік тұрғаны сізді де елжіретті ғой. Өйткені, көк жүзінде жарқыраған күн астында қалықтаған қыранның бейнесі бар көк Байрақ та еліміздің бір рухы, бір айбаты. 

Елімізде патриоттық шаралар жиі өтеді. Әрбірінде алаулатамыз, жалаулатамыз. Көк Байрақты төбемізде тербетіп, кішкене жалаушаларды қолымызда бұлғақтатамыз. Жиын аяқталған соң үлкен Байрақтар құзыретті мекеменің еншісіне қайтарылады да, көшірмесі кішкене тулар ұстағанның қолында кетеді. Қажет етпегені қоқысқа тастай салады. Бұл да жүректі дір еткізетіні жасырын емес.

Әлемдік онлайн сауданың қызған нүктесі AliExpress сайтында еліміздің рәміздері бедерленген бұйымнан көз сүрінеді. Дастарқаннан бастап, кеудеше, күртеше дегеннің неше атасы табылады мұнда. Бірақ, көк Байрақты еден төсенішіне, шұлыққа, өзге де табан астында болар бұйымдарға бедерлеуі төбеден мұздай су құйып жібергендей әсер қалдырады. Рухы тапталған жанның кешер күйі де дәл осындай болмақ. Осы ретте бір ой қылаң береді. Демократиялық үдерістің әлемдік көшбасшысына айналған АҚШ-тың туы да түрлі бұйымға арқау болыпты. Көгілдір экраннан тамашалап жүргеніміздей, американдықтар жұлдызды жалауын іш киімге де бедерлей салуға арланбайды. Бірақ Қазақстан АҚШ бола алмайды ғой. Біздің тұрмыс дағды басқа, Америка мүлдем басқа. Мұны да назардан тыс қалдыруға болмас. 

Мысалдарды жіпке тізген моншақтай жайдан-жай жазғанымыз жоқ. Кәдуілгі тұрмыста не жай, не дүние қолданыста көп болса, соның мәні мен сәні кететінін көз көріп жүр. Қарабайыр тілде айтқанда не көп – сол қадірсіз. Ел рәміздерін тұрмыста мұншалықты көп пайдалану оның құнын жоймай ма? Елдігімізді асқақтатар нышандарды әр жерге жапсыра беру патриоттық отын үдетпейді. Есесіне, оның сүйкімін кетіреді. 

Жуырда Қара теңіз Экономикалық ынтымақтастық парламенттік Ассамблеясында Украина белсенділері елінің туын иығына жауып тұрған сәтте көк-сары түсті нышанды жұлып алған ресейлік делегаттармен үлкен жанжал туындады. Жаға жыртысып, мұрын да қанады. Себебі, украиндықтар өз рәмізін ешкімнің аяқасты етуіне жол бермейді. Бұл да бір дәйек.

Жоғарыда айтқанымыздай, қазақтың рухын, Қазақстанның айбынын асырар нышандарды қолдану аясын заңмен шектеу керек, не тиісті заңды қатаңдату аса қажет. Әйтпегенде, Әнұраны айтылғанда кеудесіне қолын қойып, тәу етпейтін, өзге рәміздерін аяқасты ететіндер толастамайды.

Ойды ой қуады. Мұны да айтпай болмас. Қазақтың рухы мен айбыны тек рәміздерге ғана телініп тұрған жоқ. Ұлтымыздың дәстүрі мен салты, тарихи тұлғалары да әспеттелуі тиіс. Қызық дәйек, Расул Ғамзатов деген Дағыстанның ақиық ақыны бірде АҚШ-қа жиынға қатысуға барады. Сонда бір қандасы ақынды іздеп келіп (АҚШ-та тұратын) біраз дидарласқан соң өзі салған картинаны Дағыстандағы кейуана шешесіне сыйға беріп жібереді. Р. Ғамзатов еліне келген соң әдейі қарияны іздеп барып суретті табыстап, сәлемдемесін жеткізеді. Ой, құдірет-ай, қария суретке («Дағыстан аруы» деген картина) қарап тұрып: «Ол кісі сенімен қай тілде сөйлесті?» – деп сұрайды. Р. Ғамзатов екеуі ағылшын тілінде сөйлескенін жеткізгенде  картинаны ысыра сап: «Менің ұлым әлдеқашан өлген», – депті. Өз ұлын қай ана өлдіге қисын? Бірақ осы оқиға ұлдан ұлттың артық екенін аңғартып тұр емес пе? Ұлттың қасиеті – тілі, діні, ділі емес пе?

Ал бізде ше? Бәзбіреу жын қуғандай билеп, домбыраны жерге соғып быт-шытын шығарады. Ешкім ештеңе демейді. Қазақтың сәукелесін киіп тыржалаңаш бейнесін әлемге жолдайды басқа біреу. Ол да тып-тыныш өмір сүре береді. Енді кеп тағы біреу Абай мен  Әлиханның, Ыбырай мен Ахметтің, қазақтың қазақ болуына ғұмырын сарп еткен қасиеттілердің суреттерін  шетелдің не мәні, не мағынасы жоқ әніне билетіп, тик-ток түсіреді. Мұның бәрі қазаққа істелген қиянат емес пе?! Біреудің қоршауына не үйіне баттастыра жазу қалдырып, болмаса сурет салып кетсең, олар сені міндетті түрде сотқа сүйрейді. Болмаса бұ дүниеде жоқ атасын, не әкесін келемеждеп дәл осылай видео түсірсең жазаланасың. Өйткені олардың ұрпағы мұндай басбұзарлық істетіп қоймайды. Ал қазақтың жыртығын кім жамайды? Кешеге дейін Кеңес өкіметінде білім алғандар Ахметті, Әлиханды «халық жауы» деп оқып келді. Қазақ тәуелсіздігін алған соң аруақтылар орнынан бір аунап түскендей еді. Тірісінде разылық көрмегендер өлісінде де тыныш жата алмайды-ау. Осындай нәрсені шешеннің біреуі істесінші, күллі Шешенстан аяқтан тұрып, әлгі басбұзарды тірі қоймайды. Шешеннің жаман жолға түскен қызы туралы фильм түсірмек болған режиссердің жайы соған дәлел.

Жалпы, ұлттық рухты әспеттер рәміздерімізді, салт-дәстүрімізді, ұлы тұлғаларымызды қорлатпау үшін қам-қарекет болуы тиіс. Өйткені қасиетті қастерлеу керек.

Мағмар Мақсым
Фото: көрнекілік үшін