Жастардың батысқа еліктеуі белең алды. Бұл бүгініміздің өзекті мәселесі деп айтуға толық негіз бар. Рухани һәм материалдық құндылықтарымыздан айырылып бара жатқанымыз көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адамның көңіліне қаяу түсіретіні хақ.
Адамға отансүйгіштік, елжандылық сезімі ана тілмен дариды десек, бүгін жастарымыздың тіл тазалығы бұзылды. Күнделікті өмірде рофл, кринж, эшкере, шипирить, пиар, хайп сынды сөздерді естіп жүрміз. Мұның бәрі батыстан келген сөздер. Термин ретінде аталған сөздерді қолданған жөн шығар, алайда ретімен, жөнімен болуы қажет-ақ. Біз жастардың шет тілін білгеніне қуанамыз, алайда мәнсіз-мағынасыз, ретсіз қолданып жатқан шетелдік сөздерді естігенде өзің ұяласың.
Қадыр Мырза Әлі: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», деп бізге ұлағатты сөз қалдырды. Қазағымыздың қазынаға толы тарихы мен көркемдігі қою шығармаларын оқымаудың салдарынан, бүгінгі жастардың тіл байлығы төмен екенін жасыра алмаймыз. Соның салдарынан қазақ тілі тек диалог құрудың ғана құралына айналғандай көрінетіні бар.
Өткенге көз жүгіртетін болсақ, батырларымыздың ерліктері, ата-бабамыздың арман еткен егемендігі қолымызда тұр. Қаншама жыл озбырлық көріп, ұлы күрестер жүргізудің арқасында бабаларымыз бізді «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заманға жеткізді. Қолда бар қазынамызды бағалай білмеудің белгісі – қазіргі таңда жастардың батысқа еліктеуі деп білемін.
Жыртық шалбар, сөлекет көрінер джинсы, қысқа етекті көйлектер, әурет жерлері ашық киім үлгілерін киген жастар дәстүрлі дүниеге мойын бұрғысы келмейді. Рухани өрісі емес, үстіндегі киіміне қарап сын айтсаң: «Қазір XXІ ғасыр ғой, заманнан қалмауымыз керек» деп ақталатындар да бар. Осындайда замандастардың талғам таяздығына, ұлтты сүйемін деп балауса көңілмен жалаң ұранға басатынына іштей қынжыласың. Ұлтты сүю – елді рухани болмысынан ажыратпау, тілін, дінін, ділін құрметтеу, қазақы қалыптан айнымау емес пе?!
Осы орайда қатарлас, замандас жас достарымды салиқалы бабалар салған сара жолмен жүруге шақырғым келеді. Өйткені біз тектілердің сарқытымыз. Бабалар айтқандай ұлттың болашағы біздің қолда деп білемін.
Беназир ТАЛҒАТОВА,
№15 орта мектебінің түлегі
Талдықорған қаласы