Елімізде вейп нарығында 6 мың сауда орны ресми тіркелген. Алайда сауданың бұл түрін бейресми дамытып жатқандардың нақты санында шек болмай тұр. Олар кім ақша ұсынады соған тауарын өткізгеніне риза. Енді мұндай пысықайлардың дәурені жүрмейді. Бизнес көзіне айналдырғандардың жолы түбегейлі кесіледі. Себебі заң күшейіп, жаза қатаңдайды.
Электронды темекінің зияны жайлы дәрігерлер де дабыл қағуда. Тіпті, жас балалардың көптеп пайдалануының салдарынан обыр, жүрек-қантамыры аурулары жасарып жатқан көрінеді. Мамандар, он жасынан өкпесі болдырған балалардың көрер қиыншылығы алда дейді. Өкпені былай қойғанда бұл дүние жүрекке де салмақ түсірмей қоймайды.
Әлемнің қырық елінде вейпті сату заңмен шектелген. Қазақстанда бұл мәселеге заңмен нүкте қоймақшы. Алайда сауда-саттықты тыйғанымызбен тәуелділік дейтін түйткілді мәселе шығатыны анық. Бірақ тәуелділіктен тәуекел етпей айығу мүмкін емес. Жаратқан берген денсаулыққа біле тұра аманат деп қарамау – үлкен күнә екенін ұмытпайық. Жаман әдеттен жиреніп, жақсы әдетті үйренейік, замандас.
Жақында вейпке толық тыйым туралы Заңы шықты. Мен мұны қолдаймын. Тәуелді болып қалғандарды бірден тыйып тастай алмайды. Ол үшін тәрбие жұмыстарын жүйелі жүргізу керек.
Тәуелсіз елдің ұрпақтары осындай жаман әдетке тәуелді болып қалмаса екен деген тілек бар.
Әмина ТҰРҒАНБАЙ