ШАҒЫН АУЫЛ, ОҚУШЫ АЗ. МЕКТЕПТЕР ЖАЙЫ НЕ БОЛМАҚ?

Уақыты: 14.07.2024
Оқылды: 3003
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Жетісуда шағын ауылдағы мектептер жабылуы мүмкін. Неге десеңіз, оқушы саны өте аз. Шалғай елді мекендегі бастауыш сыныпқа арналған білім мекемелерінде бар-жоғы 5-6 оқушы оқиды. Ал мамандардың дені ауданнан не маңайдағы ауыл-ауылдан қатынап жұмыс істеуге мәжбүр. Қазір облыстық білім басқармасы осы мәселенің алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр.


Бұл бір ғана Кербұлақ ауданының жайы. Жалпы, Жетісуда ауыл статусынан айырылуға жақын елді мекендер жетерлік. Тіпті, болашағы жоқ ауылдардың саны жылдан-жылға өсуде. Себебі, жастардың дені қалаға жұмыс істеуге кетіп, туған жеріне қайтып келмейді. Ауылдағы әке-шешелері малдың қамымен алысқа ұзамай, қарашаңырақта қалып қояды. Сондай ауылдардың бірі – Көксу ауылдық округіне қарасты Көктал елді мекені. Мұнда бар жоғы 300-ге жуық адам тұрады. Бірқабатты шағын үйде оқыған оқушылар жоғары сыныпты көрші ауылға барып жалғастырады. Ауыл әкімінің міндетін атқарушы Айдос Көкеннің айтуынша, балаларының болашағына ата-аналар да түсіністікпен қарағаны жөн.

– Көксу ауылдық округіне Көктал, Көксу, Беріктас, Қосағаш елді мекені кіреді. Ішінде халқының саны аз осы – Көктал ауылы. Мұндағы бастауыш мектепте 5 қызметкер жұмыс істеп, 6 бала оқиды. Оның төртеуі осы Көкталда тұрса, бір маман көрші ауылдан келіп еңбек етеді. Тұрғындардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысатындықтан оларды халқы тығыз орналасқан басқа ауылдарға көшіріп апару мүмкін емес.  Сондықтан ата- аналар жағдайды түсінуі қажет, қатынап істейтін мамандарға да қиын, – дейді Айдос Көкен.

Негізі Көксу ауылдық округінде  1 мың 622 адам тұрады. Оған қарайтын Көктал ауылында 293, Көксу ауылында 803, Беріктас ауылында 464, Қосағаш ауылында 460 тұрғын бар. Көкталдағы мектеп 2006 жылдың 12-қаңтарында «Көктал» бастауыш мектебінің негізінде «Көктал» жалпы негізгі мектебі болып ашылған. Алғашында 51 оқушы оқыған. Оларға басында 17 маман қызмет көрсетеді, 4 оқу сыныбы ашылады. Бертін келе бала саны күрт азайып, ауыл халқы да тіршілік қуып сыртқа көшіп кеткен.

Жалпы, Жетісу облысында 337 мектептің ішінде 32 бастауыш мектеп яғни бұл мектептерде 1-4 сынып оқушылары ғана білім алады. Соның 11-і Кербұлақ ауданына қарасты. Аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрар Бақышұлы жеті мектептің жағдайы мүшкіл екенін жеткізді. 

– Бұл мектептердің көбі ескі ғимараттар мен үйлерде орналасқан. Оның үстіне оншақты бала білім алады. Мұғалімдердің сағатын толтыру да оңай емес, қатынап жұмыс істеу оларға да тиімсіз. Алдағы уақытта бала саны азайса, амалсыздан мектепті жабуға тура келеді. Ондай жағдайда сол ауылдағы оқушыларды тасымалдайтын арнайы автобус сұратамыз. Балалар білімсіз қалмайды, ата-аналардың алаңдауына еш себеп жоқ, – дейді Тұрар Бақышұлы.
Жабылуы мүмкін 7 мектептің жайына үңілейікші. «Көктал» бастауыш мектебін жоғарыда айттық. Шаған бастауыш мектебінде 8 бала, 4 маман, Қарлығаш бастауыш мектебінде  5 бала, 2 маман, Сарыбұлақ бастауыш мектебінде 6 бала, 7 маман болса, оның төртеуі ауданнан қатынайды; Сайлыкөл бастауыш мектебінде 8 бала, 4 маман, Қызылқұдық бастауыш мектебінде 9 бала, 5 маман, Желдіқара бастауыш мектебінде 6 бала, 5 маман, оның екеуі Сарыөзекте қосымша қызмет көрсетеді. Мұнда ешкімнің жағдайы оңып тұрған жоқ. Оның үстіне бұл мектептердің едені тозған, қабырғасы сөгілген.

Біз осы орайда облыстық білім басқармасына хабарласып, аталған мәселенің жай-жапсарын сұрадық. Қараңыз, өңірдегі 32 бастауыш мектепте 5-тен 30 оқушыға дейін 488 оқушы білім алып отыр. Түстеп көрсетсек, 5-10 оқушы 15-мектепте, 11-25 оқушы 13-мектепте, 26-30 оқушы  4-мектепте оқиды. Мұндай кішкентай білім ошақтары Ескелдіде  алтау,  Ақсу, Панфилов, Сарқанда  төртеуден, Қараталда  екеу, Көксуда  біреу. 

– Ең бастысы, Қазақстан  Респуб- ликасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы №348 бұйрығына сәйкес бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарының орындалмауы болып отыр. Жоғарыда аталған 32 мектеп бейімделген ғимаратта орналасқан, спорт және акт залдары, асханалары жоқ. Кабинеттер заман талабына сай жабдықталмаған, бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтуда да қиындық тудырып отыр. 2022–2023 жылдары бала саны азайып кетуіне байланысты Ақсу, Қаратал аудандарындағы 4 бастауыш мектепте «оңтайландыру» жұмыстары жүргізіліп, бастауыш сынып оқушылары жоғарғы сыныптармен бірге тасымалданып, білім алуда, – дейді облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Ал жоғарыда аталған 32 ауылда тиісті жоғарғы сыныптары жоқ болғандықтан 5-11 сыныптардан 758 бала негізгі мектептерге 21 автобуспен тасымалданып отыр. 2024 жылы 32 бастауыш мектептің ішіндегі бала саны аз мектептерде кезең-кезеңмен «оңтайландыру» жұмыстары жүзеге асырылады. Нәтижесінде бюджет қаражаты үнемделеді, асхана, спорт және акт залдары жоқ мектептер мәселелері шешіледі.

Көктал ауылының тұрғыны Самал Асқарова балалардың білімсіз қалғанын қаламайтынын айтуда. «Ауыл күннен күнге ыдырап барады. Кеңес өкіметі кезінде үлкен ұжымшардың бірі болған. Картоп егіп, жүгері өсіріп облыстың мерейін өсірген. Ал қазір малдан басқа ешқандай тірлік қалмады. Тіпті, ауыл тұрғындары ауданға қатынап жұмыс істейді. Балалардың қатарынан қалғаны дұрыс емес. Мектеп жабылса осында істеп жүрген ауыл тұрғындары жұмыссыз қалғалы тұр. Ол да уайым. Көрші ауылға қатынап оқығаны дұрыс та шығар, бірақ алаңсыз тағы отыра алмаймыз. Қыс мезгілінде қиын», – дейді.   

Өңірде мектебі жоқ отызға тарта шағын ауыл бар. Оларға арнайы қоғамдық көлік қызмет көрсетеді. Талапқа сай, бастауыш сынып оқушыларына ыстық тамақ берілуі қажет. Алайда алыстағы ауылдардағы 5-6 оқушыға арнайы қызмет көрсетуге ешкім келіспейді. Тағы бір түйткіл – тасымалдайтын автобустардың ескіргені. Дені шіріп тұр, қайта-қайта жөндеуден өткен. Қазір бұл олқылықтың орнын толтыру үшін жаңа автобустар беріліп жатыр. Алдағы уақытта облыстық білім басқармасы қоғамдық көліктерді толығымен жаңартуға ниетті.

Мұхтар КҮМІСБЕК