БУЛЛИНГ ПЕН ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ  КҮШ ҚАЛЫПТАСТЫРУ – БАСТЫ МІНДЕТ

Уақыты: 26.08.2024
Оқылды: 2317
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазіргі қоғамда білім алушылар арасында ушығып тұрған мәселелердің бірі – буллинг. «Буллинг» ұғымы бізге соңғы онжылдықта жеткенімен, балалар мен жасөспірімдер арасында әуелден бары жасырын емес. Бұл тақырыпқа ойыспас бұрын, терминнің мәнін талдап алайық. Буллинг дегеніміз не? Оның зорлық-зомбылық ісімен байланысы бар ма? Балалар мен жасөспірімдердің арасында өз қатарластары тарапынан жасалатын эмоционалды және физикалық соққыны осылай деп атайды. Ешқандай күш көрсетусіз сөзбен әжуалап, келеке қылды деген күннің  өзінде ол балаға психикасына салмақ, академиялық үлгеріміне регресс алып келеді. Тіпті, ересек өмірінде де айтарлықтай кедергі туғызатын психикалық жарақат алады. Міне, бұл тақырыпқа маңыз беруіміздің себебі осы. Жалпы білім беретін орындарда буллингті «балалыққа, еркелікке» балайтын ата-аналар табылады. Жоқ, буллинг – қоғам болып күресуге татитын үлкен қатер.

Буллингтің бірнеше формасы бар. Мәселен, баланың жеке құпиясын көпшілікке жария ету, бопсалау, баланы бөлектеу, өздерінен оқшау ұстау, топ болып балаға шабуыл жасау жатады. Нақтылап айтсақ, жәбірленуші мен агрессия танытушының күш теңсіздігі орын алады. Әдетте, мектеп пен колледждерде мұндай бұзақылықтар болып тұратыны жасырын емес. Ондай бұзақылықтың бәрін буллингке балай беруге тағы болмайды. Осы арада буллингпен шатастырып алмауымыз керек факторлар бар. Кішкентайынан агрессияға бейім, эмоционалды тұрғыда тұрақсыз, өз әрекетін басқарып, сырттай баға бере алмайтын балалар болады. Олардың қылығын буллингке жатқызуға келмейді. Ал, буллинг жасаушылар мақсатты түрде бір адамды бірнеше рет кемсітіп, доминантты қарым-қатынас орнатуды көздейді, өз әрекеттеріне жауап бере аларлық ақыл-есі бар. «Ақыл-есі бар» деген сөздің астын сызып айтуымыз керек.  Демек, әрбір буллинг жасаушы балалардың парасат иесі екенін сезіндіріп, бұл қылықтың жәбірленушіге тигізер зияны туралы түсіндіруіміз керек.

Есіңізде болса, мақаланың басында буллингтің аты кеше келгенімен, заты бұрыннан бар екенін атап өткен едім. «Бұрын» деп кешегі Кеңес үкіметін меңзеп отырғанымды сіз де байқаған боларсыз. Ең қарапайым мысал ретінде Б.Соқпақбаевтың әңгімесі желісімен шығарылған А.Қарсақбаевтың 1963 жылы шығарылған «Менің атым Қожа» фильмін алайық. Қожаның тентектігін педсоветке салып, пионерлердің талқысына беретін фрагмент бар. Сыныптастары коллективті түрде Қожаның кемшілігін бетіне басады, әжуалайды, «қара көже» деп атайды. Ал, мұғалім болса «Көрдің бе, Қадыров? Сені достарың да мазақтап жатыр» деп балаларды қостайды. Қожа еркін ойлы, әзілқой, креатившіл бала. Оның болмысы Кеңес үкіметі идеалындағы баланың болмысына сай келмей, сол өлшемге  сия алмағаны үшін кінәлі еді. Ол кезде баланы өз рамкасынан шықпаса, көппен бірдей ойласа, момын әрі тілалғыш болса деп тәрбиелеуге жұмыстанады. Идеология сондай еді. Ал фильм соңында баланы шеттетпеу керегін, оған мейірім беру керегін жақсы жеткізген. Оны Қожаның фильм соңындағы «Маған жаны ашыған кім болды екен? Әйтеуір мектептен қуған жоқ. Демек, сенгені ғой. Енді сенімдерін ақтаймын» деген сөзінен аңғаруға  болады. Бұрынғының балалары буллингті қалай өткерді деген сұраққа жауап осы шығармада бар сияқты. Ең үлкен қателігі сол, оқушылармен қоса ересектердің де баланы қыспаққа алуы еді.

Ал енді бүгінге оралайық. 2000 жылдан бергі балалардың болмысы қандай? Олардың арасындағы буллинг деңгейі ше? Қазақстанда 17,5% бала осы жағдаймен бетпе-бет келеді.  Статистика көрсеткіші бойынша 11-15 жас аралығындағы 14,1% бала өз қатарластарын кемсітуге қатысатынын мойындайды екен. Бұл жолда жағдайды реттеуге жалғыз психолог қауқарсыз. Ата-ана, ұстаз, бала және психолог төрттігін жұмылдыра отырып жұмыс  атқару керек. Осыдан үш ай бұрын буллингке немесе зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандар үшін бірыңғай сенім телефоны іске қосылған болатын. «111» номеріне хабарласу арқылы көмек сұрай алады. Бұл ақпаратты кеңінен таратып, құрбан болудың алдын алуға болады. Жалпы білім ордаларындағы буллингтің бірнеше себебі болуы мүмкін. Атап айтсақ:

  • Отбасындағы кикілжің;
  • Жасөспірімнің айналасын қабылдай алмауы, бәрін жау көруі;
  • Айналасындағыларға сене алмау;
  • Ата-ана мен ұстаздар тарапынан болатын шектен шыққан ескертпелер;
  • Жасөспірім шақтағы кризис;
  • Оқу үлгеріміндегі проблемалар;
  • Зиянды әдеттер (алкоголь, шылым);
  • Көшбасшылық үшін талас;
  • Өзін өзі бағалауының төмендігі;
  • Құндылықтар қақтығысы;
  • Әлеуметтік және материалдық жағдайдың теңсіздігі;
  • Қызғаныш;
  • Педагогтердің балаларды тең көрмеуі;
  • Балалар арасында не болып жатқанын ата-ана мен ұстаздардың ескермеуі;

Білім беру орындарында мұндай жағдай орын алса, ол жердегілердің барлығы ерікті әрі еріксіз түрде қатысушы болып шыға келеді. Тек әрқайсысының рөлдері әр алуан. Инициаторлар – сыныпта немесе топта 2-3 адамнан болады. Бұның түпкі мақсаты – өзгелерді кемсіту арқылы өзінің «мықты» екенін дәлелдеу. Олар компромиссті мойындамайды. Түйсікпен өзіне қарсы тұра алмайды-ау деген жандардың ішінен өз құрбанын таңдап алады. Ізіне ерушілер – өздігінен инициатор бола алмаса да, оларға еруші топ болып қалыптасады. Олар үшін бұл өрескел қылық еместей көрінеді. Топпен бірге күліп, мазақ етіп, келеке қылады. Кейбірі іштей жақтамаса да еріксіз қосылады. Себебі, жәбірленушінің орнында болып қалудан қауіптенеді. Жәбірленушілер – агрессияға бейім емес, сезімтал әрі эмоционалды  әлсіз балалар. Өзін қорғауға шамасы жетпейтіндей физикалық тұрғыда әлсіз болып келеді. Кейде буллингке ұшырауына мұғалімнің бұл балаға деген көзқарасы себеп болуы мүмкін. Сынып немесе топ алдында оны кемсіту арқылы буллингке жол беріп алуы ғажап емес. Бақылаушылар – бұл процеске қатыспайды. Не ақтамайды, не жақтамайды. Бірақ бақылаушы болғаны үшін де бұл балаларға психологиялық зақым келеді. Мектептегі жанжал, оқу орнындағы кикілжің оны шаршатады. Кейде жәбірленуші досын қорғай алмағандықтан өзін үнемі кінәлі сезінуі мүмкін. Қорғаушылар – олар бірнешеу болғанда ғана буллингті тоқтата алады. Сондықтан ортада қорғаушы тобындағы балаларды байқасаңыз, оған сенетініңізді және оның көзқарасы дұрыс екенін есіне салып отыру керек.

Одан өзге, кибербуллинг деген ұғым бар. 2000 жылдан бері қарайғы уақытта өмірге келген балаларда гаджет өмірінің айнымас бөлігі болып кеткен. Соның салдарынан жай буллингпен қоса кибербуллинг те өрши түсті. Білім алушылар арасындағы жәбір көрушінің намысына тиетін немесе жеке ақпараттарын интернетке жария ететін қысым түрін осылай атайды. Қазіргі жасөспірімдер өз қатарластарының ортасында еркін болғанымен, ата-анасының жанында тұйық. Мектептегі, колледждегі мұндай әңгімелерді үйге жеткізбейді, сырласудан, ата-анасымен контакт құрудан қашқақтайды. Сол себепті әр ата-ана өз баласының ерекшелігін жатқа біліп, тамыршыдай дөп баса отырып әңгімеге тартуы керек. «Ерекшелігін» деп баса айтып отырған себебім, 2000-2012 жылдары аралығында туылған балаларды Z-ұрпақ деп атайды. Бұл ұғымды енгізген зерттеушілер Уильям Штраус пен Нил Хау олардың сондай пысық әрі кәсіпке ерте бейімделетіндерін айтқан. Сондай-ақ, олар үлкен буынды сыйлағысы келмейтінін байқаймыз. Осыны қабылдай отырып, баламен контакт құру, еш қысымсыз оған авторитет бола білу үлкен шеберлікті талап етеді.

Колледж студенттері физикалық жасына сай мектеп оқушыларымен теңескенімен, колледждің оқу жүйесі, форматы  жасөспірімді ересек болуға итермелейді. Өз бетінше оқу,  қоғамдық жұмыстарға араласуы, жаңа статусы «студент» деген қауымды толықтырушы жандар ретінде ересектер санатына қосылады. Бірақ бұл қауіпсіздігіне өзі жауапты, ол енді шағым айтпауы керек дегенді білдірмейді. Міне, осы жерде студенттер қателеседі. Буллинг, қысым туралы ешкімге айтпайды, көмек сұрамайды. Оның арты үлкен қатерлерге, зорлық-зомбылыққа әкелуі әбден мүмкін екенін сараламайды.

Зорлық-зомбылық пен буллингтің байланысы қандай? Екеуіне ортақ форма бар. Ол – эмоционалды, вербальді, физикалық және виртуалды зорлық. Тұрмыстық өмірде де, социумда орын алатын зорлық-зомбылықты да білім алушылар өзі сенетін адамға айта алуы тиіс. Әрбір білім беретін мекемеде сенім жәшігі болады. Бұл тақырыппен бетпе-бет келген адам көз жұма қарауына не төзуіне болмайды. Бұл тақырып ашық айтылғанда ғана біз онымен күресе аламыз.

Буллинг және зорлық-зомбылық тақырыбында бірнеше әлеуметтік роликтер мен қысқаметражды фильмдер түсіруді қолға алу керек. Бұл шараның басты атрибуты ретінде колледж студенттері мен оқушыларды тарту қажет деп санаймын. Жәбірленуші рөлінде болып көрген әрбір жасөспірім өмірде мұндай  қатігездікке бармаса керек. Олардың бойындағы эмпат сезімін күшейту арқылы буллингке қарсы күш құра аламыз. «Жоқ, бұл әділетсіздік» деп айта алатындай командалық рухты тудыра аламыз. Бұл үрдіс әдетке айналуы үшін оқушылар мен студенттерге осы бағытта үздік командалық жұмыстар атқарғаны үшін алғыс білдіріп, ынталандырып, сайыстар ұйымдастырған жөн деп есептеймін.

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген Әл-Фараби бабамыз. Балаға біліммен қоса бойына адамгершілік пен ізгіліктің дәнін еге білуіміз керек. Құрғақ теория мен формуланы жатқа соққан білім алушыдан, гуманист білім алушы әлдеқайда көп үміт күттірері анық. Сол үшін әрбір ата-ана мектеп жасына дейінгі балаларға адамзаттың бәрі бірдей екенін, өзгелерден тек ақылыңмен, адамгершілігіңмен, еңбекқорлығыңмен ерекшеленетін боласың деп құлағына құя жүруі керек. Біреуді кемсіту арқылы бәсекеге түсу абырой әпермейтінін айта жүрген жөн. Буллинг пен зорлық-зомбылықтың соңы үлкен қайғылы оқиғаға әкелуі мүмкін. Депрессия, стресс, аутоагрессия, зиянды әдеттерге деген тәуелділік, жалғыздық, суицид сияқты мәселелер  бірінен соң бірі шыға береді. Заңмен қорқыту және қудалау әрине, оңай. Бірақ жастар өз еркімен саналы түрде буллингке қарсы тұруы одан да жақсы емес пе? Сондықтан ата-аналар мен ұстаздар балалардан бөлек, колледж студенттерін де сөзге тартқаны дұрыс. Оны проблемамен бетпе-бет қалдыруға болмайды. Ересек тұлға дегеніңізбен, кәмілет жасына дейінгі өспірімдерге біз қоғам болып жауап беретінімізді ұмытпайық. Буллингке қарсылық туралы билблорд, стендтер, үндеуші роликтер жиі орналастырылуы керек деп білемін. Тіпті балабақшадан бастап, ешкім ешкімді қорлауға қақысы жоқ деген идеологияны сіңіру керек.

Президентіміз Қ.Тоқаев өткен жылдың қазан айында педагогтердің республикалық съезінде осы тақырыптың өзектілігін көтерген болатын. Мемлекет басшысының сөзінше, соңғы уақытта буллинг құрбандарының ата-аналарынан жиі хат түскен. «Ашығын айтсам, ондай хаттарды оқу оңай емес, оқиға құрбаны болған балалар үшін жүрегің ауырады» деген еді. Осы тектес ситуациялардың алдын алатын заңдық нормалар қабылданатыны бәрімізді қуантқаны рас. Солай екен деп қол қусырып отыру әрбір азаматқа сын. Сол себепті моральдық, психологиялық жәрдем беру не сондай жәрдемге себепші болу әр  педагогтың міндеті дер едім.

Гүлмира Жайлаубайқызы

Фото: npr.org