Ит болуға неге құмар балалар?

Уақыты: 10.11.2024
Оқылды: 1777
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Итсіз бе? «О тоба, айдың-күннің аманында ит дегенге жол болсын!» демейтініңіз анық. «Иттің баласы» дегенге өкпелейтін заман туғанда жайма-шуақ үнсіз қалу таңсық жайт. Біреу қараса беттен, ақыл айтса алқымнан алатын, өшіксе пышақ тығып, өкпелесе өлтіре салатын кер заманда ит емес, күшік деп көр! Иттің «көкесін» көрсетсін. Сотқа сүйресін, отқа итерсін! Қалай болғанда да «адамдығын» ақтап алар!

Бірде хан Абылай түс көріпті. Түсінде ұрпағы бақа-шаянға айналып кеткен екен. Кез келген әке мен шеше баласының «адам» болғанын қалайды. Бақа-шаян, ит-шошқа емес. Дейтұрғанмен, кей замандастың баласы «адам емес» ит болуға құмар. Итше үреді, секіреді, жүгіреді. Мойнына қарғыбау тағып, қожайынның дегенімен жүреді. Ит демей көріңіз енді!

Қазіргі кей жасты итке, мысыққа, өзгеде жануарларға айналдырып жүрген – тренд. Бұрынғы баба жұрттың бізге дейінгі тренді – «адам болу еді, қазіргінікі – ит болу, мысық болу. Мұндай қоғамдық құбылысты ғылым-фурри, квадробер һәм териантроп деп атайды. Субмәдениеттің атаулары бұл.

«Пиноккио» деген атау таныс па? Карл Коллодидің «ой баласы» ғой. Ағаш қуыршақтың «адам болуға» ұмтылысы суреттелетін картина 20 мәрте экранға шығыпты. Әр тілде. Чех, орыс, итальян, американ, француз, ағылшын һәм жапон тілінде. Одан бөлек, қанша тілге тәржімаланды. Қалай дегенмен, адам болуға ұмтылған ағаш қуыршақтың пендеуи парыз бен қарызды, міндет пен арманды, қабілет пен қарымды игеруі ұрпағын тәрбиелеуге ұмтылған ұлттар үшін идеологиялық тәлім құралы ғой. Көшіріп алудан, жақсы дүниені игілікке пайдаланудан алдына қара салмаған КСРО, яғни коммунистер «Буратино» атты балама кейіпкер де жасады. Бәрі саналы ұрпақ тәрбиелеудегі маңызды қадам еді.

Қазір көп елде идеология есіктен сығалап тұр. Ер мен әйелді теңеу, Құдай қылғанға қарсы шығу һәм табиғат заңдылығын мойындамау (жыныс ауыстыру, ЛГБТ, трансвестит, бір жыныстылардың махаббаты һәм үйленуі) және адамның ит-мысыққа айналуы сынды тенденция. Тенденция емес, ауытқу, Құдайдан ажырау! Мұның бәрі адамды «адамдықтан» бездіру!

Әлемде квадробика атты бейресми спорт бар. Өзі 2008 жылдан бастап айтыла бастады. Мәні белгілі бір қашықтықты «төрт аяқтап» жүгіру. 100 метр қашықтықты Кеничи Ито деген пақыр 18,58 секундта жүгіріп өтіп, рекорд орнатыпты. 2022 жылы американдық Колин Маклюр сол көрсеткішті жаңартқан. Құдды айды аспанға шығарғандай. Алайда дені дұрыс спорт сарапшылары квадробиканы спорт деп танудан бас тартқан. Себебі, адамның физикалық параметрлерінен асқан күш жұмсалады екен «ит болуға».

Алла Тағала Құранның «Исра» сүресінің 70-аятына: «Шындығында, біз адамды құрметті, қасиетті еттік» делінеді. Дейтұрғанмен, ит болуға ұмтылғандардың дені 7-14 жас аралығындағылар. Демек, кей ата-ана баласын құрметті һәм қасиетті болудан жерітіп алған сыңайлы.

– Адам өзін тұлға ретінде сезінуі қажет. Ал жан-жануар қимылын қайталау, соған бейімделу ауытқушылық. Шыны керек, бұл қоғам үшін қауіпті құбылыс. Егер ата-ана баласынан «жануарлық» әрекетті байқаса, дабыл қағуы керек. Баламен ұрысып не дөрекі сөйлесуге болмайды. Әдетте біз салдармен күресуге бейімбіз. Негізі себебін анықтауымыз керек, – дейді психолог Айдана Аманжолқызы.

Ежелгі Грекияда киник филиософиясының негізін Диоген Синопский деген қалапты. Киник «қабаған ит» деген ұғым береді. Сірә, маңайындағылардың қойған сауалына өршелене, қабаған иттей «арс» етіп жауап беретін болған соң, мұндай философия өкілдерін осылай атаған болуы керек. Бірақ, олар ит болуға ұмтылмаған, адамша, адам болуға талпынып өмір сүрген. Бірде Диоген көшеде тапа-тал түсте шам шағып жүр екен. Не істеп жүргенін сұрағандарға «Адам іздеп жүрмін» деген екен. Астарын түсінген боларсыз. Адам бойынан адамдық іздеген. Дана қазақтың «адам бол» тәрбиесі бұл тәмсілді одан әрі тәспірлейді. Дейтұрғанмен, «ит пен мысық» болуға ұмтылғаны тұста күн жарықта шам алмай-ақ адамдықты ұзақ іздеуге итермелеуде. Себебі, балалар ит пен мысық кейпіне түсу үшін арпалысуда. Қауіп пе?

Дастанбек САДЫҚ
Фото: Grani