УАҚЫТ ҚАДІРІ

Уақыты: 10.11.2024
Оқылды: 1668
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Адам баласына берілген ең басты құндылық – уақыт пен денсаулық. Біз уақытқа тәуелдіміз. Өйткені біз оны қалағанымызша қысқартып, ұзарта алмаймыз. Өкінішке қарай кейбір адамдар осы алтыннан қымбат уақыттың қадірін түсінбей жатқандай.

Тіпті біздің санамызға «күн», «сағат», «минут», «секунд» дейтін ұғымдар әлі де ентелеп кіре қоймаған сияқты. Уақытты аймен, жылмен өлшей саламыз. Қонаққа кешкі 6-ға шақырса, «елдің бас-аяғы жиналғанша 8 болады», сағат 9-дан 20 минут кетсе, 10 болыпты ғой деп жәйбарақат жүреміз. Уақыт бар ғой деп бүгінгі істі ертеңге қалдыратынымыз тағы бар. Істейтін шаруаның өзін «асықпаған арбамен қоян алады», «жау шауып келе жатқан жоқ» деп асықпаймыз. Жар жағалаған кейбір жастар уақытпен мүлдем санаспайды. Негізі адам өміріндегі ең маңызды әрі бағалы нығмет жалындаған жастық шақта болады екен. Өйткені ол уақытың асып, денсаулығың тасып тұратын мезгілің. Ал бойыңнан қуатың кеми бастаған сәтте, өмірдің өзі өлшеулі екенін сезінесің. Адам болмысы қашанда уақыттың дәргейінде. Дегенмен, қазіргі жастар қартайғанда қайта келмес қос нығметтің қадіріне жетіп жатыр ма?

Қазіргі қоғамда қос құндылықтың қадірін түсінбей, жастық шағым осы екен деп жалғанды жалпағынан басып жүргендер қаншама?! Уақытын босқа шығындап, өз өміріне өзі балта шауып жатқандарды көріп іштей қынжыласың. Арзан ойын-күлкіге бой алдырып, уақытын зая кетіріп, ішімдік ішіп, қорқор мен шылым шегіп денсаулықтарын өздері құртып жүргендер жетіп артылады. Үлкендердің уақыт пен денсаулығыңның барында оқып, тоқып қал деген ақылын құлаққа ілмейді. Көбі жастықты осылай өткізу керек екен деген қате ұғымның жетегінде жүр. Осының салдарынан жастық шақтың жарқылы сөніп бара жатқандай. Ең сорақысы, жастар күні-түні телефонға телміріп, құмар ойын ойнап, түнгі клубтардың маңайынан шықпайды. Пайдасыз нәрселерге неліктен әуес екенін сұрасаң: «Уақыт өткізу үшін ғой», – дейді.

Ал өзге елде қалай? Шетелде барлығы уақытпен жүреді. Аялдамалардың өзінде қоғамдық көлік 12.03-те келеді деп тұрады. Бұл уақытпен санасу.  

«Барлық үнемдеулердің ақыры уақытты үнемдеуге ұласады», – дейді Карл Маркс. Сол үшін уақытымызды босқа өткізбей, денсаулықтың қадірін түсінейік. Уақыт ешкіммен санаспайды, уақытпен санасқан адаспайды. Қос құндылықты қатар ұстайық.

Айдар ҚАЛИЕВ
Фото: malim.kz