БҰЛ НЕ МАСҚАРА? ҰЛТТЫҚ СҰРАҒЫ ЖОҚ «ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУ»

Уақыты: 15.11.2024
Оқылды: 1595
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы театрында танымал продюсер, Баян Мақсатқызының мұрындық болуымен «Қазақ аруы – 2024» ұлттық байқауы өтті. Төбе шашты тік тұрғызатын, мән-мағынасы жоқ сұрақтар қойылған сайысты YouTube арнасының тікелей эфирінен көріп отырып, бұл не масқара деп налыдық.

Бұрындары «Қазақ аруы», «Келіндер», «Қыз сыны» сайысында қатысушы салт-дәстүрді қаншалықты білетінімен ерекшеленіп, сөзді тауып айтқандарды шешендікке, тапқырлыққа балаған. Байқауды теледидардан берсе аналарымыз сұрақ-жауап бөліміне аса мән беріп көруші еді. Өйткені онда қазақы салт-дәстүр, ұстаным, тәрбие бар болатын. Бұл жолғы ұлттық байқауда мұның бірі де жоқ. Керісінше ұлтты ұятқа қалдыратын сұрақтар қойылып, жұртшылықтың ызасын келтірді. Соған сай мардымды жауап та естімедік.

Бала күнімізде ата-анамыз аяз атадан не сұрайсың деп, қалаған сыйлығымызды алдын ала алып қоюшы еді. Бұл жолы ұйымдастырушылар сұрақты аяз атадан емес, «Президенттен не сұрайсыз?» деп қойыпты. Үміткер де ойланған жоқ, бала күні есіне түсіп кетті ме,  «Мен сияқты жастарды жерде қалдырмай, демеуші тауып беруін сұраймын», деп өзінің жағдайын айтты. Ел үшін не сұрайсыз деген сауалына жалақы мен зейнетақының көтерілуін деп қайырды. «Қазақстандағы тұңғыш әйел президенті болдыңыз. Алғашқы қадамыңыз қандай?» деген оқушылар арасындағы қыз сынында қойылатын сұраққа қатысушымыз «Алдымен өзімді дамытамын, содан соң елді дамытамын» деп тас қатырды. Үміткердің біріне «Гоголь кім, Гегель кім?» деген сауал қойылды. Осы сұрақты естігенде өзімізде де мықты тұлғалар көп еді ғой деп таңырқап қалдық. Біздің қыздар қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын жаттап алған деп айтайын десең, Фариза Оңғарсынованы білмейтін үміткерлер де бар екен. Қазақтың ұлы тұлғаларын танытпай жатып өзге елдің ғалымдарын дәріптегеніміз қалай?! Ең сорақысы қатысушылардың біріне «Таяу шығыстағы қақтығыс жайлы айтып берсеңіз?» деген Израиль мен Палестинаның қақтығысы жайлы сауал қойылды. «Қазақ аруы байқауына шетелдегі қақтығыстың қатысы қанша?» деп аңтарылып қалдық. Ал ақтаулық ару «АЭС жайлы не олайсыз?» деген сауалға түбегейлі қарсымын деп жауап берді.

Қисынсыз сұрақтар мен мардымсыз жауаптарды мұнымен шектелмейді. Байқауда: «Елімізде қабылданған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қабылданған заң кімнің арқасында қабылданды? Себепкер кімдер болды? Тікелей кім себепкер болды, кімнің үстінен сот болды?», «5 балаңыз бар бірақ баспанаңыз жоқ. Бүлдіршіндеріңізді қалай асырайсыз?», «Сыбайлас жемқорлықпен айыпталған шенеуніктердің арасында неге ер адам көп?», «Феменизм деген не?» деген сауалдар қойылды.  

Қазақ қызы өзге ұлттан инабаттылығы, ибалылығы, ақыл-парасаттылығы, ең бастысы, қазақы болмысымен ерекшеленеді. Ата салтын ұлықтаған, дін мен дәстүрін ұмытпаған қыз нағыз Қазақ аруы. Сондықтан ұлттық байқауда ұлттық дәстүрге қатысты сұрақтардың қойылуы керек. Әйтпесе «ұлттық» деген тіркесті алып тастау қажет. Мұндай сорақылықпен ұлттан садаға кетсін. Тырнақ астынан кір іздегеніміз емес.  «Қазақ аруы», «Жігіт сұлтаны» сынды ұлттық байқаулар жылда ұйымдастырылады. Біз тек бұл байқаудан ұлттық колорит жоғалмаса екен дейміз.

Айдар ҚАЛИЕВ
Фото: qaz365.kz