АТА-БАБА ДӘСТҮРІ ҰРПАҚҚА АМАНАТ

Уақыты: 05.09.2016
Оқылды: 7158
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Халқымызда: «Қарты бар ел – қазыналы», «Ақсақалы сиреген ауылдан ар-иман қашады» деген қанатты сөздер бар. Қаймағы бұзылмаған қазақы ғұрып тұрғысынан қарар болсақ, ата-әженің қоғамдағы рөлі өлшеусіз. Олар – ауылдың ұйытқысы, отбасы мен ошақ-қасының берекесі. Жүгенсіз кеткен жастарды жөнге салып, ыдыс-аяғы сылдырлаған шаңырақты қайта түзеуші, ренжіскен ағайынды татуластырып, ел-жұрттың бүтіндігін сақтаушы.

Ата-әже – ұрпақ тәрбиешісі ғана емес, отбасындағы бар­лық берекелі істің бастауы, жақсылықтың ұйытқысы бо­лып табылады. Тәрбие ісіне үлкен кісілер араласқан жерде түсініспеушілік деген орын алмайды. Қариялар – ұлттың ұлт болып қалыптасуына, салт-дәстүрдің сақталуына, жас ұрпақтың дұрыс бағыт-бағдар мен тәлім-тәрбие алуына, дін мен ділдің, тілдің, басқа да асыл құндылықтарымыздың сақталуына, елдің бірлік пен ынтымақта өмір сүруіне бір­ден-бір себепкер екені даусыз.

Тәрбиені қашанда құнды байлыққа балаған халқымыз бала тәрбиесіне ешқашан жүр­дім-бардым қарамаған. Ал оған ұлттық сипат беру – ұлт бо­ла­шағын ойлаудан туған да­на­лық. Сондықтан да «Ұлт бола­мын десең, бесігіңді түзе», – деген еді ұлы жазушы Мұхтар Әуезов.

Ұлттық тәрбие – қазір елі­мізде орын алып отырған көп­теген мәселелердің, демек, ана тілін, ата тарихын, салт-дәс­түрін білмейтін жеткіншектер тастанды жетім балалар, қиын мінезді жасөспірмдер, қарттар үйлеріндегі аталар мен әжелер, нашақорлыққа салынған жас­тар, тағы басқаларды бірте-бір­те жоюдың және олардың ал­дын алып, болдырмаудың не­гіз­­гі жолы. Ұлттық тәрбие ал­ған ұрпақ дені сау, білімді, ақыл­­ды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өсе­ді.

Бүгінгі отбасындағы бала тәрбиесіне келер болсақ, уа­қыттың ағымына орай үлкен өзгеріске ұшырап жатқаны жасырын емес. Бала ата-ана­дан гөрі теледидар мен ғалам­тор тәрбиесін көбірек алып жа­тыр десек болады. Сонда біз болашақ ұрпағымызды тәр­бие­лерде нендей бағыт ұстауымыз қажет деген ой көкейге ұя­лай­ды. Осы жолда бұрынғы дана Абайды тәрбиелеген Зере әже, Шоқанға тәлім берген Ай­ға­ным ананың тәрбиесін үлгі-өне­ге етуге болады. Яғни, біз ба­­лаға ертегі айта отырып, жыр­­ларды жаттатқызып, салт-дәс­түрімізді бойына сіңіртіп өсір­сек, тәрбие дұрыс жолға не­гізделері анық. Осы тұрғыда Бауыржан Момышұлы: «Бірін­шіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жат­қанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшін­шіден, дәстүрді сыйла­май­тын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын», – деп айтқан болатын.

Тәрбиеде орын алып жат­қан осындай кемшіліктердің орнын толтыру, қоғамдағы, отбасындағы ата-әже тәлімінің маңызын арттыру, ұлттық салт-дәстүрімізді жас ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында об­лы­сымызда 2008 жылдан бас­тап «Ата-баба дәстүрі – ұр­пақ­қа аманат» атты арнайы бағ­дар­лама жүзеге асырылуда. Аталмыш бағдарлама облыс әкімінің қолдауы, облыстық ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен білім шаңы­рақ­та­рын­да сәтті қамтылып келеді. Оған Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесі белсене ат­са­лысып, өнер мен мәдениет, дін мен тіл, салт-дәстүр, әдет-ғұ­рыптарға сай ұлттық құн­ды­лықтарды кеңінен наси­хат­тап, ұрпақ тәрбиесіне өзіндік үлес қосуда.

Өткен оқу жылы барысын­да өткен тәрбиелік шаралар, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрімізді дәріптеу арқылы жастардың рухани жан дүние­сін байыту, оларды отан­сүй­гіштікке, қазақстандық пат­рио­тизмге, «Мәңгілік Ел» идеясы ру­хында тәлім беруге негіз­делді. Жасөспірімдерді жаман әдет-қылықтан аластату, са­лауат­тылыққа, отбасы құн­ды­лықтарын, дәстүрін сақтауға бағыттай отырып, тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінді. Осын­дай үлкен, берер ғибраты мол, маңызы зор ауқымды шара­ларға қала ардагерлері, ұла­ғат­ты ұстаздар, үлгілі отбасылар, денсаулық сақтау, құқық қор­ғау, спорт, діни басқарма өкіл­дері мен белгілі қоғам қай­рат­керлері шақырылып, мек­теп оқушылары алдында ашық әңгімелер өткізді.

Мұндай өскелең ұрпаққа берері мол, идеясы айқын тәр­бие­лік шаралар қаламыздың барлық 26 мектебінде өз дең­гейінде жүзеге асырылды. Тәр­бие сағаттары жыл басында қала әкімдігінің, қалалық білім бөлімінің, ардагерлер кеңесінің бірлесіп жасаған жоспары бойын­ша жүргізілді. Аталмыш бағдарлама аясында «Шаңырақ – Мәңгілік елдің тұғыры» атты ұзақмерзімді акция, «Тарихы терең қазақ елі – Мәңгілік Ел» атты рухани шаралар өткізілді. Жетісу жерінің дарынды тұл­ға­лары мен еңбегімен еленген ел азаматтарын насихаттау мақ­сатында «дала академигі» ата­нып, екі мәрте Социалистік Ең­бек Ері атағын алған Н. Ал­дабергеновтің 110 жылдығына, ән әлемінің бұлбұлы Д. Ра­қы­шев­тың 90 жылдығына ар­налған кештерге орын берілді. Отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді насихаттауға ерек­ше мән беріліп, «Қызым үйде, қылығы түзде», «Жас­өспірім және зиянды әре­кет­тер», т.б. тақырыптарда тәрбие сағат­тары ұйымдастырылды.

Әрбір өтетін шараға мек­теп ұжым­дары жауап­кер­ші­лік­пен қарап, оны жан-жақты, қы­зық­ты, мағыналы етіп ұйым­дас­ты­руға күш салды. Іс-шара­лар­ға қалалық, об­лыс­тық ар­да­герлер кеңесінің мү­ше­лері бел­сене қатысып, жас­тарға ақыл-кеңесін айтып, өмір­­ден көрген, көккейге түй­ген­­дерін ортаға салды. Әрбір өтілген іс-шараға әділқазы ал­қа­сы баға беріп отырды. Айта кет­сек, Абай атындағы № 1 орта мектеп-гимназиясы «Әке-ана үш-ақ әріп тіршілік, Үш әріп­тен үлбірейді гүл шы­ғып....» атты тақырыпта әде­би-та­ным­дылық іс-шараны өте жо­ға­ры деңгейде өткізді. № 14 орта мектеп-гим­на­зия­сының «Ата­дан – ақыл, аға­дан – үлгі-өне­ге», №17 орта мек­тептің «Қа­зақ­тың ұлағатты сөзі – тәрбие көзі», №4 орта мек­тептің «Ана – өмірдің шуа­ғы» атты тәр­биелік іс-шара­лар зор дайын­дықпен талапқа сай өтіп, қой­ған мақсаттарына жетті.

Сараптау комиссиясы әділ қазылық жасай келе осы ша­ра­ларды жүзеге асыру бары­сын­да ерекше белсенділік та­ныт­қан, мектеп ұжымдарын және еңбегімен көзге түскен же­келеген адамдарды Алғыс хат және бағалы сый­лық­тар­мен марапаттады. Бас бәйге №1 Абай атындағы орта мек­тепке, бірінші орын №14, №17 білім шаңырақтарына берілді. Екінші орынға №4, №15, №19, үшінші орынға №9, №16, №22 орта мектептер лайық деп танылды. Ынталандыру бәй­ге­ле­рін №5, №13, №26 орта бі­лім ошақтары, «Ұлыларды ұлық­тау үздігі» номинациясын Ш. Уәлиханов атындағы № 10 мектеп-гимназиясы мен Д. Рақышев атындағы № 3 мек­теп-интернаты иеленді.

Ата-баба дәстүрін ұрпаққа ұлағат еткен қариялардың тәлімді тәрбие бағдарламасы биыл да мектептерде өз деңгейінде жүзеге асып, жас ұрпақтың жарқын болашағы жолындағы қызметін жалғастыра беретін болады.

Айтмұханбет ЕРАСЫЛОВ,

Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесі

ұйымдастыру-әдістемелік кабинетінің меңгерушісі.