"КЛЕЙ ИІСКЕЙДІ": ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДА БОЛҒАН ЖАҒДАЙ ЖАҒА ҰСТАТТЫ

Уақыты: 14.01.2020
Оқылды: 3954
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы облысының Ескелді ауданында тағы шу шықты. Бұл жолы "31 арнаның" тілшісі мектептегі әлімжеттік мәселесін көтерді. Аудан орталығы - Қарабұлақ ауылында орналасқан Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясында жоғары сынып оқушылары желім иіскеп, өздерінен жасы кіші балаларға қоқан-лоққы көрсеткен. Мектеп маңындағы дүкен сатушысы да оқушылардың жиі желім сатып алатынын растап отыр.

Аталған мектептегі жоғары сынып оқушыларының желім иіскейтін ерсі әрекеті көпшіліктің жағасын ұстатты. Оларға қатысты: "Пакеттің астын "бабочка" жасап алады да, иіскеп, үрлейді. Сосын не болады? Сосын "қуады". Бастары айналып жүреді арақ ішкен адам сияқты. Қинады. Отырғызып, "преседание" бәрін жасатты. "Отжимание" жасатты, жүгір деді. Содан кейін қайта отырғызды, қайта жасатты. Бізден ақша сұрайды", - дейді аталған мектептің 7-сынып оқушысы.

Бұл - әлімжеттік көрдім деген жалғыз оқушы емес. Оның сыныптасы да 11-сыныптың балалары дүкенге желім алып келуге жіберіп, көздерінше оны иіскеп, айтқандарын жасататындарын жеткізді. Ал жоғары сыныптың оқушылары бұл балалардың сөздерін жоққа шығарды. Олар: "Желімді мүлдем иіскеп көрмегенбіз, ақша сұрамағанбыз, әлімжетттік көрсетпедік, барлығы жала. Керісінше, әлімжеттік көрдік деген оқушылар «ФриФайер» деген ойын ойнайды, ақшаны сонда жұмсайды", - деп 7-сынып оқушыларының өздерін айыптады.

Баласының жоғары сынып оқушыларынан зәбір көргенін айтқан Бағлан есімді ата-ана:

- Менің көкейімді тесіп бара жатқан - балама жасалған "издевательство". Сендер ойлайсыңдар ма, мынаның күйеуі жоқ, баласына "издевательство" жасауға болады деп?! Мұны қоймаймын мен. Әділет министрлігіне дейін, Білім министрлігіне дейін жазамын мен", - дейді ашынып.

Ескелді ауданының орталығы - Қарабұлақ ауылындағы дүкен сатушысы "Супер монолит" желімін мектеп оқушылары жиі сатып алатынын растап, мән-жайды айтып берді. Бірақ бұл жөнінде аты-жөнін көрсетіп, сұхбат бере ала алмайтынын жеткізді.

Ал айғай-шу болып жатқан Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің директоры Әкімбек БҰЛДАХАНҰЛЫ мұндай сұмдықты бірінші рет естігенін айтты. "Бірінші рет естіп отырмын. Клей иіскеу, ондай жағдай жоқ. Бізде бәрі тәртіп", - дейді ол.

Ал балаларымның тағдырына алаңдаймын деген ата-ананың бірі үш баласын да басқа мектепке орналастыратынын айтып, бірден кітаптарын өткізуге кірісті.

Ескерте кетейік, мұның алдында Ескелді ауданында көмекке мұқтаж аналар жәрдемақыға байланысты шу көтеріп, жанайқайларын жеткізген еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Ескелді ауданы

Алматы облысы